Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Жаңбыр адамы» алаяқ па, әлде Аралды құтқарушы ма?

«Жаңбыр адамы» алаяқ па, әлде Аралды құтқарушы ма?
Ашық дереккөз
Шіліңгір шілдеде еліміздің кейбір облысында апталап жаңбыр жауып, көпшілікті таңғалдырды. Түске дейін мүйіз, түстен кейін киізге айналатын құбылмалы ауа райы шаруаларға қолайсыз болып тұрғаны рас. Тіпті күні кеше Сарысу, Қордай аудандарында толассыз жауған жаңбырдың арты селге ұласып, халықты әбігергені салғаны бар. Шілдедегі түсініксіз құбылысты әлеуметтік желідегілер ел арасында «Жаңбыр адам» атанып кеткен Алтай Айнабектің әрекетімен байланыстыруда.

Ғалым жаңбырды шақыру әдісін атмосфераға бірыңғай иондар жіберіп, жерден көтерілетін ауа ағымын тудырып, табиғи процесстердің имитациясын жасаймын деп түсіндірді. Атмосфералық қысым төмендеген жерге мұхит акваториясынан ылғал келеді екен. Айтуынша, жаңбыр жаудыратын құрылғысы патенттелген. Арнайы технологиямен бұлттарды шақырып, жаңбыр жаудырған өнертапқыштың жұмысы нәтижесіз емес.Бұл жайлы жоба авторы өзінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында бөлісіп отырады.«Қазірдің өзінде Арал теңізінің аумағында жауын-шашынның бір жылдық нормасы жауды. Шіліңгір шілдеге қарамастан аумағы 68 мың шаршы шақырым болатын теңіз табанына жауған жауын-шашынның мөлшері 100 миллиметрге жуықтады. Ол шамамен 6-7 текше шақырым суға тең. Жылдағыдай дәл осы маусымда аймақта қуаңшылық болжанғанын ескерсек, жауын-шашынның бір жылдық мөлшерінің түсуін рекордтық көрсеткіш деп атауға болады. 

Ал жұмысты бастар алдында ескерткендей, периферияда да жауын болады. Өйткені, жауынды Арал теңізінің үстіне локализациялау этапына өткен жоқпыз. Ол кезде нәтижелер бұйырса тіпті керемет болайын деп тұр. Біздің жағдайда периферия деген – Аралға су құятын Сырдария мен Әмудария өзендері және басқа аймақтар. Жерасты су деңгейі де артуда. Көрші елдердің бұрынғыдай Аралға суды қысып беруге де мүмкіндігі болмай отыр.Жақында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі арнайы Қызылорда облысына келіп «Солтүстік Аралға құйылатын су көлемі 12,5 есе артты», деп мәлімдеді. Меніңше ол әлі де аз көрсеткіш. Су одан да көп келеді. Өйткені, соңғы жауындардың суы әлі Аралға жетіп үлгерген жоқ.Осы орайда бір нәрсені айтқым келеді, жобаның басталу уақытын біз белгілеген жоқпыз. Су ресурстары және ирригация министрлігі болжам бойынша жауын аз болатын кезеңді таңдады. Сондай-ақ бірінші этаптың аяқталу уақытын да аталған министрлік шешеді. Біздің ойымыз бен әрекетіміздің барлығы – бұлт және жаңбырмен Аралға су құю ғана, – деп жазды ол желідегі парақшасында.

«Желіде «жауын Алланың қалауымен ғана жауады, жасанды жаңбыр жауғызу шариғатқа қайшы» деп Алтай Айнабектің әрекетін сынағандар да жоқ емес. Алайда Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының сайтында жасанды жолмен жауын жаудыру туралы мынандай жазба бар: «Құранда жауын-шашынның Алланың қалауымен ғана жауатыны баяндалған. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Расында, қияметтің қай уақытта орнайтыны бір Алланың құзырында және жаңбырды да (қалған уақытында, қалаған жеріне) Өзі жаудырады», деген («Лұқман» сүресі, 34-аят).Алла Тағала әлемдегі барлық құбылысты себеп-салдар заңдылығына тәуелді еткен. Жаңбыр жауудың да себептерге байланысты екені мына аятта былайша баяндалған: «Алла әуелі желдерді естіреді, сөйтіп (Оның құдіретімен) ескен желдер бұлттарды қозғалысқа келтіреді. Содан Біз ол бұлттарды өлі мекенге қарай айдап әкетеміз. Өлі жерді осылайша қайта тірілтеміз» («Фатыр» сүресі, 9-аят).Қазіргі таңда ғылым мен техниканың жедел дамуының нәтижесінде жаңбырды жасанды жолмен жаудыруға да қол жеткізілді. Яғни жауын-шашын жаууы ықтимал аймақта арнайы технологияның көмегімен химиялық заттарды бұлттарға себу арқылы жаңбырды нөсерлетіп жаудыруда.

Бұл тәжірибе кейбір елдерде іс жүзінде жүзеге асырылуда. Жасанды жауын жаудырудың түпкі мақсаты – қуаңшылықтың алдын алу.Сондықтан себептерге сүйене отырып, арнайы технологияның көмегімен желді және бұлттарды бағындырып, жаңбыр жаудырудың шариғатқа қайшылығы жоқ. Алайда жасанды жауын жаудыру барысында тек себептермен шектелмей Алланың қалауымен жүзеге асатынын ұмытпау қажет. Мұнымен қоса жасанды жауын жаудыру қоршаған ортаға, адамдарға, жануарларға зиян тигізбеу керек. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Өзіңе де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды» (Ибн Мажә) деген. Сондай-ақ жаңбыр жаудыруға байланысты шариғатта көрсетілген дұға ету, истисқа (тасаттық) секілді себептерді де ескерген жөн».Жалпы жасанды жауын жауғызу шарасы бұған дейін алпауыт елдерде жүзеге асқан болатын. Мәселен өткен жылы дәл осы уақытта Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясында жасанды жолмен жауған жаңбыр соңы су тасқынына ұласқан еді. Синоптиктер қолайсыз ауа райы ғалымдар электр зарядтары арқылы жаңбыр жаудыру үшін аспанға дрондар жібергеннен кейін орнағанын айтады.

Әлеуметтік желіде Алтай Айнабектің жобасына қатысты түрлі пікір айтылуда. Осы орайда әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы Рүстем Әшетаевтың пікірі ой саларлық. Ол «Қазақстанның жаңбырлы ел болуы кімдерге зиян?» деген сауалдың төңірегінде біраз тұщымды ой қозғап, сараптама жасайды.«Қазіргі «Жаңбыр адамы» атанып кеткен Алтай Айнабек деген жігітке байланысты ештеңе айта алмаймын. Оны алаяқ деп көрсетіп, тарихын қазбалап жатқандар бар екен. Оған өзі жауап бере жатар.Бұл жігітке байланысты өз ұстанымым – бастысы әлемде осындай технология бар екенін елге жеткізді. Ол арқылы еліміздің тозып жатқан миллиондаған гектар жерін қалпына келтіруге болатынын түсіндірді. Ешкімді алдап кеткен жоқ. Үкіметтен 36 миллиард теңге сұраса, ол соншалықты қыруар қаржы емес. Көп болса қазіргі 3-4 мектептің қаржысы. Егер Үкімет оған сенбесе, қаржысын беріп, арнайы комиссия құрып, жұмысын қатаң бақылауға алсын.

Одан кейін жаңбырдың жиі жаууы шаруаға қолайсыз болып жатыр деп жатқандар да бар. Оларға айтарым – жасанды бұлтты жасағандай, бұлттарды ыдырататын да технологиялар бар. Керек жерге барынша бұлтты сығып алатын да технологиялар бар. Бірақ ол үшін «Байрактар» секілді дрондарды ұшыратын аэродромдар керек әр жерден. Метеостансалар мен Ауылшаруашылығы министрлігінің қай жерлерде қандай дақылдар егілгендігі мен оларға қай кезде жаңбыр керектігі жайлы мәліметі керек. Соған байланысты кестесі қажет. Мұның бәрі Үкімет араласпай бітпейтін тірлік» дейді ол өз жазбасында.Халықаралық сарапшылар Алтайдың Аралды құтқару және шөлейттенудің алдын алу бағытында қолға алған жоспарлы жұмыстары оң нәтижесін беретініне сенімді. Ең бастысы, мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде қолдау көрсетілсе болғаны.Жаңбырды жауғызуға жеткен ғылымның құдыреті, қарды да жауғызып, дауылды да қолдан тұрғызбасына кім кепіл. Оны уақыт көрсетер.

Айжан Өзбекова
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар