Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Байзақтың жазығы - егіс, құмы - өріс

Байзақтың жазығы - егіс, құмы - өріс
Ашық дереккөз
Қай өңірдің де өзіндік ерекшелігі болатыны әлімсақтан белгілі.Терістікте Мойынқұм, оңтүстігінде Қырғыз Алатауына дейінгі аумақты алып жатқан Байзақ ауданының ауа райының, алуан реңді табиғат көріністерінің, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің облыстың өзге аймақтарына қарағанда өзгешелігі де көп.

Қысы жұмсақ, жазы ыстық, ал құмды өңірлері аңызақты болып келетін ауданның аумағы 4,5 мың шаршы шақырымды құрайды. Жерінің басым бөлігі жазық болып келеді. Оңтүстігін таудың аласа қыраттары мен қырқалары, ал солтүстігін Мойынқұмның шағылды құм белдеулері алып жатыр.Ағынды Талас өзені – Байзақ ауданының басты су қоры. Сонау ерте замандардан бері елдің ырысы, жердің көгерісі болып келеді.

Атақты Майкөт ақын Құлмамбет ақынмен айтысқанда:

«Талас, Аса екі өзен,
Ат бауырынан саз алған,
Балдырғанын жегенде,
Баланың көңілі мәз болған» деген екен. 

«Балдырған» деп мұнда Таластан тоған тартып, жер емген ел өсірген алуан түрлі жеміс-жидек, көкөністерді айтқаны түсінікті.«Сулы жер – нулы жер» деген қанатты сөз бар. Көнеден жеткен тағы бір мәтелде «Отын – олжа, су – байлық» делінеді. Атадан балаға ауысып, бүгінге жеткен аңыздарға сүйенсек, сонау замандарда Абылай ханның атақты батыры, көп жасаған абыз-әулие Мәмбет Күнбасұлы мен оның ұлы Байзақ батыр ғана емес, өз дәуірінде ел қорғаны болған өзге де бабаларымыз туған жерінің көркі таймай, кейінгі ұрпаққа көкмайса күйінде жетуін ойлап өткен. «Елім бай болсын десең, жеріңнің бабын тап» деген қағиданы ұстанған.Тоғандар қаздырып, Таластың суын топырағы құнарлы қырға жеткізген. Сол тоғандар әлі күнге қаншама халықтың игілігіне жарап келеді.

Айталық, Талас өзенінің ауданның аумағынан өтетін арнасының сол жағынан – «Айтымбет», «Медеу», «Күнту», «Сатыбалды», «Өтеміс», «Сеңкібай», «Белқожа», ал оң жағынан «Байзақ», «Темірбек», «Базарбай», «Төрекелді», «Сәмбет» және тағы да басқа тоғандар тармақталып жатыр.Бұлар ең ірілері.Тоғаны осындай көп ауданда айдынында ақ шабақтар ойнап жататын үлкен көл жоғы рас.

Бұл олқылықтың орнын ойдым-ойдым қарасулар, адам қолымен жасалған суқоймалары мен тоспалар толтырады. Қамысты, қоғалы, балдырлы болып келетін олардың саны да едәуір. «Шәлке», «Көшеней», «Қарабақыр», «Қарынжарық», «Темірбек» болып кете береді. Сонау бір жылдары су деңгейін көтеру үшін Талас өзеніне салынған Темірбек бөгеті ауданның ең бір көрікті, жұмаққа теңеуге тұрарлық мүйісі саналатын.Кеуде кеңітер таза ауасы, шілдеде көлеңкесіне жан-жануар үйірілетін, діңіне адамның құшағы жетпес биік те иір бұтақты қара ағаштары, балығы шоршып ойнаған көгілдір айдындары, желмен тербелген ну қамысы, қызыл қырғауыл өрген алаңқайлары...Ауданның көрікті мүйісі «Темірбек» бөгетімен ғана шектеліп қалмайды.

Батыр әрі әулие Мәмбет Күнбасұлының жаз жайлауы, қыс қыстауы болған, оның ұлы Байзақ батыр дүние есігін ашып, балалық шағын өткізген қасиетті мекен Алмалы да атына заты сай өңір. Көктем мен жаз айларында, табиғаттың тамылжыған шағындағы көркі де ерекше.Ерте замандардан бері жабайы жеміс ағаштарына тұнып тұрған жердің адамды баурап алатын қасиеті бар. Ал қойнауы толы қазыналы өңір дегенде еске түсетін төсінде Қобыланды батырдың тұлпары Тайбурылдың ізі қалды делінетін Кіші Бурыл тауынан қазіргі Тараздың Әулиеата атанған кезінде-ақ құрылысқа қажет тақта тас (плитняк) пен шойтас (бутовой камень) қазып алынып келген.

Көктемде көгі көкке ұмтылатын, төсіне төл үні тұнатын Көделі көктеуін шопандардың төріне теңейді. Жайылымдағы малдың бәрі сүйсіне жейтін көдесі қандай. Аруақты Сеңкібай батырдың кіндік қаны тамған, малшылар дүбірлі жиындарын өткізіп, бәйге аттарының бағын сынайтын Шәлке жазығы да көктемгі көркімен танымал.Туған жер төсіндегі табиғаттың тағы бір кереметі – Талас өзенінің арнасы Сарыкемерден өткен соң ел «Байзақ сөрісі» атайтын биік төбенің тұсында сәл бұрылыс жасайды да одан әрі қарай тоғыз тарауға бөлініп кетеді. Олардың шығыс жақ шеткісінен Байзақ тоғаны бастау алады. «Ырыс көзі –ылғал» демекші, Талас өзенінің суы үлкенді, кішілі тоғандармен, арықтармен жеткен алқаптарда өспейтін өсімдік, егілмейтін дақыл жоқ деуге болады.

Көктемдегі ғұмыры қысқа ұшпалы шөптерді санамай-ақ қойсақ, аса құнарлы келетін бидайық, ажырық, боз жусан, көде, раң, қырықбуын, лақса, қараөлең... тағысын-тағылары жауын-шашын мол түскен жылдары шалғынның шұрайын келтіреді. Ағаш түрлерінен қайың, арша, жабайы тал, тораңғы, сәмбі тал, жиде, алма ағашы, тағы басқалары өседі. Теріскені мен изені қалың өңірлер де аз ұшыраспайды.Табиғаты қолайлы, топырағы құнарлы ауданда жалғыз қант қызылшасы емес, өзге де ауылшаруашылығы дақылдарынан мол өнім ала білген ерлер қатары қалың еді. Кезінде мақта мен кендір де егілген. Қалаға таяу орналасқан бір кезгі «Ровный» кеңшарының жылыжайында қауын ағашы өсірілгенін де жазғанымыз бар. Қыша дақылынан да тәп-тәуір өнім ала білген диқандарды да білеміз.

Тәлімі өңірлерде тары еккендер де пайдасын көретін.Ежелден-ақ аудан жерін жазықтық және құмды аймақ деп екіге бөліп атау қалыптасқан. Теңіздің тына қалған майда толқындарына ұқсайтын құм жоталарынан тұратын аймақтың жазы ыстық, ал қысы қоңыржай келеді. Осыдан да мал қыстатуға өте қолайлы. Бүгінде Байзақ ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің жалпы ауданы – 221 640 гектар. Мекеме Бескепе және Талас атты екі орманшылықтан тұрады. Бескепе орманшылығының жалпы көлемі – 143 656 гектар болса, Талас орманшылығының жалпы көлемі – 77 984 гектар. Сондай-ақ «Бағара», «Ақжар», «Темірбек», «Домалақкөл», «Желтоған», «Қарабақыр», «Көлқайнар» аталатын жеті аңшылық шаруашылығы жұмыс істейді.

Орманды құрайтын негізгі ағаш түрлеріне қара сексеуіл, ақ сексеуіл, қарағаш, жиде, жүзген, қоянсүйек, тағы басқалары жатады. Сусыз жерде жақсы өсетін сексеуілдің тамыры төменге бойлап кетеді де, жердің төмен қабатындағы ылғалды еркін пайдаланады. Осы қасиетін жақсы білген ілкімділер құм қарбызын өсіреді.Жыңғыл, жусан, сораң, алабота қалың өскен өңірлерде құм қояны көп өседі. «Болады қоян сойса бір асым ет» дегенді әрі атып алғанда сорпасы бал татитынын білетін аңшылар оны аулауға ерекше құмар. Ғалымдардың зерттеуінше, құм өңірлерінде тұщы судың үлкен қоры бар. Мұны шұраттарды сәл ғана қазғанның өзінде су шығатынынан байқауға болады.

Осының арқасы құм шұраттарындағы өріс оты жауын-шашынды жылдары өте шүйгін келеді. Тағы бір ерекшелігі құмдағы шұраттарды 0,5-2 метр тереңдетіп қазсаң болды, тастай әрі мөп-мөлдір су шығады. Ұжымшарлар мен кеңшарлар таралмай тұрған кезде ауданға қарасты «Еден», «Есқара», «Түлей» деп аталатын құм өңірлерінде малшылар штабтары жұмыс істеп, өмір қыз-қыз қайнап жататын.

Жазықта халық тығыз орналасқандықтан әрі елді мекендердің арасы жақын болғандықтан жабайы аң-құстар негізінен құмды өңірлерде ұшырасады. Байзақ ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің деректеріне сүйенсек, ауданның орман қоры аумағын аң-құстардың 20-дан астам түрі мекендейді. Олардың арасында Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енгізілген, қорғауға жататын қарақұйрық, қарабауыр бұлдырық, қарақұс, ителгі, көкқұс бар. Сондай-ақ, бұларға қоса жабайы шошқа, борсық, қасқыр, түлкі, қоян, қырғауыл, шіл, жабайы үйрек, ондатр, қасқалдақ тіршілік етеді.

Су айдындарында балықтың шортан, табан балық, сазан, жыланбас, мөңке секілді түрлері бар. Тіпті, құмдағы «Алаңбай», «Аяқкөл», «Арғынқамалған» деп аталатын, көктемде арнасы толатын шағын көлшіктерде қармақ салып, балық ұстауға болады.Қызығы сол, «Қырғауылды», «Қарғалы», «Жыланды», «Шошқа өлген» деген жер атауларына қарап қандай аң-құс пен жәндік мекендейтінін білу қиын емес. «Жолбарысты» аталатын шұрат та бар. «Жеріңнің аты – тарихтың хаты» деген.

Ерте заманда аудан аумағында жолбарыс мекендегеніне күмән жоқ. «Сазды балақ дала», «Жиделі», «Жапырақты», «Сарысулы» деп жер бедерінің ерекшелігін айтып тұрған атаулар да кездеседі. Тізе берсек, туған жердің табиғатына қатысты деректер жетерлік.Жазығы – егіс, құмы өріс болып келетін, халық тығыз орналасқан ауданның артықшылықтарына сулы, нулы екендігіне қоса қалаға жақындығы да қосылатынын жоққа шығаруға болмас. Әйтсе де, ең бастысы отыздан астам ұлт өкілдері ынтымақта өмір сүріп, еңбек етіп жатқан Байзақ жерінің ежелден-ақ құт дарыған, қаншама тұлғаларды түлетіп ұшырған көкорайлы, көрікті, келешегі жарқын өңір екендігінде.

Тұрсынхан Толқынбайұлы,
ардагер журналист,
ауданның Құрметті азаматы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар