Баяндамашы департамент өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша заңсыз бағаны көтеру фактілерімен күресу жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті. Сауда қызметі саласында департаментке 83 жазбаша өтініш түскен.
– Тұтынушылардың шағымдарының негізгі саласы – бөлшек сауда. Нақты айтар болсақ, 210 шағым (47,2 пайыз) түсті. Бөлшек саудаға байланысты шағымдарда сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту басым.Одан кейін күнтізбелік 14 күн ішінде тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту деректері де аз емес.
Электрондық сауда саласындағы шағымдар саны өткен жылдың тиісті кезеңінде 48 шағымды құраса, 2024 жылдың 6 айында 73 шағымды құрап, 52,0 пайызға өскен. Шағымдардың бұл түрі тұрмыстық қызмет көрсету және тұрмыстық қызмет шаруашылығы бойынша өтініштер санынан озып, екінші орынға шықты.
Есептік кезеңде департаментке келіп түскен өтініштердің 313-і толығымен қанағаттандырылып, тұтынушыларға 13,7 миллион теңге қайтарылды. 140 тұтынушы өздерін қызықтырған мәселелер бойынша түсініктеме алды. Сонымен қатар 47 өтініш құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органдарға жіберілді, 7 өтініш жұмыс үстінде.
Осы кезеңде облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушылардың өтініштері бойынша бизнес субъектілеріне жоспардан тыс 68 тексеру жүргізді, – дейді Байқадам Еркінбекұлы.
Тексеру нәтижесінде 58 бұзушылық анықталыпты. 45 ұйғарым енгізіліп, құқықбұзушыларға ескерту түрінде 44 әкімшілік жаза және жалпы сомасы 544 570 теңгеге айыппұл түрінде 7 жаза қолданылыпты. Сонымен қатар, 7 субъектіге 1 576 484 теңге сомаға тексеру жүргізбей айыппұл салынып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 4 тексеріс тараптардың келісімімен аяқталған.
Э.Тілеубердіқызы