Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Жасыл ел» жасағы – жасампаз істердің жаршысы

«Жасыл ел» жасағы – жасампаз істердің жаршысы
Ашық дереккөз
Жастар – ұлт келешегі, қоғамның айнасы. Жастарға қарап ертеңгі күннің, болашақ қоғамның қандай болатынын болжаймыз. Сондықтан да жастарды қолдау, жұмыспен қамту – өте маңызды мәселе. Осы орайда 2005 жылы Астана қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының республикалық штабы құрылып, елiмiздiң барлық облыстарында филиалдары ашылған болатын.

Міне, сол кезден бастап елімізде «Жасыл ел» бағдарламасы жүзеге аса бастады. Бүгінде республика жастары бағдарламаның іске асуына барынша атсалысуда. Жалынды жастардың көмегімен баянды бағдарлама осы күнге дейін жақсы нәтиже көрсетуде. Жалпы бағдарламаның негiзгi мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді мекен айналасын жасыл ағаштармен көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, туған жерге деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту.

Облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Ұлана Сламбекованың айтуынша, жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Жасыл ел» бағдарламасына биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 173,5 миллион теңге қарастырылған. Осылайша 2 000 жасты маусымдық жұмыспен қамту жоспарланған.

Қазіргі таңда Тараз қаласы мен аудандарда 1 121 жас маусымдық жұмыстарға тартылған.Бүгінге дейін жастардың күшімен 966 900 шаршы метр аумақ тазаланып, 81,2 тонна күл-қоқыс шығарылған. Сонымен қатар 494 қураған ағаш кесіліп, 4 354 ағаш көшеті отырғызылған.Еңбек жасақтары елді мекендер аумағында, Тараз қаласындағы саябақтарды және шағын аудандардағы аулаларды, көшелерді, арық жүйелерін, каналдарды күл-қоқыстардан тазартып, тал-дарақтарды әктеп, көгалдандыру, сырлау жұмыстарын жүргізуде.Облыстық жастар ресурстық орталығының медиа және қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Мәлік Бибінұрдың айтуынша, «Жасыл ел» еңбек жасағы Тараз қаласында жұмысын сәуір айында бастаған.

– Биылғы еңбек маусымы жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен тұспа-тұс келді. Сондықтан тазалық жұмыстарының маңызы мен мазмұны өзгерді. Жастар міндеттеріне екі есе жауапкершілікпен кірісті. Нәтижесінде осы уақытқа дейін бірқатар ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды.

Мәселен жұмысшы жастар «Киелі мекен» акциясы аясында «Тектұрмас» тарихи-этномәдени кешенінің, «Қарахан» кесенесінің, «Әулие бастау» бұлағының аумағында абаттандыру жұмыстарын жүргізді.«Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, қазақ халқы қашанда қариясына ізет пен құрмет көрсеткен.

«Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында «Жасыл ел» еңбек жасақтары қарттар үйінің ауласын тазалап, шаруашылық жұмыстарына көмек керсетті.Тараз қаласының тұрғыны, жалғызбасты зейнеткер Тамара Александровна апамыздың ауласында тазалау жұмыстарын жүргізіп, ақ батасын алды.Сонымен қатар Талас өзенінің аумағында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында сенбілік ұйымдастырылды.

Тазалық жұмыстарында еңбегімен ерекше көзге түскен жастарымыз да аз болмады. Атап айтатын болсақ, Бинұр Жандарұлы, Қайырхан Әубәкір, Қанат Жетібай, Жасмин Бектембай, Рахманберді Ерболғанұлы сынды ұл-қыздардың ісі көп жастарға үлгі. Сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары, белсенді студенттер Алинұр Құрамыс, Сұңғат Абай, Жанерке Алпысбай, Жалғас Оразбек, Нұрасыл Мырзахалы, Бекнұр Мәлік, Самал Жұмаділданың еңбектері жоғары бағаланды. Аты аталған жастарымыз 3-5 шілде аралығында облыстың 85 жылдығына орай облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Т.Рысқұлов ауданы, «Тауқымыз» демалыс аймағында өткен «BOLASHAQ JASTAR QUATY – 2024» атты лагерьге қатысты, – дейді Бибінұр Сәкенқызы.


Ал Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Абзал Есіркеповтің айтуынша, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. – Бүгінде көне шаһар тұрғындарының жалпы саны 431 166 адамды құраса, 120 902-сі 14 пен 35 аралығындағы жастар. Яғни қала халқының 28,04 пайызын жастар құрап отыр.Биыл бағдарлама шеңберінде 190 жас жұмыспен қамтылды. Күніне 8 сағаттық уақытша жұмыспен қамтылатын жастардың бір айлық жалақысы 85 000 теңгені құрайды. «Жасыл ел» еңбек жасақтарына 16 жастан бастап жұмысқа қабылданады. 18 жасқа дейінгі жастар ата-аналарының рұқсатымен қабылданады, – дейді Абзал Есенұлы. 

Орталық директорының сөзіне сүйенсек, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары саябақтарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, Ы.Сүлейменов, Желтоқсан, Б.Майлин, Қ.Тұрысов көшелеріндегі ағаштардың жабайы бұтақтарын кесіп, арықтарды қоқыстан тазартуда. Сол сияқты «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қаланың бірқатар аумағында тазалық жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, «Мамыр» саябағында санитарлық-тазалық жұмыстары атқарылып, күл-қоқыстан, жабайы шөптерден тазалау, тал балақтау сияқты жұмыстар жүргізілген.

Сондай-ақ Б.Момышұлы көшесінің бойындағы аялдамаларды сырлау, жуу жұмыстары ұйымдастырылып, «Ұлы дала» ықшамауданында тұрғындардың қатысуымен «Біздің аула» акциясы өткізілген.
Шаһардың шырайын ашатын жұмыстарға белсене атсалысып жүрген «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбазы Шарбану Ынталы қоршаған ортаны қорғау, тамыры терең қаламызды таза ұстау әрбір адамның басты міндеті деп санайды.

– Тараз – көне дәуірлердің естелігі, адамзат мәдениетінің биігінде айтарлықтай орны бар шаһар. Сондықтан 2000 жылдан астам тарихы бар өлкеге арнайы ат басын бұратын туристердің саны көп. Мұндайда қонақтарға керемет әсер қалдыру үшін қаланың құлпырып тұрғаны жақсы. Бұған бәріміз өз үлесімізді қоса аламыз. Осы мақсатта мен 3 жылдан бері «Жасыл ел» еңбек жасағында жұмыс істеп келемін, – дейді жас сарбаз Шарбану Жамбылқызы.


Сондай-ақ Шарбану сияқты жастар жасөспірімдердің жазғы демалыстарын көңілді өткізу үшін волонтерлік жұмыстарға белсене атсалысуда. Нақтырақ айтқанда, орталыққа қарасты 5 аула клубы жасөспірімдерге арналған түрлі үйірмелер бойынша жұмыс атқарады. Мәселен «Азимут» аула клубында 4 үйірме, «Арай» аула клубында 4 үйірме, «Бәйтерек» аула клубында 5 үйірме, «Қабілет» аула клубында 5 үйірме ашылған. «Балауса» аула клубы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға басымдық берген. Сондай-ақ жастар мен жасөспірімдер арасында волонтерлікті дамыту мақсатында жастар ресурстық орталығы 7 бағыт бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде.

Дегенмен қалада еңбексүйгіш жастардың қатары көп болғанымен, өкінішке қарай жұмыс істемейтін, еш жерде білім алмайтын жастардың қатары да аз емес. Мәнді мәселенің алдын алу үшін Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері тиісті жұмыстарды атқаруда.Жұмыс істеуге құштарлықтың азаюының тағы бір себебі – диплом алған түлектер көп жағдайда жұмысқа орналасу, тұрақты жұмыс табуда қиындықтарға тап болып жатады. Қалада тіркеуге тұрмаған, жалдамалы пәтерде күн кешетін, білім алуға мүмкіндігі жоқ жастардың қарасы аз емес.

Еңбек нарығында кейбір мамандықтарға сұраныстың жоқтығынан білімді жастар қара жұмысқа жегіліп жатыр. Айталық, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы тарапынан Тараз қаласы бойынша 11 228 NEET санатындағы жас анықталып, әлеуметтік портреті әзірленіпті. Бүгінгі таңда «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі базаға 11 228 жас енгізілген. Қалған NEET санатындағы 23 жаспен жұмыс жүргізілуде. NEET санатындағы жастар мен жас отбасыларға еңбек нарығының қажеттіліктері туралы хабардар ету мақсатында жастар ресурстық орталығы тарапынан 41 іс-шара ұйымдастырылған. 

Осы орайда жастарды еңбекке баулу мәселесі бойынша қала тұрғындарын да сөзге тартып едік. Олардың пікірінше, жастарды еңбекке бала кезден баулу керек екен. – Біз бала кезімізден үйдің бітпейтін тіршілігімен айналыстық. Оқуға түсе алмай қалған жылы кеңшарға келіп, қой бордақылауға көмекші болдым. Себебі ата-анамыз адал еңбек етуді үнемі есімізге салып отыратын. Адал жолмен келген нанның дәмі қашанда тәтті. Жұмыс ең әуелі бізді тұрақтылыққа, жауапкершілікке жетелейді.

Өйткені жұмыс істемеген адам жақсы тамақ ішпейді, жақсы көлік мінбейді, жақсы киім кимейді. Меніңше, өмірі бос өткен адамдар – ең бақытсыз адамдар. Жоғарыда айтқанымдай, еңбек ете жүріп жоғары оқу орнына дайындалып, өзім қалаған мамандыққа оқуға түстім. Сөйтіп оқуымды жақсы бағамен бітіріп, мамандығым бойынша еңбек етіп, қазір бейнетімнің зейнетін көріп жатырмын.Бәрімізге мәлім, бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүзеге асуда.

Бұл жоба өз кезегінде қаламыздың көркіне көрік қосатын көп істің қолға алынуына мұрындық болады деп сенемін. Көшеде немесе саябақта серуендеп жүріп, осы бастамаға үн қосқан жастарды көріп қуандым. Қоқыс тазалап, ағаш отырғызып, қоршаған ортаны көгалдандыруға жастардың қосып жатқан үлесі мол. Атам қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген ғой. Осындай жастарымыз көп болсын, – дейді шаһар тұрғыны Гүлдариха Жаңабаева.

"Бір тал кессең, он талек" деп ата - бабамыз бекер айтпаса керек. Жасыл желек - жан саясы. Қай дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі жоғары, сондай - ақ жастардың жұмыла қатысумен кез келген істі шешуге болады.Біздің жастар де еліміздің гүлденуі үшін, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін аянбай еңбек етіп келді.Осы тұстар "Жасыл ел" - жастарды жарқын істерге жұмылдыру мектебіне айналып отырғанын сеніммен айта аламыз.

Ақтоты Жаңабай 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар