Кеңес отырысына партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Гүлмира Базарханова, «Садыхан» ЖШС дәріханасы Тараз қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Шара Абдиева, «Зерде-Фарма» ЖШС дәріханасының облыс бойынша басқарушы директоры Айнұр Садықова қатысты. Сонымен бірге, Тараз қаласы әкімдігі, аудан әкімдігі білім бөлімдерінің басшылары «ZOOM» платформасы арқылы онлайн байланысқа шықты.Кеңес төрағасы Махметқали Сарыбековтың айтуынша, облыста биыл балаларға арналған 12 сауықтыру лагерінің жетеуі жұмыс істеуде. Облыс әкімдігі білім басқармасының мәліметінше, бірінші ауысымдағы жазғы лагерьлер маусым айынан бастап жұмыс істей бастаған. Назар аударатын мәселе – облыста балалар лагері жетіспейді.
– Сол лагерьлердің басым бөлігі өткен ғасырдың 60-70 жылдары соғылғандықтан тозығы жетіп тұр. Материалдық-техникалық базалары жаңартылмайды. Балалардың жазғы демалыспен қамтылуы туралы статистикада білім басқармасы мектеп жанындағы лагерьлерді жазғы лагерьлер деп есептейді. Бұл жоқтан бар жасау деген сөз. Сауықтыру лагерьлеріндегі әрбір баланың қауіпсіздігін, олардың құқықтарының қорғалуы мен сақталуын қамтамасыз ету – басты міндет. Дегенмен, бірқатар келеңсіздіктерге жол берілуде. Мысалы кеше ғана әлеуметтік желіде «Берікқара» лагерінде демалушы балаларға әжетхана жуғызғаны туралы ақпарат шықты.
Балалар мұндай жазғы демалыс орындарында алаңсыз тынығып, жаңа оқу жылына тың күшпен келудің орнына түрлі келеңсіздікке ұшырап жатқаны өкінішті.Санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі нормалары барлығында бірдей сақтала бермейді. Спорт және ойын алаңдары да қауіпсіздік талаптарына сай емес. Айта кететін жәйт, «AMANAT» партиясының Жол картасында 7 қала сыртындағы балалар сауықтыру лагерін салу көзделген, –деді Махметқали Нұрғалиұлы.
Өз кезегінде облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, облыс бойынша жазғы демалыс кезінде түрлі іс-шаралармен 192699 баланы қамту жоспарланған.Оның ішінде көпбалалы, аз қамтылған отбасының 7454 баласын қала сыртындағы сауықтыру орталықтары мен лагерьлерде және мектеп жанындағы тамақтандырумен ұйымдастыратын лагерьлерде аталған санаттың 36 259 баласын қамту қолға алынып отыр. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 658 миллион теңге қарастырылған. Оның ішінде мектеп жанындағы тамақтанумен жұмыс істейтін лагерьлерге 181 миллион 300 мың теңге бөлінген.
– Жұмысты сапалы ұйымдастыру мақсатында «Жазғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған ведомствоаралық іс-шаралар жоспары» бекітілген. Жазғы сауықтыру науқанын ұйымдастыру бойынша облыстық жұмыс штабы тұрақты мониторинг жүргізуде.Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру мәселесі апта сайын Үкімет отырысында қаралып, хаттамалық тапсырмалар берілуде, – деген басқарма басшысы әрмен қарай лагерьлерде ұйымдастырылған іс-шараларға тоқталды.
Бұдан бөлек жиында балалардың қауіпсіздігі, лагерьлердегі тазалық, жастардың тәрбиесі жайлы да айтылды.Келесі кезекте баяндама жасаған ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті облыс бойынша департаментінің басшысының орынбасары Гүлмира Базарханова биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап елімізге әкелінген және ел аумағында өндірілген дәрілік заттарды міндетті таңбалау жұмыстарына тоқталды.Отырыста талқыланған мәселелерге қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды. Ұсыныстардың барлығы кеңес отырысының хаттамасына енгізіліп, тиісті орындарға жолданатын болады.
А.Орынбасарқызы