Шыны керек, қазір ештеңеге таң қалмайтын болдық. Дегенмен, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Заман қанша өзгерсе де әр нәрсе орнымен, өзіндік өнегесімен болғаны жөн шығар. Ол былай тұрсын той басқарып жүрген кейбір асабалар көліктеріндегі мемлекеттік нөмірге аттары мен ұялы телефондарын да жаздырып алатынды шығарды. Мейлі, есігіне немесе терезесіне жазсын. Мемлекеттік нөмір жазуға ғана арналған шағын орынға араластырып жазу деген не сұмдық? Әлде бұл өздерін жылдам жарнамалаудың жолы ма? «Бояушы десе сақалын бояпты» демекші, кім болса да ойына келгенді істеп, шектен шықпаса екен. Себебі заң да, тәртіп те бәріне ортақ. Сондықтан заңға бағынып, тәртіпке бас ию керек. Бауыржан Момышұлы айтқандай, одан ешкім құл болып қалмайды. Мұндай келеңсіз жәйттер Ата заңымызға да қарама-қайшы. Одан бөлек, мәдениет, этика деген ұғымдарды да ұмытпауымыз керек.
Бізден бұрын көліктерге нөмір беріп, заңды түрде тіркейтін арнайы орындар осыған көбірек көңіл аударса екен дейміз.Мен мұндай көліктерді еліміздің өзге де облыстары мен қалаларынан көріп жүрмін. Олармен сол аймақтың басшылары айналыса жатар. Бірақ осындай мәселелерге тосқауыл қоюды әрқайсысымыз өз өңірімізден бастағанымыз абзал.Өзінің жекеменшік көлігі болған соң іші-сыртын қалай сәндесе де, не жазса да әркім өзі білер бәлкім. Бірақ, рушылдыққа бастатып, бірлігімізге көлеңке түсіретін іс-әрекеттерді істегеннен гөрі ынтымағымызды нығайтып, рухымызды көтеретін қанатты сөздерді жазып қойсақ, көлігіміз қараңғыланып қалмайтын шығар. Қараңғыланып демекші, қымбат көлік мініп алған дөкейлердің балалары немесе кейбір шенеуніктердің өздері де терезелерін белгіленген мөлшерден асырып көлегейлеп тастайды.
Бірақ жол сақшыларының оларды тоқтатып, айыппұл салып, ең болмаса ескерту жасап жатқандарын аса бір байқамадық. Ал, қарапайым жүргізушілер солай істесе бірден шара қолданады. Сонда біздің елдегі қандай заң болсын күндерін зорға көріп жүрген қарапайым халық үшін ғана шығарылады ма, деген ой да мазалайды кейде. Ол енді бөлек әңгіме.Ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер мен түрлі тауар жасап шығаратын фирмалар, оны сататын супермаркеттер, тағы басқа арнайы орындар өнімдерін өткізу үшін және халық та оларды тез табу үшін сол тауарларды жеткізіп беретін көліктердің сыртына мекемелерінің аты мен мекен-жайларын, байланыс телефондарын жазып қояды. Оған рұқсат етілген және ондай жарнамалар ешкімнің шамына тимейді де. Сондай-ақ кейінгі кезде өзіміз көріп жүргендей жаңа туылған нәрестені перзентханадан алып шыққанда кейбір ата-аналар өздерінің көліктерінің артқы терезесіне «Қазақ еліне тағы бір ұл немесе қыз!» деп қуаныштарын бөлісіп, әсемдеп жазып қоятын болды. Оны көргенде көзіміздің де, көңіліміздің де қуанатыны бар. Тереңінен түсінген адамға бұл бір отбасының ғана емес, ұлтымыз бен бүкіл қазақстандықтардың да ортақ қуанышы деп ойлаймын. Өйткені, демографиямызға осылай оң ықпалын жиірек тигізіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Бірақ бұндай жазулардың уақыты өткенде қайтадан алынып тасталатыны заңдылық.
Енді негізгі тақырыбымызға қайта оралатын болсақ, тіпті, ел мен жер үшін ерліктерін де, еңбектерін де аямай ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың өздері жұмыс орындарына да, көліктеріне де, үйлеріне де жүздерін немесе руларын жазбаған. Жөн сұрасқанда ғана айтатын. Болмаса танымал тұлғалар мен рулар туралы кейінгі ұрпақ пен тарих үшін деректі де керекті кітаптар жазылғанда жүздері және соның ішіндегі рулары туралы анық жазылып, қасына таңбалары бейнеленетін. Бірақ, шапқыншылық заманда қазаққа жау шапқанда немесе көшіп-қонып жүргенде өзгелер бізге тісін батырса жүз демей, ру демей бәрі бір атаның баласындай бір тудың астына жиналып, жерімізге қорған да, орман да бола білген.
Ал, қазіргілердің көліктеріне руларын жазған былай тұрсын лауазымды қызметке орналасарда ру мен жер сұрастыратындары да белең алып барады. Жасыратыны жоқ, өзім де оған бірнеше рет куә болғанмын. Сонда бұл бірігу ме, әлде бөлініп, бүліну ме? Түсініксіз.Мен, көлікке руларын және ресми мемлекеттік нөмірге аттары мен телефон нөмірлерін жазудың қаншалықты заңды, заңсыз және дұрыс-бұрысы туралы білмек ниетпен құзырлы органның басшысына жолыққым келген. Бірақ оның сәті түспеді. Дейтұрғанмен сол мекемедегі қызметкерлер: «Негізі ондай дүниелерге рұқсат етілмеген және олай істеудің қажеті де жоқ. Бұл келешекте ескеретін
Бақытжан Әліқұлов,
ақын-журналист