Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Темекіні заңсыз тасымалдау тыйылмай тұр

Темекіні заңсыз тасымалдау тыйылмай тұр
Ашық дереккөз
Осы жылдың 6 айында құны 4 миллиард теңгеден асатын шылым өнімдерінің заңсыз айналымы деректері негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 214, 233-баптары бойынша 18 қылмыстық іс тіркеліпті. Нәтижесінде 5,5 миллион қораптан астам темекі тәркіленген. Акциз сомасы 1,7 миллиард теңгені құрайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастыру-бақылау басқармасының басшысы Ержан Кенжебаев айтты.

Спикер өңірде экономикалық құқықбұзушылықтардың алдын алу және облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметінің биылғы алғашқы  жартыжылдығындағы  жұмыс нәтижелері туралы баяндады. Ержан Құрманбекұлы келтірген дерекке зер салсақ, салыстырмалы түрде өткен жылдың 12 айында 23 қылмыстық іс тіркеліп, заңсыз айналымнан құны 5 миллиард теңгеден астам өнім алынған.

Оның ішінде құны 349 миллион теңгеге тең вейптер мен 4,7 миллард теңге қаражатты құрайтын темекі бар. Сондай-ақ былтыр 6,5 миллион қорап шылым және 174 мың вейп тәркіленген.
– Акцизделетін, яғни контрафактілі өнімдердің заңсыз айналымы ел экономикасына, адал кәсіпкерлерге ірі зиян келтіріп, халықтың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді.Сертификатталмаған өнімдердің көлеңкелі айналымы бойынша акциздер төленбейді, тауарлардың стандарттарға сәйкестігі тексерілмейді. Сондай-ақ өнімдердің заңсыз шығуына байланысты олардың бағасы өте арзан болып, осыған байланысты адал кәсіпкерлер үлкен шығынға ұшырайды. Департамент акцизделетін өнімдердің көлеңкелі айналымымен белсенді түрде күресуде.

Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі оң қозғалыста екенін байқауға болады. Сондай-ақ департамент қаржылық пирамидалармен күресті жалғастыруда. Осы жылдың 6 айында қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 2 қылмыстық іс тіркелді. Қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Жалпы былтыр өңірде 200-ден астам жәбірленушінің арызы бойынша 3 қылмыстық іс тіркелген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде азаматтарға 45 миллион теңгеден астам келтірілген шығын өтелді.

Департамент зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу және ұйымдастырушылар алған қылмыстық кірісті анықтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда.Департамент тұрақты түрде профилактикалық іс-шараларды интернет кеңістігінде жариялап, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Есепті кезеңде қаржылық пирамида белгілері бар 958 сілтеме бұғатталды. Сонымен қатар 720-дан астам қатысушысы бар қаржылық пирамидалардың 7 «WhatsApp» қосымшасындағы топтар жабылды. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен жылы қаржылық пирамида белгілері бар 1 013 сілтеме бұғатталған. Көріп отырғандарыңыздай, оң динамика байқалуда, – деген Е.Кенжебаев құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шараларға көп көңіл бөлініп жатқанын хабарлады. 

Атап айтқанда, департамент тарапынан халық көп шоғырланатын орындарда және интернет кеңістігінде қаржылық пирамидалардың алдын алу бойынша бейнероликтер орналастыру жұмыстары қолға алыныпты. Жергілікті және республикалық телеарналарда да түсіндіру жұмыстары жүргізілген екен. 

Аталған департамент облыс аумағында заңсыз ойын-сауық бизнесін ұйымдастыру деректерін анықтау мен жолын кесу бойынша да жыл сайын нәтижелі іс-шараларды атқаруда. Мәселен, есепті кезеңде Тараз және Шу қалаларында 2 заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастыру деректері анықталған. Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша қылмыстық істер тіркеліп, сотқа жолданған екен. Осы орайда  заңсыз контенті бар 343 сілтеме бұғатталыпты. Өткен 5 жылда департамент қызметкерлерімен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 42 дерегі анықталып, 38 қылмыстық іс сотқа жолданған.

Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру деректерінің ең көп саны, нақтылап айтсақ, 18 дерек Тараз қаласында анықталса, Шу қаласы бойынша 10, Қордайда 6 дерек тіркелген.Құмар ойындарға тәуелді адамдар қоғамнан адасып, заңсыз әрекеттерге жиі барады. Олардың туыстары мен жақындары зардап шегеді, нәтижесінде мемлекетке және қоғамға аса ірі зиян келеді. Департамент лудоманияның алдын алу бағытында да біршама жұмыс тындырған. Алайда бұл келеңсіз құбылысты бір ғана құқық қорғау органының күшімен жою мүмкін емес екені анық.

Ержан Құрманбекұлы аталған іс-шаралардың барлығы 2023 жылғы 14 шілдеде ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары негізінде атқарылып жатқанын айтып өтті. Осы бағытта департамент «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасымен бірге ай сайын «дөңгелек үстел» отырыстарын ұйымдастырып тұрады. Онда кәсіпкерлер мен уәкілетті органдардың қатысуымен акцизделетін өнімдердің және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы, заңсыз ойын-сауық бизнесі, қаржы пирамидаларымен күрес  тақырыптары талқыланады.

 Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар