Жақында облыстық жергілікті сот азаматтық істер бойынша 2024 жылдың 5 айында сот төрелігін жүзеге асырудағы атқарған жұмысының қорытындысын шығарды. Ендеше атқарылған жұмыстармен толығырақ таныстырып өтсек. Есепті кезеңде бірінші сатыдағы соттар 7 778 азаматтық істі өндіріспен аяқталса, оның ішінде 4 313 іс шешім шығару арқылы қаралған. Сонымен қатар апелляциялық сатыда 26 шешімнің күші жойылып, 30 шешім өзгертілген. Сондай-ақ Тараз қалалық сотымен 11, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотымен 6, Жамбыл, Сарысу, Қордай аудандық соттарымен 2, Т.Рысқұлов, Байзақ, Талас аудандық соттарымен 1 шешімнің күші жойылған. Сол секілді Тараз қалалық сотымен 12, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотымен 5, ювеналдық сот және Меркі, Жамбыл аудандық соттарымен 4, Қордай аудандық сотымен 1 шешім өзгертілген. Кассациялық сатыда бірінші сатыдағы соттардың 8 шешімінің күші жойылып, 4 шешім өзгертілген. Атап айтқанда, Тараз қалалық сотымен 5, мамандандырылған ауанаралық экономикалық соты және ювеналдық сот, Меркі аудандық соттарымен 1 шешімнің күші жойылса, Тараз қалалық сотымен 3, Жуалы аудандық сотымен 1 шешім өзгертілген.
Осылайша жалпы жоғарғы сатыдағы соттармен күші жойылған, өзгертілген шешімдер саны 68 болып, 1,6 пайызды құраған. Республика бойынша бұл көрсеткіш 1,7 пайызға тең. «Дау мұраты – бітім» деп Сырым бабамыз айтқандай, татуласу, бітімгершілік рәсімінің аясын кеңейтуге, халықтың дауды сотқа дейін реттеуге мүдделі етуге, қоғамдағы шиеленістерді төмендетуге оң ықпал ету мақсатындағы шаралар елімізде қарқынды жалғасуда. Қазіргі уақытта облыста медиация институтының жұмысы белсенді түрде жүргізілуде.Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Дәулет Тасыбаевтың айтуынша, 2024 жылдың 5 айында татуласу рәсімдерін қолдану арқылы облыс соттары 2 179 азаматтық істі қараған. Республика бойынша бұл көрсеткіш 41,6 пайызды құрайды.
– Медиация – дауды бітімгершілікпен шешу тәсілі. Іс барысында медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы үлкен рөлге ие. Медиация дауласушы тараптардың арасындағы қарым-қатынасты анықтау үшін емес, дауласушы тарапты бітімге келтіру үшін қызмет етеді. Медиация барысында тараптар өз қалауы бойынша материалдық немесе процессуалдық құқықтарын иеленуге, талаптар мөлшерін ұлғайтуға, азайтуға немесе дау-шардан бас тартуға құқылы. Бұл тұрғыда қол жеткізілген табыстар баршылық. Тарқатып айтсақ, есепті кезеңде медиациямен 1 271 іс, бітім келісімшартын жасаумен 115 іс қаралған. Партисипативтік рәсім қолданылмаған. Аудандық және оған теңестірілген соттардың арасында Байзақ аудандық соты – 54,9, Тараз қалалық соты 51,5 пайыз деңгейінде жақсы көрсеткіштерге жеткен.
Ал, ювенальдық сот – 32,4, Сарысу аудандық соты – 33,5, Т.Рысқұлов аудандық соты – 36,5, Қордай аудандық соты 36,5 пайыздық көрсеткішпен төмен деңгейде бітімгершілік рәсімдерін жүргізген. Аталған сот төрағаларымен бес ай бойы әрбір апта сайын жедел отырыстар өткізіп, облыстық соттың басшылығы тарапынан бұл бағыттағы жұмысты жандандыру және медиация институтын одан әрі дамыту туралы тапсырма берілген болатын. Алайда көрсеткіш деңгейі дәлелдеп тұрғандай, дұрыс нәтиже шығарылмады.Азаматтық процестік кодексінің 4 бабына сәйкес тараптарға дауды бейбіт жолмен реттеуге көмектесу азаматтық сот ісін жүргізудің негізгі міндеттерінің бірі болып саналады.Бітімгершілік мәселелері Жоғарғы соттың да ерекше назарында. Сондықтан да бітімгершілікті кеңінен қолдану әрбір судьяның міндеті, – деген Дәулет Еркебекұлы сот істерінде мемлекеттік тілдің қолдану аясына да тоқталып өтті.
Жоғарғы сот төрағасының соттарға жолдаған соңғы хатында мемлекеттік тілдегі істер санын арттыру негізгі мәселелердің бірі екендігі ерекше атап көрсетілген.Сәуір-мамыр айлары аралығында сот ісін жүргізуде қазақ тілінің қолданылу динамикасының облыста 6,22 пайызға төмендегені анықталған. Осыған сәйкес Дәулет Еркебекұлы жыл соңына дейін соттардағы тілдік ахуалға мониторинг тұрақты түрде жүргізілетінін, облыстық соттар төрағалары сот істерінің мемлекеттік тілде жүргізілуін тұрақты бақылауға алып, осы бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдіруі қажет екенін қадап айтты.
Айта кетерлігі, өткен жылы облыстық сотта мемлекеттік тілді қолдану және дамыту мақсатында арнайы тұрақты топ құрылған екен.
Топ өзінің жұмыс жоспарын әзірлеп, бірқатар шара қабылдаған.Сот өндірісінде мемлекеттік тілдің үлесін арттыру мақсатында сотқа талап қоюшы құзырлы мекеме өкілдерімен кездесулер өткізіліп отырады. Атап айтқанда, биылғы 26 сәуірде «Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру және қолданылуын дамыту» тақырыбында облыстық адвокаттар алқасының адвокаттары, облыстағы заң консультанттары палатасының мүшелері, коллекторлық ұйымдар, банктер мен микроқаржы ұйымдарының өкілдерімен «дөңгелек үстел» отырысы өткізілген.Сондай-ақ облыс соттарының өндірісіндегі мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында сотқа түсетін істерді мемлекеттік тілде ұсыну мәселесі бойынша биыл 24 мамырда мемлекеттік мекемелердің өкілдерінің қатысуымен басқосу ұйымдастырылған.Сонымен қатар кіріс-шығыс, ішкі құжаттардың мемлекеттік тілдегі үлесіне ай сайын талдау жүргізіліп, нәтижесі жұмыс кеңестерінде талқылануда.Сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бойынша да осы жылы аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін бірқатар тапсырма беріліпті. Облыс соттарында мемлекеттік тілде сот ісін жүргізу аясын кеңейту мақсатында іс-шаралардың қосымша кешенді жоспары бекітіліп, жұмыстар жалғастырылуда. Сондай-ақ Д.Тасыбаев Жоғарғы сот төрағасының 2024 жылғы 14 маусымдағы өкімімен «Сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жөніндегі үйлестіруші судья туралы» ереже бекітілгенін айтып өтті.
Заңның әділ үстемдігін қамтамасыз ете отырып, халықтың сот төрелігіне сенімін арттыру, сот билігінің беделін көтеру, істерді сапалы қарайтын кәсіби білікті судьялар корпусын қалыптастыру, біркелкі болжамды сот тәжірибесін орнықтыру, сот актілерінің сапасын көтеру – қазіргі кезде елімізде іске асырылып жатқан сот реформасының басты бағыттары. Ал сот жүйесін жетілдіру, бұл бағыттағы шараларды сапалы жүзеге асыру – заң үстемдігін қамтамасыз етудегі басты басымдықтың бірі. Себебі қарапайым халықтың сот пен судьяға деген сенімі билік пен мемлекетке деген сеніммен бірдей. Сондықтан сот төрелігін атқару сапасын көтерудің маңызы зор.
Осы мақсатта облыс соттарында істерді қараудың барлық кезеңдерінде әділетті және бейтарап сот талқылауы, сот істерін дұрыс шешу арқылы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сот төрелігінің қолжетімділігі, тиімділігі мен сапасын қамтамасыз ету бойынша бірқатар шара атқарылған.Аудандық және оған теңестірілген сот төрағаларына сот жұмысын тиісті дәрежеде ұйымдастыра отырып, сот төрелігін атқару және сот актісін әзірлеу сапасын көтеру жұмыстары жүйелі жалғасуда.Өзекті мәселелер ескеріле отырып, жұмыс жоспарына талдау жүргізілді. Нәтижесі талқыланып, сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынды. Жоғарғы соттың нормативтік қаулыларын, сот практикасына шолуларды талқылау бойынша семинарлық сабақтар ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы шаралар 2023 жылғы сот төрелігін іске асыру қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңестің, 2024 жылдың 1-тоқсанындағы жұмыс қорытындыларының хаттамалары негізінде атқарылуда.
Ақтоты Жаңабай
Темекіні заңсыз тасымалдау тыйылмай тұр
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024