Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастар неге жұмыссыз?

Жастар неге жұмыссыз?
Ашық дереккөз
Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша еліміздегі жұмыссыздар саны 1,52 пайызға, яғни 6,8 мың адамға өскен. Облыста да қолында дипломы бар, бірақ жұмысы жоқ жұмыссыз жастардың саны артып келеді. Расымен де жұмыс іздеген өрендерге жұмыс жоқ па? Әлде бұл «жұмыс істегісі келген жол іздейді, жұмыс істегісі келмеген сылтау іздейдінің» кері ме? Зерттеп көрелік.

Республикадағы жағдай қандай?

Статистикаға сүйенсек, өткен жылдары Қазақстанда жұмыссыз азаматтардың саны біршама төмендеген. Мәселен, 2022 жылдың  IV тоқсанында республика бойынша олардың саны 456,1 мыңнан астам болса, өткен жылдың басында 453,5 мың адамды құраған.Ал  IV тоқсанда 445,9 мың адамға жетеді. Яғни жұмыссыздық саны айтарлықтай төмендейді.Бірақ биылғы І тоқсанында жағдай күрт өзгереді. 
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жұмыссыздар саны 1,52 пайызға, яғни 6,8 мың адамға өсіп,452,7 мың адамға жеткен. Дегенмен бұл көрсеткіш әртүрлі жағдайларға байланысты айтарлықтай ерекшеленеді.Мысалы, ауылға қарағанда қалаларда жұмыссыздар көп.Ауылда 170 мың адам екі қолға бір күрек таппай жүрсе, ал қалада 283 мың тұрғын өз мәселесін шеше алмауда.Сонымен қатар нақты жұмыссыздық деңгейі де әртүрлі. Әйелдер арасында ол 5,2 пайызды, ерлер арасында 4,2 пайызды құрады. Жалпы жұмыссыздық деңгейі өткен жылы өзгеріссіз болып, 4,7 пайыз деңгейінде қалды. 

Жауаптылар не дейді?

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесінің  берген мәліметіне сүйенсек, халықты жұмыспен қамту орталығына 16 671 жас азамат жүгініп, соның ішінде 12 680 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылыпты. Атап айтқанда, тұрақты жұмыспен 5 970, қоғамдық жұмыстармен 2 494 адам, жастар тәжірибесімен  1167, әлеуметтік жұмыс орнымен 248 адам қамтамасыз етілген. Ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасының жемісін 391 жас сезінсе, мемлекеттік қайтарымсыз грантқа 178 адам ие болды. Сонымен қатар қысқамерзімді кәсіптік оқу курстарында  304 адам білім алса, жұмыс орнында 112 жас оқыды. «Ұрпақтар келісімшарты»  арқылы  27 жас еңбекке араласса, «Бастау бизнес» курсы аясында 1 107 жас білімін жетілдірген. 682 адам онлайн оқыған. Аталған орталықтың  жиынтық-талдау бөлімінің маманы Гүлнара Байбосынованың пікірінше, жастардың жұмысқа орналасу кезіндегі басты бір мәселесі – жұмыс өтілінің болмауы.


– Жұмыс беруші жұмыс сұрап келгендердің түйіндемесін  қараған кезде ең алдымен оның жұмыс өтілінің бар-жоқтығына назар аударады. Оның талабы да орынды. Бәсекелестік ортаны қалыптастыру басты принциптерінің бірі болып есептелетін нарық заманында қай кәсіпорынның басшысы да тәжірибесі бар, дайын мамандармен жұмыс істегенді жөн көреді. Үкімет осы олқылықтың орнын толтыру үшін жастарға арнайы «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларын жүзеге асырды. Аталған жобалар жоғары оқу орындары және колледж түлектеріне алған мамандығы бойынша бастапқы тәжірибеден өтуге мүмкіндік береді.  Сондай-ақ жастарға арналған шағын несие,  кәсіптік оқытулар да бар.Дегенмен қазіргі таңда оқу орнын бітірген бойда өз мамандығымен жұмыс істеп жүрген жастар сирек. Олардың көбі «бізден тәжірибе сұрайды әрі жұмыссыздарға ұсынған жалақы өте аз» деген уәж айтады. Дегенмен «ас піс, аузыма түс» дейтін жастар жетерлік. Арнайы тәжірибеден өтіп, білікті маман болудың орнына бірден басшылыққа отырғысы келетіндер де бар, – дейді маман. 

Жалақының аздығы
жанға батады

Ғаламторға «Жастардың жұмысқа орналасуына не кедергі?» деп жазғанымызда республикалық «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген әлеуметтік зерттеудің нәтижесіне көзіміз түсті. Онда жастардың басым көпшілігі, яғни 61,1 пайызы жұмысқа орналасуда кездесетін ең басты қиындық ретінде жұмыс тәжірибесінің жоқтығын атаған. Сондай-ақ жастардың үштен бір бөлігі жоғары және арнаулы орта оқу орындарында  алған мамандық бойынша жұмысқа орналасудың қиын екендігін жасырмайды. Жоғарыда айтылған себептерден бөлек, сарапшылар тағы да бірқатар мәселені атап өтті. Онда жастардың іскерлік қарым-қатынас орната алмауы, таныстықтың жоқтығы, еңбек нарығы мен жұмыс іздеу әдістері туралы ақпаратының аздығы көрсетілген.Ал кейбір жастардың пікірінше, жастардың жұмыссыз жүруіне айлық жалақының аздығы да әсер етеді екен.

– Өзім қалаған мамандықты, яғни журналистика саласын 4 жыл бойы меңгердім. Диплом алғаннан кейін Тараз қаласындағы жұмыспен қамту орталығына барып, өтініш толтырдым. «Жастар практикасы» бойынша мені жұмысқа қабылдады. Жұмыс басында көңілімнен шықты, біраз жұмыс істеймін, тәжірибе алмасамын деген құлшыныс болды. Солай жүргенде 1 ай да өтті. Құжат бойынша, айлық жалақымыз 122 мың теңге болды. Бірақ қолыма 85 мың теңге түсті. Айлыққа қарамай жұмыс істей берейін деп те ойладым, бірақ күн сайын жұмыс істеуге құлшынысым төмендеп  бара жатты. Тіпті күнделікті жұмысқа баруға деген талпыныс та жоғала бастады. Былай жүре берсем, сүйікті мамандығымнан алшақтап қаламын ба деген ой туындап, жұмыстан шығып кеттім. Қазіргі таңда басқа сала бойынша жұмыс істеймін. Бірақ әлі де өз мамандығым бойынша еңбек дүбіріне  келеді, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Ажар Ниязбекова.

Бұл туралы Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесі жиынтық-талдау бөлімінің маманы Гүлнара Байбосынова да өз пікірімен бөлісті.

 – Бүгінде жастардың басым көпшілігі еңбекақысының төмен болуына байланысты аталған мемлекеттік қолдау шараларына қатысудан бас тартуда. Осының есебінен өңіріміздің жастары білім алған мамандықтарына сәйкес қызмет етудің орнына еліміздің ірі қалаларындағы белгілі бір кәсіп түрін талап етпейтін, еңбекақысы жоғары жұмыстарға кетуде, – дейді Гүлнара Байбосынова.

Осы орайда «Ұзақ уақыт жұмыссыз жүру адам психологиясына қаншалықты әсер етеді?» деген сауалды психолог Анар Болатқызына қойған  едік. Психолог дипломы бар жастар күйзелістен де жұмысқа орналаса алмайды деген ойды алға тартты.

 – Жұмыссыздық туралы айтылған кезде алдымен жастардың неге жұмыс жасауға құлқы жоқ екенін ескеру керек. Бұл адамдағы күйзелістің әсерінен болады. Себебі күйзеліс кезінде адамға ештеңе қызық болмайды. Гарвардтың дипломы болса да жұмысқа орналаспаса, онда армандары туралы қайтадан ойланғаны жөн. Ересек өмірде бала күндегі арманның орындалуы нағыз бақытқа әкеледі, жан рақатын сыйлайды, – дейді Анар Болатқызы.


Оның айтуынша, адамның жұмыс істеуіне ішкі психологиялық жай-күйі әсер етеді. Яғни психологиялық тұрғыда ересек адам ғана өзінің қабілеттерін тану үшін тұрақты жұмысқа орналаса алады.
– Жұмысқа орналасу үшін тек құжат бойынша ғана ересек болу жеткіліксіз. Тіпті 30-ды алқымдаған жастар да өзін ересек сезініп, жауапкершілік ала алмауы мүмкін. Егер адам табыс тапқысы келмесе, жұмыс істеуге құлқы болмаса, психологиялық жай-күйін емдеуге кеңес беремін.Себебі жас маман қолына дипломын алғаннан кейін де ұзақ жылдар бойы жұмыссыз жүруі әбден мүмкін.Мұндай қателіктердің орын алмауы үшін ата-аналарға кеңес бергім келеді.

Осы ретте, ең алдымен, балаға оқуды таңдау еркіндігін беруіміз керек. Мұндай жағдайлар көп отбасыда кездеседі. Мәселен, бала кішкентай кезінен бизнесмен болуды армандады делік. Бірақ ата-ананың арманы басқа, ол баласын дәрігер ретінде көргісі келеді. Сәйкесінше баласын дәрігер бол деп мәжбүрлейді. Амалы қалмаған бала ата-анасының қалауымен сол мамандыққа түседі. Нәтижесі де көп күттірмейді, бала болашақта ол мамандық бойынша жұмысқа орналаспайды. Өйткені оның жан қалауы басқа. Сол үшін баланың арманын анықтап, таңдау еркін берген дұрыс. Өзінің қабілетін таныған бала жұмыс істеуге де құлықты болады. Жалпы адамды құс деп сипаттайтын болсақ, бірінші қанаты – отбасы, екінші қанаты – жұмысы. Құстың бір қанаты қайырылса, онда ол адам кеңістікте еркін қалықтап ұша алмайды. Ұшу үшін оның екі қанаты да сау болуы керек, – дейді ол.

Қайтпек керек?

– Жастарды жұмыспен қамтамасыз етудің басты жолы – қазіргі білім жүйесін еңбек нарығы талаптарына сәйкестендіру, – деп тұжырымдайды сарапшы Айман Тұрсынқан. Оның пікірінше, жастардың еңбек нарығына біртұтас интеграциялануы үшін білім беру жүйесінде әрбір кәсіби деңгейге бәсекелестік негіз жасалуы керек екен.Ал «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының сарапшылары жастардың арасында еңбек құндылығын қалыптастыру, жұмысшы кәсіптерді танымал ету арқылы ғана жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге болады деп санайды.Сарапшылардың пікірінше, жастар арасында кәсіпкерлік дағдыны қалыптастыру, университет бағдарламасы шеңберінде кәсіби тәжірибені ұйымдастыру, кәсіптік білім беру сапасын арттыру, үздіксіз білім беру принциптеріне негізделген мамандарды даярлау мен қайта даярлаудың баламалы тәсілдерін қолдану сынды шаралар қалыптасқан ахуалды жақсартуы мүмкін.

Жастар арасындағы жұмыссыздықтың жыл санап көбеюі, әрине, алаңдаушылық тудырады.Бұл тұрғыда мемлекеттік бағдарламалардың санына емес, сапасына мән беру керек пе деген пікір де айтылып жүр.Сондықтан да құзырлы органдар бұл мәселеге баса назар аударып, уақыт талабы мен қоғам сұранысын ескереді деген сенімдеміз. 

Аяулым Жаманқара

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар