Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сенімхат үшін сенделудің қажеті жоқ

Сенімхат үшін сенделудің қажеті жоқ
Ашық дереккөз
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен кезекті брифингте облыстық әділет департаментінің басшысы Нұрғали Андасов пен орынбасары Дәурен Дайрабаев мекеменің биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады.

Нұрғали Есіркепұлының айтуынша, соңғы 6 айда әділет департаменті тарапынан  «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 457-бабының 2-тармағына сәйкес Т.Рысқұлов, Шу аудандарының жауапты лауазымды тұлғаларына 3 әкімшілік іс қозғалыпты. Сонымен бірге құқықтық кеңес  түрінде тегін заң көмегіне кепілдік беретін адамдар тобы кеңейтіліпті.  Енді аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, азаптау құрбандары, I және II санаттағы мүгедектігі бар адамдар, зейнеткерлер тегін кеңес ала алады.

Облыс бойынша 6 айда 7 734 азаматқа тегін заң көмегі көрсетілген. 2023 жылдың сәуір айынан бастап сенімхат, кеңес беру және жұбайдың келісімі сияқты нотариаттық бірқатар қызмет онлайн форматқа көшіріліпті. Енді азаматтардың бұл қызметтерді нотариусқа бармай-ақ, яғни онлайн режимде бейнеқоңырау арқылы алу мүмкіндігі бар. Бұл туралы Дәурен Жигулиұлы айтып берді. 

– Барлық қалыптастырылған құжаттар «цифрлық құжаттар» сервисінде көрсетіледі. Клиентті сәйкестендіру, биометрия құралдарын қолдану арқылы жүзеге асырылады. Ақпараттық қауіпсіздік мақсатында қосымша клиент СМС-код және электронды цифрлық қолтаңба түрінде екі факторлы аутентификациядан өтеді.

Жоба іске асырылғаннан бері облыс нотариустарымен 1 079 онлайн-сенімхат, 172 онлайн-келісімшарт және онлайн кеңестер берілген.Сонымен қатар адвокаттық, нотариаттық, сот-сараптамалық қызметпен, жеке сот орындаушысы мен патенттік сенім білдірілген өкілдің қызметімен айналысу құқығына «аттестаттау реинжинирингі» бойынша жоба табысты іске асырылуда. Бұл жоба ситуациялық жағдайлардың орнына ауызша комиссиялық әңгімелесу кезеңін алып тастады. Осылайша бүгінгі күні аттестаттау рәсімінің қолжетімділігі мен ашықтығы қамтамасыз етілді және мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері қысқартылды, – деді әділет департаменті басшысының орынбасары Дәурен Дайрабаев.


Жоба басталғаннан бері облыс бойынша адвокаттық, жеке сот орындаушы мен нотариаттық қызметпен айналысу құқығына аттестаттауға 179 үміткер жіберіліпті. Қазіргі таңда заңды тұлға қызметiнiң тоқтатылуына мемлекеттік тiркеу барысында заңды тұлғаның мөрiн жою туралы құжат талап етілмейді екен.

– Өздеріңіз білетіндей, елімізде өткен жылы қолданысқа енгізілген жаңа мемлекеттік қызмет түрі бар. Ол «Заңды тұлғалардың, филиалдар мен өкілдіктердің атауын өзектендіру (түзету)» деп аталады. Аталған қызмет – «Заңды тұлғалар» мемлекеттік дерекқорына заңды тұлғалардың, филиалдар мен өкілдіктердің атауына өзгертілген мәліметтерді енгізу арқылы жүзеге асырылатын қызмет. Заңды тұлғаның, филиал мен өкілдіктің атауын өзектендіру – заңды тұлғаның, филиал мен өкілдіктің атауында қате жіберілген жағдайда жүзеге асырылады, – дейді облыстық   әділет департаментінің басшысы Нұрғали Андасов.

Брифинг барысында спикерлер журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да нақты жауап берді. 

Э.Тілеубердіқызы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар