АСПАРАДА АСЫР САЛҒАН КҮНДЕР-АЙ!
АРА-ТҰРА ЖАҚЫН ДОСЫМЫЗДЫ КЕЗІКТІРЕ ҚАЛСАҚ БАЛАЛЫҚ ШАҚТАН СЫР ШЕРТЕ ЖӨНЕЛЕТІН ЖАСҚА ДА ЖЕТТІК. БАЛАҢ КӨҢІЛМЕН ОЙҒА ОРАЛҒАН ОЙЫННЫҢ ЕРЕЖЕСІН ӨЗІМІЗ ҚҰРАСТЫРЫП, АСЫР САЛАТЫН ҚЫЛЫҚТАРЫМЫЗ ЕСТЕН КЕТПЕЙДІ-АУ, СІРӘ. КЕЙ-КЕЙДЕ СОЛ БІР ШУАҚТЫ ШАҚҚА ҚАЙТА ОРАЛҒЫМ КЕЛЕДІ. ИӘ, БАЛАЛЫҚ ШАҚ ӘР АДАМНЫҢ ЕҢ ТӘТТІ, ЕҢ АДАЛ, ЕШ АЛАҢСЫЗ КЕЗЕҢДЕРІНІҢ КУӘСІ БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДІ. «БАҚЫТ ДЕГЕН – МЕНІҢ БАЛА КҮНДЕРІМ...» ДЕП МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ ЖЫРЛАҒАНДАЙ, БАЛАЛЫҚ ШАҚ ӘРКІМНІҢ ЖАДЫНДА ҚЫЗЫҚТАРЫМЕН, ШАТ-ШАДЫМАН ШАТТЫҒЫМЕН, РИЯСЫЗ КҮЛКІМЕН ҚАЛАТЫНЫ СӨЗСІЗ. СЕБЕБІ БАЛАЛЫҚ ШАҚ – ӨМІРДІҢ ГҮЛ КӨКТЕМІ.
Менің балалық шағым Меркінің кербез де сұлу жерлерінің бірі – Аспара ауылында өткен. Кімге де болсын туған жері қымбат. Мен үшін де бұл ғаламда Аспарадан көркем, ыстық ауыл жоқ. Себебі бұл мені аялаған анамыздың, арқасүйер әкеміздің, туған-туыс, жора-жолдастың кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Осы жерде білім нәрімен сусындадым. Ата-анамның, бауырларымның жүрек жылуына, махаббатына, қамқорлығына бөленіп, үлкен өмірге қанат қақтым. Берекелі бірлігі мен мерекелі тірлігі үйлесім тапқан Абдиновтар шаңырағы Аспара ауылында кім-кімге болсын үлгі. Біз осындай өнегелі отбасында 9 ағайынды болып қатар есейдік.
Кішкентай күнімде ерке болдым. Бұзықтығымның басымдығы соншалық, таң ата ұйқыдан көзімді тырнап ашқаннан бірдеңеден қалып қойғандай сыртқа ентелей атып шығатынмын. Соңымнан іле-шала інілерім ілеседі. Содан таңның атысы, кештің батысы ауылды шаңдатып, құмарымыз қанғанша ойнаушы едік. Бізге салса түнімен ойнай бергің-ақ келеді. Алайда кеш батысымен анамыздың айқайы амалсыздан үйге қарай беттетеді. Таңда киген таза киімнің кешкісін алба-жұлбасы шығып, кір-қожалақ болып үйге енесің. Біреудің асарынан келгендей сілеміз қатып, беті-қолды жуамыз. Артынша, тамағымызды ішер-ішпестен отырған жерде қисайып, ұйқыға кетуші едік.
Бала кезде ауылда інілеріммен бірге әлі пісіп үлгермеген жасыл алманы ағаш басынан жұлып алып, тұзға батырып жейтініміз есімде. Үйіміздің жанында сай болушы еді. Сол сайда қыста түнге дейін сырғанайтынбыз. Шанамен жарысушы едік. Құласақ та қайтпаймыз. Өзімізше басқа жақтың балаларын жолатпайтынбыз. Жолап кетсе – ұрыс. Тек екі үйдің балалары бірге сырғанайтынбыз.
Қатар достарыммен алысып-жұлысып, арасында құлап, жылап, талай қызықты бастан кешіп өстік. Мектеп қабырғасындағы жылдардың да өзіндік әсері бөлек. Сабақтан келе салып терезеге қарап оытушы едік. Сырттан достарды көріп, даланы аңсайсың. Бірақ анаңмен бірге үй тапсырмасын орындауға тиіссің. Ұйқыға жатарда, алдымен, ойыншыққа төсектің қолайлы болуын қарастырушы едік. Қағаздан, не жапырақтан ақша жасап, батпақтан «ас» әзірлейтінбіз. Жаңа жылды күтесің, күтесің, күтесің… Он екіден жарты сағат өтер-өтпестен ұйықтап кететінбіз. Көрпе астына тығылуға болатын кез және егер демалғаныңды білдірмесең, онда құбыжық таппайды деген сенім. Үйде анаңнан немесе бауырларыңнан тығылу да бір «өнер». Отбасы мүшелері теледидардан мультфильмдерді бізге бола көріп отыратын. Үйдегі бар тәтті де саған тиесілі. Бұл да менің еркелігім шығар. Қыс келіп, жер беті ақ түске боялғанда қарды көріп, көңіліміз алабұртатын. Күні бойғы ойынды ойлап, төбеміз көкке бір елі жетпейтіндей еді. Сықырлаған қардың дауысына мәз болып, шананы сүйрей жөнелесің. Сол сәтте көрші үйдегі балалар шаналарын тартып, көше бойындағы төбенің басына жиналатын. Бірінен соң бірі жаңа шаналарымен мақтанып, біршама қашықтыққа оңай жететінін айтып, бақ сынасатын. Білесіз бе? Сол кезде шанасы жоқ бүлдіршіндер бір шананы ауыстырып ойнап, ешбір сөзге келместен асыр салатын. Шіркін, ол уақыттағы шаналардың көбісі әкеміздің қолынан шыққан еді ғой! Бірінің бетінде ағашы болмай, бір жағына қарай ығысып отыра кетесің. Сірә, болмады дегенде астына көрпеше төсеп, сырғи жөнелесің. Ал басына байланған жіптің өзі екіге бөлінеді. Бірі қорадағы сиырдың мойнында байлауда тұрғаны болса, екіншісі сол малға беретін шөпті байлайтын сым.
Айтпақшы, аулада аққала тұрғызатын едік. Үйдің есігінен шыға бере екі алақаныңды жерге қойып, алыстан тартып, қар жинап аласың. Сосын алма-кезек қолды екі жаққа қаратып қарды доңғалақтап, жерге қойып домалата жөнелесің. Сөйтіп алып аққаланың астыңғы бөлігін құрастырып, келесісін бастайсың. Әлсін-әлсін екі қолды бос күйі қысып, ауызға тақап, үрлеп-үрлеп аласың да ойнай кетесің. Қолғап малмандай су. Әйтеуір сөйтіп жүргенде аққала аяққа тұрады. Міне, қызықтың бәрі осы кезде басталады. Оның басына үйге көмір таситын шелекті кигізіп, көзіне кішкентай көмір жапсырасың. Сосын көкжәшіктен көргендей мұрнына салатын сәбізді алу үшін асханаға ұрлана кіріп, ана айқайының астында қаласың. Сыртқа жүгіре шығып, қолдағы сары сопақты аққаланың мұрнына қадай салып, аузын сынған жыңғылдан жасайсың. Ал сол қолына сыпыртқы қыстырып, оң қолына қара қалақты ұстатасың. Қандай керемет, ә? Енді аулада қар ерігенге дейін жымиып тұратын аққала бар. Мұны айналаңдағыларға мақтана айтып жүресің. Мойындаңызшы, өте әсерлі көрініс емес пе?!
Айта-айта жауыр болса да бір тақырыпты қозғағым келіп тұр. Бала болдық. Ойын ойнап, асыр салдық. Оқуды да ұмытпайтынбыз. Даланың баласы болып өссек те жаман жетістікке жеткен жоқпыз. Өмірден өз орнымызды таба білдік. Қазіргі біраз ата-аналар балаларын бірінші сыныпқа бергеннен ғалым қылғысы келеді. Ағылшын, орыс тілі секілді түрлі қосымшаларға жазып, үйірмелерден босатпайды. Өзінің үй тапсырмалары бар балада ойынға уақыт қалмайды. Қолы қалт етсе кітап оқытады.
Қазіргідей ғылым мен білім, технология дамыған бәсекелестік заманында ол дұрыс та шығар. Бірақ балалардың нағыз дала мен ойын баласы болып, балалық шақтың шын ләззатын сезініп жүргендіктері бәрінен маңызды. Қанша жерден ғұлама еткің келсе де бала – бала болуы керек. Балаға тән аз дәуренді басынан кешуі тиіс. Егер балалық дәурені шала болса, сол жетіспеген сыбағасын кейін есейгенде аңсай өкініп, есіне алады.
Біздің балалық шақтың тәтті естелігі осылай санада әлі сақтаулы тұр.
Эльмира АБДИНОВА, облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының директоры
Келесі мақала