Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Арнау өлеңдер

Арнау өлеңдер
ашық дереккөз
Арнау өлеңдер

Киелі бәйтерек

(Дінмұхамед Қонаевқа)

Көрік берсін деді ме даласына,

Айналсын деп даланың дарасына.

Талшыбықты қадады бағбан шал,

Жолдың бойы, жылғаның жағасына.

Еңбек десе алмайтын дана тыным,

Білді ме екен бағының жанатынын. Жүрегімен сезді ме сол шыбықтың,

Құшақ жетпес Бәйтерек болатынын.

Болмаған соң қылығы бас иетін, Қызғаныштан тасада тас үйетін.

Небір мәңгүрт балта ұрды тамырына, Бәйтеректің көре алмай қасиетін.

Себебі не? Биіктеп баратқаны,

Күншілдіктің оты да жалақтады.

Пенделіктің түсірмей ошағына,

Жайдың оғын жіберді Жаратқаны.

Осылайша Бәйтерек құлап тынды,

Алыс-жақын бұл жайға құлақ түрді. Жазмыштан озмыш жоқ десек те, Ет жүректер езіліп жылап тұрды.

Шыңға шыққан шынарым, киелі едің, Тағдырыңнан тағылым түйеді елің. Жүректердің төріне жайғастырып,

Әлі күнге жанындай сүйеді елің.

Қия алмадық, қимадық, сағынамыз, Мәуелеп тұр орныңда бағың нағыз. Көңілдерге нық сенім ұялатып,

Тарап кетті керемет сағым – аңыз!

Асқарбек АЙДАРОВ, Тараз қаласы

Жасампаз

Сонау жылы,

Бізге көрші қазыналы қарт болды,

Үлкен сыйлап сәлем берер салт болды. Қолын алсақ алдыменен айтары: «Қонаевпен біздің елге бақ қонды».

Бақ қонғаны – елдің бүтін іргесі,

Жартылай бос тұратығұн түрмесі. Мәскеуменен бос кеудемен сыйласып. Бесжылдықтың бізде тұрды жүлдесі.

Миллиард пұт астық берсе даласы,

Көз тартады, әне, қанша қарашы.

Мың құбылған, мың құбырдан өтетін, Саясатта асқақ еді-ау санасы.

Биік еді онда өре, ой-толғам,

Айтарын да айтар жерде айта алған.

Сары майдан қыл тартқандай ақыры,

Үш ауданды өзімізге қайтарған.

Өткен талай тағдырының тезінен,

Таса қылмай таланттардың көзінен. Ұлылардың ұлылығы емес пе?

Әуезовті биік қойса өзінен.

Түркістанда ұмытпаған кәдесін,

Талас жақта құрмет тұтқан әжесін. Мойынқұмда сұрап ішті дейтұғын, Жазекеңнің ашытылған көжесін.

Күнде күтіп тұрса-дағы ұлы сын,

Еш өзгертпей сол салмақты жүрісін.

Сырға барып, емен-жарқын ел-жұртпен, Аралапты Ыбекеңнің күрішін.

Саясатта жарқ-жұрқ етіп тұрғанда от, Шешендерге Шәмілдейін қорған боп.

Қызыл үйден соққан сұмдық дауылдан, Жалғыз ағаш сақтап қалған орман боп.

Тарихының тағылымын түйген ұл,

Қалай жеттік Тәуелсіздік күйге бұл?

Көш басында өзі тұрсын әрдайым,

Әр қазақты жалғызым деп сүйген ұл.

Азаттықтың атты таңы паң күле,

Жүрсін дей ме, ер қадірін ел біле.

Қонаев деп бітуші еді сол шақта,

Қонаев деп басталатын әңгіме.

Сол ақсақал даналыққа қарық қып, Жүретұғын қасиетін сан ұқтық.

Бұл фәнимен қоштасардың өзінде,

Қонаев деп үзіліпті жарықтық.

Құрманғазы ДЕМЕШОВ

Дара шың

Димаш ата, Алатаудай тұлға – сен,

Ал, мен болсам Желтоқсанмен құрдас ем. Ыстық лебіз ықыласын арқау қып,

Мен де Сізді қостым бүгін жырға әсем.

Тарихқа өшпес даңқын қалдырған, Іздеріңіз көрінеді әр қырдан.

Сіз данасыз аумағында елімнің,

Қырық жеті жаңа қала салдырған.

Мәскеу жақтан соққан кезде боран, сыз, Шүрегейді басшы тұттық амалсыз.

Ал ол шақта ештеңеден хабарсыз,

Бесіктегі сәби екем алаңсыз.

Сіз болдыңыз әр қазаққа дара шың, Еңбегіңнің берді тарих бағасын.

Сіз туралы тек жақсы сөз айтады, Жайлаған ел Алатау, Арқа арасын.

Өзіңізден жұрт алады үлгі әлі,

Қазағымның жанды бүгін шын бағы.

Құрметтейді елімнің әр ұланы,

Өзіңіздей орны биік тұлғаны.

Болған дейді жүрегіңіз мөп-мөлдір,

Сізге ұқсас жасыл желек көктем бір.

Ата, Сізді сағынғалы көп болды.

Күн шығарсыз мейірім сеуіп, төккен нұр!

Болған дейді жүрегіңіз мөп-мөлдір,

Сізге ұқсас жасыл желек көктем бір.

Елімнің әр аймағында жайнап тұр,

Димаш ата, өзің егіп кеткен гүл!

Мейіржан ЖЕКЕБАЕВ, айтыскер ақын, Меркі ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар