Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Суару жүйелерін цифрландыру мәселесі талқыланды

Суару жүйелерін цифрландыру мәселесі талқыланды
Ашық дереккөз
Жуырда ғана Астана қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бірқатар қытайлық ірі компания өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл туралы министр өз парақшасында да арнайы жазба қалдырып, бөліскен болатын.

Министр ең алдымен Қытай азаматтық инженерлік-құрылыс корпорациясының вице-президенті Цзян Игаомен кездесті. Компания Қазақстанда 2017 жылдан бері жұмыс істейді.Айта кетерлігі, қазіргі уақытта Қытай азаматтық инженерлік-құрылыс корпорациясының Жамбыл облысындағы ирригациялық арналарды, дренаж жүйелері мен құрылыстарды реконструкциялауды қоса алғанда, ауқымды 5 жобаны іске асырып жатыр.Тараптар суару жүйелерін цифрландыру және осы бағыттағы екіжақты ынтымақтастықты талқылады. Қытай азаматтық инженерлік-құрылыс корпорациясының өкілдері Қазақстанның су саласын цифрландыру және автоматтандыру бойынша жаңа жобаларға қызығушылық танытты.

«Цифрлық технологиялар дақыл түрлеріне, климатқа және аумаққа байланысты суды дәл және уақытылы бөлуді қамтамасыз ете отырып, су ресурстарын басқарудың тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Бірлескен күш-жігер, ресурстар мен тәжірибені пайдалана отырып, алдымызда тұрған мақсаттарға қол жеткізе алатынымызға сенімдімін»,  –деді Нұржан Нұржігітов.


Сондай-ақ министр «CITIC Gonstruction» компаниясының президенті Цзяньцян Янмен кездесіп, су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесін пысықтады. Қытайлық кәсіпкерлер Қазақстанда су үнемдеу жүйелерін шығаруға дайын екендіктерін білдірді.Өз кезегінде Нұржан Молдиярұлы жаңа суқоймалар салу және қолданыстағы суқоймаларды реконструкциялау, сондай-ақ Алматы мен Жетісу облыстарындағы суару жүйелерін жаңғырту жөніндегі министрліктің жоспарлары туралы айтып берді.

Су ресурстары және ирригация министрі «Power China» компаниясының президенті Тань Сяофэнмен де кездесті. Министрлік пен «Power China» Қазақстанның сушаруашылығы мамандарын Қытайда біліктілік арттыру курстарынан өтеді деп келісті.

Сонымен қатар Нұржан Нұржігітов қытайлық компанияға «Қазсушар» кәсіпорнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды ұсынды. «Power China» басшылығы болса, жаңа суқоймалардың құрылысына қатысуға ниет білдірді. Бұл мәселені егжей-тегжейлі талқылау алдағы уақытта жұмыс тобы деңгейінде жалғасады.

– «Power China» Қазақстанда бұрыннан табысты жұмыс істеп келеді. Компания біздің елімізде бірнеше ауқымды жобаны жүзеге асырды, сондықтан біз өзара тиімді ынтымақтастыққа ниеттіміз. Бұл біздің бірлескен жобаларымызды ғылыми сүйемелдеуді тиімдірек етеді,– деді Н.Нұржігітов.


Министрдің «China Energy International Group» компаниясының басқарма төрағасы Лю Цзэсянмен кездесуінде Қазақстанның суқоймаларында су электр стансаларының құрылысы талқыланды. Қытайлық кәсіпкерлер аталған жобаға қызығушылық танытты.Тараптар бұл мәселені толығырақ талқылауға келісті.«China Energy International Group» өкілдері Қазақстанның су саласын цифрландыру және автоматтандыру жобаларына қатысуға ниет білдірді. Сонымен қатар қытайлық компания елімізде ағынды суларды тазарту қондырғыларын орнатуға дайын екенін жеткізді.

Айжан Өзбекова
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар