Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Серпіліс пен сенімділік сыйлады

Серпіліс пен сенімділік сыйлады
Ашық дереккөз
«Астана – жастардың қаласы» деген тіркесті бұрын жиі еститінбіз. Бала кез, балаң шақтан елордамен құрдас екенімізді біліп өстік. Қиялдағы шаһарға барып, «Бәйтерек» монументін көруді біз де армандасақ керек, алып шаһарға сол кез жол түспесе де еңбек ету бұйырды.

Қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінде 2 жыл еңбек өтілім бар, кейін облыстық «Aq jol» газетінде аға-әпкелерден үйренгеніміз көп. Бір күні «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сол кездегі директоры,  жазушы,  журналист Оралхан Дәуіттің Астанаға іссапарға жібергені бар. Сол жолашар сапардан кейін араға бірер ай салып, ойламаған жерден «Egemen Qazaqstan» газетінің «Әлеумет және спорт» бөліміне тілші болып жұмысқа кірісіп кеттім.Сонау 2000 жылдары елдегі ахуалға қарамай, бағытты бас қалаға бұрған біз құралпы жастардың өзі бүгінде ел ағасы болып қалыпты. Олар етек-жеңін жиып, сан салада толымды еңбек етті. Қаланың өркендеуіне үлес қосты. Қаламен бірге өсіп, көркейді. Иә, қазірдің өзінде бас қалаға қоныс аударып жатқан жастар, жас отбасылар көп-ақ.

Өңір-өңірден тәжірибесі толысқан білікті жастармен қоса, білім-ғылым қуған зерек ұл-қыздар ағылып жатыр. Бірнеше жылда олар да шыңдалып, Астананың әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігіне дем береді. Әрі осы байланыстың тіні үзілмей, жылдан-жылға бекиді.Қалада шағын және орта кәсіпкерліктің даму қарқыны өзге өңірлерден көш ілгері. Бұл бағытты дамытуға бірінші кезекте бәсеке, сосын барып қана мемлекеттік қолдаулар әсер етсе керек. Сосын тек қалаға емес, қала маңындағы ауылдарға да туристер көп баратын болған. Қалаға іскерлік туризммен келген қонақтар реті келсе іргелес елді мекендерге, тіпті болмаса Бурабайға барады. Елордада іскерлік туризммен қатар, медициналық туризмді де ілгерілетуге басымдық берілген.

Небір емі күрделі ауруларды астаналық білікті дәрігер-хирургтар жоғары технологиялық операциялар арқылы емдеп жазды. Медициналық орталықтармен қоса, туризмге таптырмайтын қала іргесіндегі өлкелерге «Егеменде» еңбек ете жүріп жол түсті. Онымызды бірнеше мақалаға жүк еттік. Қай еңбек ұжымы, мекемеге барсаң да ересектермен тізе қосып еңбек ететін жастарды көресің. Талабы таудай қатарластардың тірлігіне сүйсінесің. Қызмет көрсету орындарында такси жүргізушісінен бастап, барлық дерлік шаруада жұмыстың ауыр-жеңілін талғамайтын жастар алдыңғы шепте тұрады. Осыны біліп, көрген соң ғана Астана расымен де жастардың қаласы екен дейсің.

Сәндібек Піренов,
журналист

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Атауда да көп сыр бар
Алдыңғы мақала
Атауда да көп сыр бар

Ұқсас жаңалықтар