Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ауылшаруашылығында алаңдататын мәселе көп

Ауылшаруашылығында алаңдататын мәселе көп
Ашық дереккөз
Облыстық қоғамдық кеңес жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл жасауын дамытумен, олардың ашықтығын қамтамасыз етумен, нысаналы индикаторларға қол жеткізуін талқылаумен, қоғамдық бақылауды ұйымдастырумен айналысатыны белгілі. Осы орайда біз облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Абдраимовпен ауылшаруашылығы, сушаруашылығы, балықшаруашылығы салаларында қандай кемшіліктер қалпына келтіруді қажет ететіні жөнінде сұхбаттасқан едік.

– Марат Жаңабекұлы, жалпы облыстық қоғамдық кеңестің құрамына кімдер енген?– Біздің облыстық қоғамдық кеңес өз қызметін 2015 жылы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 бұйрығы негізінде бекітілген «Қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу қағидалары» талаптары және 2022 жылғы 11 мамырдағы №5 хаттамамен бекітілген «Жамбыл облыстық қоғамдық кеңесінің ережесіне» сәйкес жүргізеді.2023 жылғы 12 қазандағы №39 хаттамаға сәйкес қоғамдық кеңестің шешімімен бекітілген үшінші құрамда 31 адам бар.Оның ішінде азаматтық қоғамның өкілдері – 24 адам. Мемлекеттік органдардың өкілдері жетеу болса, гендерлік құрамы бойынша әйелдер де – жетеу. Қоғамдық кеңес мүшелерінің ішінде екеуі 35 жасқа дейінгі, 18-і 35-59 жасқа дейінгі, 11-і 60 жастан асқандар.– Қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қалай шығарылады?– Қоғамдық кеңестер – мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы негізгі диалог алаңы.

Осы ретте өзара тығыз іс-қимыл халық пен азаматтарды бірлесіп атқарған қызмет туралы кеңінен хабардар ету жолымен жүзеге асырылады. Мұндай іс-шаралар оқыту семинарларын, консультацияларды өткізу, тәжірибе алмасу, бірлескен отырыстар өткізу, қоғамдық бақылау нысандарын іске асыру, азаматтардың өтініштерін қарау, сұрау салу және өзге де тәсілдер арқылы жүргізіледі. Қоғамдық бақылаудың 4 нысанын іске асыру заңның 19-бабында көзделген тетіктер арқылы жүзеге асырылады.Осыған дейін облыста қоғамдық бақылау қоғамдық мониторинг, қоғамдық тыңдау және мемлекеттік орган жұмысының нәтижелері туралы есепті тыңдау нысандарында жүргізілді.

Белгіленген өкілеттіліктер шеңберінде кеңес мүшелері заңда көзделген мәселелерді талқылау, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қоғамдық маңызы бар шешімдерін олардың қоғамдық мүдделерге сәйкестігі мәселесі бойынша жария талқылау үшін қоғамдық тыңдаулар өткізді. «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылауға қатысты.

Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережеге сәйкес мемлекеттік органның қоғамдық маңызы бар мәселелері бойынша, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мемлекеттік аппараттың ашық жұмысын ұйымдастыру мәселелері, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы бойынша жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары қаралды.Қоғамдық кеңестің 2023 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес кеңес мүшелері белсенді жұмыс атқарып, 399 мүше қатысқан 48 отырыс, 30 қоғамдық тыңдау, 28 есепті тыңдау және 15 қоғамдық мониторинг өткізді.Нәтижесінде нормативтік-құқықтық актілердің 70 жобасы қаралып, 95 пайызы бекітілді.

Қоғамдық кеңестің мониторингтік топтары денсаулық сақтау мекемелерінде жүргізілетін мемлекеттік қызмет көрсету сапасына, 2023 жылға арналған акваөсіру, яғни балық өсіру шаруашылығына қатысты өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға мән берді. Сондай-ақ асылтұқымды балық өсіруді дамытуға бөлінген субсидиялар көлеміне, Шу, Талас, Аса өзендері алаптарының су ресурстарын ауылшаруашылығы саласына пайдаланудың проблемаларын зерделеуге, құрылыс нысандарының бекітілген талаптарға және нормативтерге сай жүргізілуіне, сонымен қатар энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, денешынықтыру және спорт басқармасының қызметіне қоғамдық мониторинг жүргізді.Есепті мерзім ішінде жүргізілген 15 қоғамдық мониторингке және қоғамдық қабылдауға 540 адам қатысты.

Қоғамдық мониторингтің қорытындысы негізінде мемлекеттік органдардың қызмет көрсету сапасын арттыру жөнінде 22 ұсыным қабылданып, тиісті мемлекеттік органдарға жіберілді. Кеңес мүшелері Тараз қаласы, Жамбыл, Сарысу, Талас, Мойынқұм, Шу, Қордай, Жуалы, Байзақ, Меркі, Тұрар Рысқұлов аудандарында қоғамдық қабылдау жүргізіп, азаматтарды жергілікті сипаттағы өзекті мәселелер бойынша қабылдап, өтініш, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Тұрғындардың мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі және сапасы туралы көтерген сұрақтарын шешу жолдарын қарастыру жөнінде қоғамдық кеңестің отырысында берілген ұсынымдар тиісті мемлекеттік органдарға жолданды.

– Жалпы қоғамдық кеңес өз жұмысын атқару барысында қай салада қандай олқылық орын алып жатқанын анықтай алады. Мәселен, облыс әкімдігі ауылшаруашылығы саласында жүйелеуді қажет ететін қандай да бір мәселе бар ма?– Бар. Мысалы, «Асылтұқымды малшаруашлығын дамыту, малшаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» қағидаларына субсидия алғанға дейін «субсидия алуға үміткер тауар өндірушілерге арналған мониторинг жүргізу» тармағын қосу қажет деп есептейміз. Нақты айтқанда, бұл жерде шаруаларға субсидия беруде алдымен мониторинг жүргізіліп, сол арқылы оны кімге беру қажеттілігі анықталуы керек.

Мысалы, қолында қаржысы бар, мыңғыртып мал айдаған шаруаларға жылда субсидия беріп, қорасында азын-аулақ малы бар, мемлекеттен қолдау күту арқылы мал басын көбейткісі, асылдандырғысы келетіндердің осы көмектен шеттетіліп қалуы әділетсіздік деп есептейміз. Жылда белгілі бір ірі шаруашылықтардың қайта-қайта субсидия алып, өзгелердің бұл жеңілдікке іліге алмауы ойланарлық мәселе.

Асылтұқымды малдарды сатып алу бағытын инвестициялық субсидиялау жүйесіне қосу керек. Өйткені ол жерде тауар өндіруші өз қаржысы болмаса, несие алу арқылы көлемді қаражатын экономиканы дамытуға салады. Инвестициялық салымдар статистика органдары тарапынан арнайы есепке алынуы тиіс. Бұдан бөлек инвестициялық субсидиялау бағдарламасында өтінімдердегі деректерді алдын ала зерделеу функциясы бар.

Бұл жерде облыста малды асылдандырудың артында жылына ет және сүт өнімін екі пайызға арттыру мәселесі тұр.Ол статистика бүгінде ойдағыдай жүргізіліп отырған жоқ. Мәлімет тараптардың біріне-бірі телефон шалу арқылы берілуімен статистика жай ғана қағаз жүзінде жүргізіліп отырған болуы да мүмкін.

Бұдан бөлек кейде қандай да бір істің алға жылжуына заңның ырық бермейтін кезі де болады. Тіпті заңның өзінің орындалуына оның орысшасы мен қазақшасының екі түрлі мағынада жазылуы кедергі келтіреді. Мысалы, «Қоғамдық кеңес» туралы заңның қазақшасында «Халық алдында есеп беретін мемлекетті қалыптастыру саясаты» деп жазылған. Осы заңның орысшасында «халық» деген сөз жоқ, оның орнына «тұрғындар алдында» деген сөз жазылған.Шын мәнісінде, халық пен тұрғынның айырмашылығы жер мен көктей.

Халыққа еліміздің барлық азаматтары жатқызылса, тұрғынға облыс, аудан, қала, ауыл секілді белгілі бір елді мекеннің тұрғылықты адамдары жатады. Сол секілді субсидияға қатысты, яғни «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заңда «обеспечение строительства, содержания и реконструкции государственных пунктов искусственного осеменения сельскохозяйственных животных...» деп жазылған. Ал заңның қазақшасы түсініксіз.

Онда «ауылшаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыратын, малшаруашылығы өнiмi мен шикiзатын дайындайтын мемлекеттік пункттердi, сою алаңдарын (ауылшаруашылығы жануарларын сою алаңдарын), пестицидтердi және олардың ыдыстарын арнайы сақтау орындарын (көмінділерді) салуды, күтіп-ұстауды және реконструкциялауды қамтамасыз ету» деп атап көрсетілген. Заңның орысшасында «Ауылшаруашылық жануарын қолдан ұрықтандыратын мемлекеттік пункт», қазақшасында малшаруашылығы өнімі мен шикізатын дайындайтын мемлекеттік пункт» деп тұр.Орысша жазылған заңды қазақшаға аударғанда заңның тұтас бір тармағы мағынасынан айырылды.

О заман да, бұ заман малдың өнімі мен шикізатын дайындайтын пункт өмірі болмаған. Ол осы заңда көрсетілген «мемлекет тарапынан бүкіл малды асылдандырамыз» деген ұғымды қазақшаға аударғандар өзгертіп жіберіп отыр.Одан әрі «организация приобретения, содержания племенных животных и выращивания ремонтного молодняка для расширенного воспроизводства» деген сөз бар. Бұл қолдан ұрықтандырылып, одан туған төлді ары қарай өсіру, күтіп-бағуды міндеттейтін заң. Біз осы жолмен жүруіміз керек. Бірақ шаруалар асылтұқымды бұқа, асылтұқымды айғыр сатып әкеліп, оған субсидия алады.

Субсидия негізі адамға емес, малға беріледі. Аталған асылтұқымды айғыр шаруаның малын асылдандыруға шамасы келе ме, келмей ме, ол жағы неғайбіл, сондықтан біз осыған мән беруіміз керек. Сол себепті ветеринариялық пункттерге асылтұқымды малдың ұрығы әкелініп, шаруаның малы сол арқылы қолдан ұрықтандырылуы керек те, субсидия сол малдан алынған төлге төленуі қажет. Асылтұқымды малды көбейтудің заңды жолы – осы. Біз осы жолды таңдасақ, бір ғана шаруа емес, бүкіл ауылдың малы асылдандырылар еді.

Заңның осы талабы дәл қазіргі жағдайда орындалып жатқан жоқ. Бізде заңға қатысты мәселе көп, мысалы, бізде Ұлттық қор бар, бірақ Ұлттық қор туралы заң жоқ. Қысқасы, қазақша шатып-бұтып жазылған заңның арқасында шаруалар субасидия алудың оңай жолына көшіп алған. Міне, біздің ауылшаруашылық саласын дамытуға қатысты субсидияның қазіргі рөлі. Субсидияны әрбір шаруаға жеткізу – бүкіл малды асылдандыру. Біз осыны түсінуіміз керек.Сонымен қатар қазіргі таңда шаруалар «мал бағатын шопан жоқ» деп мәселе көтереді.

Шаруашылықтардың ішінде мемлекеттен 25 миллион теңгеге дейін субсидия алып отырғандар бар. Осындай шаруашылық иелері 25 миллион теңге субсидияның екі жарым миллион теңгесін малшыға төлеуге қимайды.Мемлекеттен қомақты субсидия алып отырған шаруа малшыға айына кем дегенде 300-500 мың теңге аралығында ақы төлесе, жұмыссыз жүргендер қой бағу үшін кезекке тұрар еді.Соңғы жылдары шаруа қожалықтар тарапынан жалған мәліметтер ұсыну арқылы субсидия алу фактілері көптеп кездесуде.

Заңбұзушылық фактілердің алдын алу мақсатында субсидия алу кезінде жалған мәліметтер ұсынған шаруашылықтардың субсидиялаудың ақпараттық жүйесі базасы арқылы арнайы тізімдерін жасақтап, қара тізімге енгізу керек.Сондай-ақ қара тізімге енгізілген шаруашылықтарды белгілі бір мерзімге (3 жылға) дейін субсидия алу мүмкіндігінен шектеу қажет.Сонымен қатар іс жүзінде нарықтық құны әртүрлі ұқсас жабдық (бірдей қуат) бойынша заттың құнын асыра бағалау тәуекелдерін болдырмау мақсатында техниканың, машиналар мен жабдықтардың қуатына байланысты субсидияларды есептеу үшін ең жоғары құнды қарастыруымыз керек.

Еліміздегі ауылшаруашылық саласында айналамыздағы малды асылдандыру бойынша бағдарламаларды толыққанды іске асыру үшін асылтұқымды мал бастарын мемлекеттік меншікке алу бойынша ұсыныс беру және осы мәселелер бойынша негіздеме мен мәліметтерді толықтырып ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне ұсыныстар жолдау маңызды.Облысымыздың шаруашылықтарына мемлекеттен бөлініп отырған арзандатылған жанар-жағармайды тарату бойынша қалыптастырылған комиссияларға шаруаға бөлінген жанар-жағармайдың мақсатты жұмсалуын бақылауды жүктеу қажет. Осы іс бойынша сенімсіз шаруашылықтардың тізімін анықтап, тиісті шаралар қолданылуын ұйымдастыру, арзандатылған жанар-жағармайды мақсатты пайдалану процестерін цифрландыру да кезек күттірмейтін мәселе.

Ауылшаруашылық малдарын өсіру, иемдену, пайдалану, емдеу жұмыстарын цифрландырып, олар туралы ақпараттарды салаға жауапты негізгі мекемелерге ортақ және өзара қолжетімді ортақ базаға орналастырудың қажеттілігі бар. Субсидияға тіркеуге арналған цифрлы қолтаңба бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментімен бірлесе отырып, екіжақты бақылау және түсіндіру жұмыстарын жасауға мүмкіндік беретін жүйе қалыптаспаса болмайды.Қазіргі таңда тыңайтқыш шығаратын «Каз-Азот» мекемесіне шаруашылықтарға байланысты жұмысты жүйелеуді ұйымдастыру керектігі байқалады.

Осы секілді мәселелерді жіпке тізе берсек, жетіп артылады.– Мұндай мәселе тағы қандай салада бар?– Барлық салада бар. Біз тек экономика мәселесіне қатысты әңгіме өрбіткеніктен оның негізгі бірді-екілі саласына ғана тоқталып өтейін. Мысалы, ветеринария саласын алсақ, ветеринариялық пункттерді екпе жасалуы тиіс мал санына байланысты арнайы елді мекендерде «модульді ветеринарлық стансалар» ретінде қажеттілікке байланысты, яғни екпе үшін «раскол – арнайы қамақ» құру, ауру малды оқшаулау алаңы, қасапхана, тағы да басқа тиісті қажеттіліктерді қалыптастыруымыз керек. Себебі ауылдық жерде ветеринария пункттерінде жан-жануарларға екпе жасауға мүмкіндік жоқ. Ірі қара малға екпе жасау үшін міндетті түрде «раскол», яғни арнайы қамақ» керек. Ірі-қара малды ұстап, оны жығып екпе жасау оңай емес.

Мамандандырылған заманауи ветеринарлық пункттер болса, ветеринарлық станса қызметкерлеріне де жасаған еңбек көлемдеріне байланысты төлемақы прейскурантын жасауға болады деп есептеймізВетеринариялық анықтама беру жұмыстарының барлығы тек интеграцияланған бірыңғай автоматтандырылған дерекқорлар көмегімен орындалу дәрежесіне жеткізілуі керек.

Ауылшаруашылығы малдарының ахуалы, иелігі туралы ветеринарлық анықтамалар беру жұмыстарының барлығы да тек баршаға ортақ доменге тіркеліп, цифрландырылып, қажетті деректермен толтырылып отыруын қалыптастыру аса қажетті іс.Қаңғыбас иттерді аулау мәселесі бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментімен бірлесіп қаңғыбас иттерді оқшаулау кезінде пневматикалық қару қолдану туралы құжаттар, шешімдер дайындалуы қажет.

Сонымен қатар облыс әкімдігі ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасы атқарып отырған қызметтерінің маңыздылығы жайында ақпараттармен азаматтық қоғамды кеңінен таныстырып, жасаған жұмыстарының нақты нәтижелерін бұқаралық ақпарат құралдарында көбірек жарияласа, мемлекеттік қызметке сенім күшейеді деп есептейміз.

Сонымен қатар өңірде акваөсіру, яғни балықшаруашылығына қатысты өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға, асылтұқымды балық өсіруді дамытуға субсидиялар берілген жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қаржыларының мақсатты жұмсалуына Қоғамдық кеңес тарапынан зерделеу (мониторинг) жүргізілуі үшін аталған мекемелер туралы мәліметтер облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан бізге ұсынылуы қажет.

ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 7-бабының 8-тармақшасының талабын орындау мақсатында тиісті мемлекеттік органның мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстық комиссияларына қоғамдық кеңес мүшелерін тарту қарастырылуы қажет.

Акваөсірудің халық арасында кеңінен насихатталуы, тауарлық балық өнімінің артуын және сапасын көтеруді іске асырудың алгоритмдері бойынша басқарма тарапынан дайындалған іс-шаралардың жоспары қоғамдық кеңеске жіберілгені ләзім.Облыста су тапшылығы проблемалары бойынша басқарма тарапынан мүдделі мекемелермен қатар үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғам белсенділерінің қатысуымен «дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, су проблемасына қатысты қалыптасқан қоғамдық пікірлер негізінде ұсыныстар дайындалып, тиісті өкілетті мемлекеттік органдарға жеткізілуі ұйымдастырылса, еш артық болмайды.

– Қоғамдық кеңес көтерген мәселелер қазір орындалып жатыр ма?– Жоғарыда сөз еткен мәселелер қоғамдық кеңесте қозғалып, былтыр сол кездерде облыс әкімі болған Нұржан Нұржігітовке, облыс әкімі аппараты, тиісті басқармалар секілді тараптарға ұсыным ретінде жолданған.

Былтыр өткен кезекті бір қоғамдық кеңес отырысында Қордай ауданындағы «Шоқпар Гагаринское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жер бөлісі шекарасында I, II, III Қақпатас өзендерін су қорғау аймақтары мен белдеулерін және оларды шаруашылық пайдалану режимін белгілеу туралы» облыс әкімдігінің қаулы жобасын қарағанбыз. Сол кезде аталған қаулы жобасындағы «Су қорғау аймақтары мен белдеулерін шаруашылық пайдалану режимі» 2-қосымшасының Су қорғау аймақтары шегінің 2-тармағының 3-4-тармақшаларында көрсетілген «судың сапасына кері әсер ететін басқа да объектілерді орналастыруға, сондай-ақ жерүсті және жерасты суларының микробпен ластану қаупіне себепші болатын басқа да объектілерді орналастыруға тыйым салынады» деген мәтіндерін нақтылау ұсынылды.

Сондай-ақ «2023 жылға асылтұқымды малшаруашылығын дамытуды, малшаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бағыттары бойынша субсидиялар көлемдерін бекіту туралы» облыс әкімдігінің 2023 жылғы 14 ақпандағы №15 қаулысына өзгеріс енгізу туралы қаулы жобасын талқылау қорытындылары бойынша облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасына ұсыным жолдадық.

Онда «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңының 7-бабы 2-тармағының 11-тармақшасына сәйкес ауылшаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыратын мемлекеттік пункттерді салуды, күтіп-ұстауды және реконструкциялауды қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпаратты қоғамдық кеңеске жолдау тапсырылған.Бұдан бөлек тиісті орынға су ресурстары және суды пайдалану, балық өсіру (акваөсіру) шаруашылығына қажетті кәсіптік білімі бар мамандар дайындау да ұсынылды.

Ал оның орындалуы тараптардың тегеурінді жұмысына байланысты.– Осы салаларға қатысты қандай да бір ұсынымдар тиісті орындарға биыл да жолданды ма?
– Жолданды. Ақпан айында «2024 жылға арналған акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды, сондай-ақ асылтұқымды балық өсіруді дамытуды субсидиялау көлемдерін бекіту туралы» жобаны талқылау бойынша облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына ұсыным берілді. Өйткені «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңының 10-бабы 5-1 тармақшасына сәйкес жасанды түрде балық өсіру және балық өнімін өңдеу міндеттелген.

Сонымен қатар «Балықшаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасының» халықты балық өнімдерімен қамтамасыз етуді арттыру және балық өсіруді (акваөсіру) дамыту үшін жағдайлар жасау мақсатын орындау бойынша облысымыздың кешенді жоспары және басқарманың кешенді жоспарды іске асыру бағдарламасы болуы керек.

2021-2023 жылдары акваөсіру (балық өсіру шаруашылығы) өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға, асылтұқымды балық өсіруді дамытуға балық өсіру шаруашылықтарына бөлінген субсидия көлемдері туралы есеп, бөлінген субсидия көлемдерін тиімді пайдалану және балық ресурстардың өсімін жасанды жолмен молайтуға және өсіруге тигізген ықпалы туралы талдау нәтижелері болуы шарт.

Осыдан 3-4 ай бұрын облыс әкімі Е.Ш.Қарашөкеевтің қатысуымен өткен отырыстың нәтижелері бойынша аймақ басшысына балықшаруашылығы жөнінде ұсыным жолданған. Себебі аталған ұсынымда көрсетілгендей, Билікөл, Ақкөл, Балқаш көлдері, Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ, Қақпатас, Ынталы, Қарақоңыз сияқты ірі суқоймаларды пайдалану арқылы жергілікті тұрғындардың балықшаруашылығымен айналысуына қажетті жағдайлар жасау маңызды. Жасанды түрде балық өсіру және балық өнімін өңдеу мақсатында ауыл тұрғындарына микрокредит берудi, жеке және заңды тұлғаларға субсидиялар төлеуді ұйымдастыру да басты мәселенің бірі.

Себебі бұл балық ресурстарының өсімін молайтуға, балықтан әртүрлі консервіленген өнім шығаруға, ең болмаса оны шығаратын шағын цехтардың ашылуына, кадрлық қамтамасыз етуге, балық өнімдерін экспорттауға, жұмыс орындарын қалыптастыруға зор ықпал етеді.Бұл жерде мәселе суайдынын пайдаланушылардың өзен-көлдің балығын сүзіп алып, оны сатумен ғана емес, өңдеу өнеркәсібін дамытуға қатысты болып отыр.

Бұл сол үшін керек.Сондай-ақ Ауылшаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыратын, малшаруашылығы өнiмi мен шикiзатын дайындайтын мемлекеттік пункттердi салуды, күтіп-ұстауды және реконструкциялауды қамтамасыз ету мәселесі де сол ұсынымда атап көрсетілді.Агроөнеркәсiптiк кешені салаларын дамытуға бағытталған субсидиялаудың экономикалық тиiмдiлігіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, бағалауды жүзеге асыру – қазіргі заман талабы. Өндiрiлген өнiмнiң сапасын және бәсекеге қабілеттілігiн арттыру жағдайында агроөнеркәсiптiк кешен салаларын дамытудың экономикалық ынталандыру тетіктерін қарастыруымыз қажет.

Өйткені бұл жеке ауладағы асылтұқымды малшаруашылығын дамытуға (субсидияның әр үміткерге қолжетімділігі), ветеринариялық пункттердің жұмысын жандандыруға (өзін-өзі қаржыландыруға жағдай жасау), субсидиялардың шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы рөлін нақтылауға (асылтұқымды мал басының санағы) әсер етеді.Мамыр айының ортасында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл филиалына да 4 проблемалық құрылыс объектісі туралы ұсынымды «Қазсушар» Жамбыл филиалына жолдағанбыз.

Онда «Жамбыл ауданы аумағындағы «Райс» су каналы проблемалық құрылыс объектісінің жұмысын сапалы және мерзімінде аяқтау және қолданысқа беру жұмыстарын қамтамасыз ету туралы ұсыныс енгізілсін. Аталған 4 проблемалық құрылыс объектілеріне қатысты құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімін белгілей отырып, жұмыс кестесі облыстық қоғамдық кеңеске ұсынылсын. «Қазсушар» РММ Жамбыл филиалының 2024 жылға бекітілген немесе жоспарланған Жол картасы облыстық қоғамдық кеңеске ұсынылсын» деген мәтіндер бар. Әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан
 Нұрым Сырғабаев 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар