Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаңа салық кодексінен не күтеміз?

Жаңа салық кодексінен не күтеміз?
Ашық дереккөз
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында жаңа Салық кодексі жобасының таныстырылымы өтті.

Айта кету керек, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 2022 жылдың соңында салалық қауымдастықтар өкілдерінен, кәсіпкерлерден, салық кеңесшілерінен тұратын жұмыс тобын құрған болатын. Кәсіпкерлерді кеңінен қамту үшін Ұлттық кәсіпкерлік палатасы жанынан экономиканың негізгі секторлары бойынша қосымша салалық кіші топтар құрылды. Мәселен, бизнес-қауымдастық өткен жылы Үкіметке кодекске түзетулер енгізу тұжырымдамасын ұсынды. Онда салық салу рәсімдерін жеңілдетуге, бизнес үшін әкімшілік жүктемені азайтуға және шағын және орта кәсіпкерлікке бағытталған бірқатар негізгі өзгеріске ерекше назар аударылған.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жәркенов өз сөзінде жаңа құжат құрылымы палатаның салық салу жүйесін оңайлатуға бағытталған бастамаларына негізделгенін баса айтты. Негізгі қағида ретінде үш режимге бөлу ұсынылды: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, шағын және орта бизнес үшін, сондай-ақ ауылшаруашылығы қызметкерлері үшін.
Сондай-ақ Тимур Жәркенов бизнес қауымдастығын толғандырып жүрген, қосымша талқылауды қажет ететін бірқатар мәселе бар екенін атап өтті. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының күш-жігері корпоративтік табыс салығы нормасын өзгертуге бағытталды.

Қадағалайтын ведомстволармен бірлескен жұмыс нәтижесінде нақты саралау енгізіледі. Бұл өндіріс орындарына айтарлықтай көмек болмақ.– Қолдау бірыңғай жиынтық салықтың бөлігі ретінде кірістің 2 пайызын төлеу мүмкіндігінен тұрады. Қызметкерлер санына шектеу қойылмайды. Қазір бұл шекті көрсеткіш жылына 500 миллион теңге деңгейінде қалып отыр, бірақ біз оны 2 миллиард теңгеге дейін көтеруді ұсынып отырмыз. Заңды тұлғалар үшін жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте 10 пайыз және жеке кәсіпкерлер үшін 5 пайыз, – деді Тимур Жәркенов.


    Өз кезегінде  Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері Мемлекет басшысының тапсырмаларымен сәйкес келетін салық санын қысқарту, салық жеңілдіктерін тексеру, инвестициялық әлеуетті ынталандыру, ставкаларын саралау сияқты мәселелер бойынша ведомствоның ұстанымын түсіндірді.Бұдан өзге Салық кодексін әзірлеу барысында мұнай-газ секторы, тау-кен-металлургия саласы сияқты экономиканың жүйе құраушы салаларына салық салу, сондай-ақ отандық өңдеуші кәсіпорындардың даму әлеуетін ынталандыру мәселелері қаралды. Таныстырылым барысында шағын бизнеске салық салу мәселелері де көтерілді.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов өз баяндамасында салықтық әкімшілендіруді жаңарту және салық органдары тарапынан бақылауды барынша цифрландыру қажеттігін атап өтті. Қаржы министрлігі Салық төлеушілердің хабарламаларын жіберудің ағымдағы жүйесін, жекелеген салық төлеушілер үшін салық төлеуді кейінге қалдыру (бөліп төлеу) жөніндегі талаптарды жеңілдетуді және камералдық бақылау рәсімдерін қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасын іске асыру аясында салық есептілігінің көлемін қысқарту жоспарлануда.

Анар Әуесбек,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
 3-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар