Қарулы қақтығыстардың тәжірибесі бағыныстылардың өмірі мен әскери бөлімшенің жауынгерлік міндеттерді орындауына, сарбазға үлгі болатын сержанттың дайындығына, оның тәжірибесіне, психологиялық тұрақтылығына, ұрысты ұйымдастыруы мен оны өз деңгейінде басқару қабілетіне байланысты екенін нақты көрсетті.Қазіргі кезде көптеген жағдайда жауынгерлік тапсырмаларды шағын ұтқыр топтардың орындауы кіші командирлердің жұмысының маңызды екенін байқатты.Тәуелсіз Қазақстан армиясында кәсіби сержанттар жүйесі бірінші болып дами бастады. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің бастамасымен кадрларды оқыту және даярлау үшін 1996 жылғы 1 шілдеде Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусы құрылды. Әскери оқу орны бірінші күннен бастап қару-жарақ пен әскери техниканы жетік білетін, сарбаздарды оқытуға, тәрбиелеуге және жетелеуге қабілетті жоғары білікті кіші командирлік құрамды даярлауға кірісті.2001 жылы бөлімше командирінен бастап Қарулы Күштердің бас сержантына дейінгі сержанттар корпусының жүйесі құрылды. Бүгінде ол Қазақстан армиясының барлық буындары мен басқару органдарын қамтиды. Мұндай жүйе офицерлерге жүктемені азайтуға, оларға тән емес міндеттерді орындаудан арылуға және тактикалық міндеттерді жоспарлауға, басқаруға және дамытуға назар аударуға мүмкіндік береді. Күн тәртібінен бастап, барлық күнделікті іс-шаралар, сондай-ақ сарбаздарды жеке даярлау, оларды оқыту және тәрбиелеу сержанттар құрамына жүктелді.
2005 жылдан бастап қолданыстағы сержанттардың атақтары «3-сыныпты сержант», «2-сыныпты сержант», «1-сыныпты сержант», «штаб-сержант» және «шебер-сержант» аға және жоғары сержанттар құрамының атақтарымен толықтырылды. Осылайша кіші командирлер жігерлендіріліп, олар қызметтік өсу перспективасымен қамтамасыз етілді.Қазіргі таңда сержанттар құрамы Қазақстан армиясының ажырамас бөлігі әскери дайындық, бөлімшелердегі әскери тәртіптің жағдайы және жеке құрамның моральдік-жауынгерлік рухы көбінесе сержанттардың кәсіби шеберлігіне байланысты.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінде сержанттармен жұмыс бөлімін штаб сержанты Рауан Әлімбетов басқарады.Кадет корпусының 2005 жылғы түлегі Р.Әлімбетов 22 жылын әскери қызметке арнаған. Жасақ командирінен Өңірлік қолбасшылықтың бас сержантына дейін қызмет сатысымен жоғарылаған, тоғыз гарнизонда жемісті еңбек еткен тәжірибелі маман сержанттарға үлгі-өнеге болып жүр. – Сержанттарға оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру мен өткізуде маңызды міндеттер жүктеледі.Ал бұл жұмысты атқару үшін сержанттар жоғары адамгершілік қасиеттерге ие бола отырып, жас жауынгерлерге үлгі көрсетуі керек. Олар темірдей тәртіпті сақтап, міндетіне жауапкершілікпен қарауы керек.Қол астындағылардың өмірі мен әскери бөлімнің жауынгерлік тапсырманы орындауы сержанттардың дайындығына, тәжірибесіне, психологиялық тұрақтылығына, ұрысты ұйымдастырып, оны өз деңгейінде басқара білуіне байланысты. Біздің өңірлік қолбасшылықтың сержанттары өздеріне жүктелген міндеттері мен жұмыстарын лайықты деңгейде атқаруда, – дейді Р.Әлімбетов.
Отряд командирлері, взвод, рота, батальон және бригада сержанттарының барлығы да Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусында шыңдалып шыққан. Қазіргі уақытта Кадет корпусы Қорғаныс министрлігінің Әскери колледжі болып қайта құрылды. Алайда оқу орнының мақсаттары мен міндеттері өзгерген жоқ. Білім ордасы армия үшін кәсіби сержанттардың негізгі ұстаханасы болып қала береді.
Әскери колледждің жас түлектері де бір жүйе бойынша білім алғаны даусыз. Сондықтан сержанттар арасындағы жұмыстың принциптері мен тәсілдері бірдей. Әр сержанттың мақсаты бір, мүддесі ортақ. Ол – кадрларды оқыту мен тәрбиелеу, олардың жан-жақты қамтамасыз етілуіне қамқорлық жасау.Бұл сарбаздар өз қызметі арқылы Қарулы Күштердің сержанттар корпусын нығайтуға және офицерлердің бірінші көмекшісі ретінде сержанттардың рөлін арттыруға зор үлес қосуда.
Ақтоты Жаңабай