Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кеудемді мақтаныш кернейді

Кеудемді мақтаныш кернейді
Ашық дереккөз
Бала кезімде мемлекеттік қызметкерлердің сөйлеген сөздері, жүріс-тұрысы, киген киімдері, тұтынатын заттары, адаммен қарым-қатынасы – барлығы қатты қызықтыратын, солардай болғым келуші еді. Әулетіміз, қазақ айтқандай, «би болмаса да, би түсетін үй» болғандықтан меймандардың шаңырағымыздың төрінде отырып айтқан әңгімелерін еліте тыңдайтынмын. Осы арман-тілек кейін менің мемлекеттік қызметке деген ынтамды арттыра түсті.

Мемлекеттік қызмет дегеніміз не сонда? Бұл сұраққа іле-шала бірден және толыққанды жауап беру мүмкін емес. Меніңше, ол – ғарыштық жылдамдықпен дамып келе жатқан өркениетке ілесу, халық алдындағы зор жауапкершілік, қызметте қарым-қабілетіңді жанкешті еңбегіңмен дәлелдеу, ең бастысы – Отаныңа адал болу. Сонымен бірге ол – мазасыз күндер мен ұйқысыз түндер. Ол – салауатты өмір салтына өзіңді де, өзгені де бейімдеу.Бүгінгі таңда менің мемлекеттік қызмет саласында жүргеніме 17 жыл болыпты. Алғашында аудан әкімдігінде жетекші маман, бас маман, бүгінде облыс деңгейінде бөлім басшысы лауазымын атқарудамын.Яғни қызмет баспалдағымен көтеріліп келе жатқан жанмын.

Бұл – мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидасының бір көрінісі.«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 8-тарауының 49-бабында мемлекеттік қызметшілердің заңдылық қағидатын басшылыққа алуға, мемлекеттік саясатты жақтауға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, өзінің әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекеттік қызметке кір келтіретіндей әрекеттер жасауға жол бермеуге, мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенімін сақтауға және нығайтуға міндетті екені көрсетілген. Сонымен қатар  ол жалпыға ортақ қабылданған моральдік-әдептілік нормаларын сақтауға, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісі болуға, қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден лауазымдық өкілеттіктерінен тыс тапсырмалар орындауын талап етпеуге талпынуы керек. 

Алғаш қызметке келген күннен бастап мен осы міндеттерді бұлжытпай орындауға бар күш-жігерімді жұмсаудамын. Өзіммен бірге мекемеде қызмет етіп жүрген әріптестеріме қарай жүріп, олардың да осынау мүдде үдесінен шығуға, тәуелсіз Отанымыздың мемлекеттілігін нығайта түсуге деген құлшыныстарын байқаймын. Олардың әрбір оң қадамы мен игілікті ісі біздің ел алдындағы абыройымызды арттыратыны сөзсіз.Қызметкер ретінде қарапайым халық өкілдеріне еліміздің дамуында біздерге жүктелген міндеттер мен атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жайлы баяндаудан еш жалыққан емеспін.
Менің әріптестерім де қызмет барысында әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болып, адамдар арасында өздерін ұстай біледі, ұжым басшымыз да мемлекеттік қызметке адал болуды, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді, яғни өз қызмет бабын бас пайдасына асырмауды қызметкерлерінен талап етеді және үнемі қадағалап отырады.

Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Абай атамыздың «өзіңе сен, өзіңді алып шығар...» дегені де осы емес пе?!Төле бидің  «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген аталы сөзі  бізге бағытталғандай әсер етеді маған. Ең алдымен, мінсіз қызмет, әділ шешім, адамгершілік қасиет барлық қызметшінің бойында болуы керек. Сонда ғана біздің ой-санамызда жеке мүдде емес, елдің, жердің мүддесі тұрады.Мен мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан білдірілген зор сенім екендігін түйсінемін. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды!» деген қанатты сөзі мені әрдайым биікке жетелейді.Иә, мемлекеттік қызмет – ұлтқа қызмет ету, мемлекетке адал болу!Егемен ел іргетасының бекем болуының бір кілті – бізде, яғни мемлекеттік қызметте. Мен бабалар аманат еткен қарашаңырақ – Қазақстан атты ұлы далада мемлекеттік қызметте жүргенімді әрқашан мақтан етемін!

Айсұлу Құттыбаева,
облыс әкімдігінің 
денсаулық сақтау басқармасы
медицина мамандарымен жұмыс
 бөлімінің басшысы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар