«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, шаруалар үшін жауапты кезең саналатын шөп шабу науқаны қазір қыза түсті. Шаруалар үшін жаздың әр күнін тиімді пайдалану маңызды. Биыл да аудан шаруалары қыстың қамына ерте кірісіп, ауа райының қолайлы уақытын пайдаланып, маусым айының басынан бастап шөп жинау науқанына жедел кірісіп кетті.Қысқы мал азығын дайындау жұмыстарына ерекше атсалысып жатқан агроқұрылымдардың бірі – Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылындағы «Қосбастау» шаруа қожалығы. Шаруашылыққа ат басын бұрғанымызда егіс алқабында шөпті тіркемеге тиеп жүрген Беклан Батыршаны жолықтырып, шөп ору жұмыстары жайында әңгіме өрбіттік.Қожалық иесінің айтуынша, шаруашылыққа тиесілі 333 гектар жер бар, оның 80 гектарына бидай, 30 гектарына арпа, қалған 70 гектарына таза жоңышқа егілген, қалған жері парда.Бекланның әкесі Талғат ұжымшарда меңгеруші болып жұмыс істесе, ал анасы мектепте ұстаз болған. Қазіргі таңда зейнет демалысында. Бес ағайынды азаматтың кенжесі Беклан осы күні қожалықты өзі басқаруда. Жеті жылдан бері әскери бөліммен келісімшартқа отырып, бөлімге шөп тасымалдау ісімен айналысып келеді. Жас та болса бас болып жүрген Беклан бала кезінен трактор жүргізуге қызығып, техника бұзыла қалса өзі жөндейді екен. – Жыл сайынғы дәстүрлі шөп шабу науқанына техникаларды дайындап, жақында іске кірісіп отырмыз. Ең бастысы, оңтайлы сәтті тиімді пайдаланып, мал азығын уақытылы жинап алуымыз керек. Шөп ору науқаны ауылда әлі де толық басталған жоқ. Жұмысқа енді ғана кірісіп жатырмыз. Алдағы уақытта өзге ауылдардан көмек сұрамай, өз техникамызбен науқанды аяқтаймыз деген ойдамыз», – дейді ол.
Шаруа қожалықтың техникалары да шөп шабу науқанына сақадай сай дайын тұр. Науқандық жұмыстарға өзінің екі інісі Бекасыл мен Нұрислам қолғабыс етуде. Екі трактор, бір шөптайлағыш, бір шөп ору техникасымен кіріскен қожалық алдымен әскери бөлімге шөп тасу жұмысын бастап кетіпті.Әңгіме барысында қожалықтың жетекшісі Бекланнан жасыл орақтың барысын да сұраған болатынбыз.
– Шүкір, биыл мамыр айында жауын-шашын мол болды. Ал маусым айы басталысымен аптап ыстық болып тұр. Бұл біз үшін қолайсыз жағдай тудырады. Дала өртінен сақтану үшін таңғы және кешкі салқын мезгілді тиімді пайдаланып, шөп орудамыз. Дегенмен шөптің шығымдылығы жаман емес, жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда орташа деңгейде. Таза жоңышқаға орақ әлі түскен жоқ. Оны бір аптадан кейін бастайтын боламыз. Шөп шабу науқанын жүргізу үшін жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай алудамыз, – дейді шаруа азамат.
Халқымыз «Шөмелені шөбім бар деп айтпа» деген. Олай болса, мал азығын дайындау жұмыстары айтуға оңай болғанымен, шаруаға жеңіл соқпайтыны анық. Қалай болғанда да берекелі жаздың қолайлы күндерін тиімді пайдаланып қалған жөн.Қазір қол қусырып қарап жататын уақыт емес. Еңкейіп еңбек еткен адамның еңсесі биік болмақ. Мұны жуалылық фермерлер жақсы түсінеді. Сондықтан да шаруалар шөп ору науқанына бар күшін жұмылдыруда. Әсіресе пішеншілер ауа райының ашық күндерінде шөпті шауып, оның нәрі жойылмай тұрғанда жинап алуды басты мақсат етіп, аптап ыстыққа қарамастан дала төсінде тынымсыз еңбек етуде.Шөп ору науқанының бірінші орымы аяқталып, екінші орым басталар тұста арпа-бидайға орақ салатын уақыт та келіп жетеді. Жыл сайын кезең-кезеңімен келетін науқанды жұмыстарға күні бұрын дайындалып қою еңбек адамдары үшін қалыпты жағдай. Сапар барысында егін егумен айналысатын шаруашылықтар арпа-бидай орағына да дайындалып жатқанын аңғардық.Ерте көктемнен бастап, ала жаздай дала төсінде жүрген диқандардың еңбегі еш болмаса, олардың несібелері артып, аудан тұрғындарының да абыройы асқақтай түседі.
Лаура Мұсабекова,
журналист,
Жуалы ауданы