Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Маңғаз даладағы молшылық

Маңғаз даладағы молшылық
Ашық дереккөз
Қырда мал баққан шаруа үшін де, жер емген диқан үшін де қазір арқадан бір сәтке болсын ауыр жүк түскен оңтайлы сәт. Себебі шаруаның бірі төрт түлігін төлдетіп, малын қырықтықтан өткізсе, енді бірі көктемгі дала жұмыстарын аяқтап, жер-анаға сіңірген маңдай терінің өтеуін күзгі жиын-терінде еселеп қайтаратынынан үмітті.

Жергілікті шаруаларға демеу көрсетіп, істі ширата түсуде белсенділік танытып отырған ауданның бірі – Мойынқұм ауданы. Мұнда ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы ақшалай көлемі жыл басынан бері 2,5 миллиард теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 100,7 пайызды құрапты. Есепті кезеңде мүйізді ірі қара 62,1 мыңға, жылқы 13,9 мыңға жетіп отыр.  Түйе 1,3 мыңды құрап, 100 басқа өскен. Ауданда 191,8 мың уақ мал болса, былтырғыға қарағанда қой-ешкі 4,3 пайызға кеміпті. Бұл сірә, ауданда өткен жылды айтпағанда, 5 айда тірі салмақта 2 тонна ет өндірілуінен болса керек. Мойынқұмдықтар осы уақыт аралығында 1,9 мың тонна сүт пен 4 миллион жұмыртқа өндірген екен.– Осы жылға 965 гектар жерді жырту жоспарға қойылып, меже 100 пайызға толық орындалды. Тарқата айтсақ, жаздық масақты дақыл 100, көпжылдық шөп 260, көкөніс 70 гектарға егілді. Көкөністің ішінде 18 гектарды қырыққабат, 12 гектарды сәбіз, 18 гектарды қияр, 22 гектарды қызанақ құрайды. Ал 205 гектарға бақша дақылдары, 300 гектарға дәндік жүгері орналастырылды.Мойынқұм ауданы бойынша барлық ауылшаруашылық техникаларының саны – 535. Оның ішінде 281-і трактор, 34-і соқа, бесеуі қопсытқыш, екеуі дәнсепкіш.Аталған техникалардың барлығы көктемгі дала жұмыстары барысында толық қолданылды. Сонымен қатар осы айтулы науқан барысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған ауылшаруашылық өндірістері кооперативінің техникаларын пайдалану үшін жұмыс істеу тарифтері бекітіліп, егістік алқаптарын тазалау және тегістеу, арық қазу секілді жұмыстар жүргізілді.

Атап айтқанда, дизель отынынан бөлек, 1 гектар жерді жыртып, тегістеп-малалау жұмыстары үшін 25 мың теңге, тек тегістеп-малалауға 15 теңге, 1 метр арық қазу жұмыстарына дизель отынын қосқанда 70 теңге, жүк артқыш техниканың тәуліктік ақысына 70 мың теңге, «КамАЗ» жүк көлігіне 40 мың теңге баға бекітілді.Биыл аудан бойынша 965 гектар жыртылған жерді қосқанда 3,8 мың гектар алқапқа егін егу жоспарланып, бекітілген жоба облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасына жолданды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,9 мың гектарға кем жоспарланып отыр. Себебі Кеңес ауылдық округіне қарасты «Тоқсейт» каналының бойында орналасқан суармалы жерге ағын су бармауының салдарынан биыл егіс көлемі кеміді.Осы жылдың өніміне егілетін жаздық ауылшаруашылық дақылдарының тұқымының дайындығы ойдағыдай, аудан көлемінде шаруа қожалықтардың тұқымы 100 пайыз дайындалды. Жалпы 821 тонна тұқым алынып отыр. Оның ішінде жоғары сапалы тұқымның көлемі – 62,7 тонна, бірінші репродукциялы тұқымының көлемі – 40,9 тонна. Оның 27 тоннасы жүгері болса,13 тоннасы арпа. Екінші репродукциялы 21,1 тонна тұқымының 11 тоннасы жүгері, 8,2 тоннасы арпа, қалғаны көпжылдық шөп. Үшінші репродукциялы тұқымының 400 келісі жүгері, 300 келісі арпа, – дейді аудан әкімдігі ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Қуандық Төлеубеков.


Аудан бойынша 3 805 гектар суармалы егістік алқабының құнарын арттыру үшін 314,7 тонна минералды тыңайтқыш сатып алу жоспары қойылған.Оның 2 840 гектары 2-3 жыл бұрын егілген көпжылдық шөп. Ол жер минералды тыңайтқышты қажет етпейді екен. Қалған 965 гектары жаңа егістік.2024 жылға «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес Мойынқұм ауданына 20 тонна минералды тыңайтқыш алу жоспары бекітіліп, Бірлік ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған «Байбарақ Агро» ауылшаруашылық кооперативі 160 гектарға 40 тонна минералды тыңайтқыш енгізіпті. Қалған шаруалар минералды тыңайтқыш алудан бас тартқан.Ауданда ауылшаруашылық саласын дамыту мақсатында  су үнемдеу технологияларын енгізу жоспары 11 гектарды құрапты. Аталған көрсеткішті орындау мақсатында Кеңес ауылдық округінен «Мерей», Қызылтал ауылдық округінен «Хусейн» жеке кәсіпкерлігі мен Биназар ауылдық округінің жеке кәсіпкері Салтанат Абилкаева егістік алқаптарды тамшылатып, жаңбырлатып суару бойынша тиісті жұмыстар атқарып жатқан көрінеді.

Осы жылы 5 ауылдық округ бойынша 164 шаруа иесімен келісімшарт жасалып, 1236,1 гектар ағын сумен қамтылыпты.Аудан көлемінде мал азығын дайындауға белгіленген жер көлемі 27 159 гектар болса, оның ішінде көпжылдық шөп – 3102,0 гектар. 2024 жылдың 11 маусымына 2110,0 гектар көпжылдық шөп шабылып, жоспар 68 пайызға орындалыпты.Аудан көлемінде егіншаруашылығымен айналысатын азаматтар арасында «Кең дала» бағдарламасы аясында несие алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліпті. Алайда шаруа иелерінің егістік жерлерінің көлемі 1,2 гектарды ғана құрағандықтан олар жеңілдетілген пайызбен несие алудан бас тартып жатса керек. Десе де көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін шаруаларды арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мақсатында 130 тонна дизель отынына онлайн түрде тапсырыс беріліп, бірыңғай оператор болып жеке кәсіпкер М.Есенхожаев белгіленген екен. Арзандатылған дизель отынының бағасы 250 теңгені құрап, нарықтағы бағадан 16,6 пайызға төмен бағада босатылыпты. Аталған 130 тонна дизель отыны ауданға дер кезінде жеткізіліп, толық көлемде шаруашылық иелеріне таратылған.

– Алдағы уақытта бізді күзгі дала жұмыстары күтіп тұр. Әне-міне дегенше жаз да өте шығып, жиын-терін науқаны басталады. Сол кезде шаруалар жанар-жағармайдан тарықпауы керек. Осы мақсатта, яғни алдағы күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін аудан көлеміндегі шаруалардан 135,5 тонна дизель отынына сұраныс түсіп, облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасына өтінім жолданды.
Жалпы көктемгі, күзгі дала жұмыстары техниканың күшімен атқарылатыны белгілі. Бұл ретте мүмкіндігінше жаңа техникаларды пайдалану, ауылшаруашылық техникасын шетінен жаңарту өзекті мәселе. Облыстың 2023-2028 жылдарға арналған «Даму» жоспарына сәйкес Мойынқұм ауданы бойынша 25 трактор сатып алу ойластырылған. Жалпы аудан бойынша тіркелген тракторлар саны 535 болса, осы жылдың 18 маусымына дейін жыл ішінде 13 трактор сатып алынып, жаңару көрсеткіші 2,4 пайызды құрады. Жоспар жыл қорытындысымен толық орындалатын болады.Биыл елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында ауылшаруашылық саласына 36,1 миллион теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу рәсіміне сәйкес  жеңімпаздар анықталды. Осылайша тоғандарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Жамбыл ауылындағы «Алайғыр» каналын механикалық тазалау жұмыстарына 2 миллион 998 мың теңге, Қызылотау ауылдық округі, «Күшаман» каналының механикалық тазалау жұмыстарына үш миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар Кеңес ауылындағы Биназар каналының бас бөлігін байлау жұмыстары үшін 7 миллион теңге бөлінді.

Дәл осындай жұмыстарды атқару үшін  Назарбек ауылындағы «Байбарақ» каналына 6 миллион 170 мың теңге, Көкжелек каналына 4 миллион 467 мың теңге, Жамбыл ауылындағы «Алайғыр» каналына 2 миллион теңге, Қызылотау ауылындағы Шу өзеніне 2 миллион 500 мың теңге, Мойынқұм ауылындағы «Ақиық» каналына 2 миллион теңге қаралды. 6 миллион 34 мың теңге «Байбарақ» каналының жағасын нығайтуға бағытталды. Бүгінде Жамбыл және Қызылотау ауылдық округтеріндегі тоғандардың механикалық тазалау жұмыстары және «Байбарақ» каналының жағасын нығайту ісі толық көлемде аяқталды. Алайда «Биназар», «Байбарақ», «Алайғыр» каналдарының байлау жұмыстары аяқталғанымен 2024 жылдың 25 мамырында Тасөткел суқоймасынан секундына 86 текше метр су Шу өзеніне жіберіліп, аталған байлауларды және «Биназар», «Байбарақ» каналдарының жағасын бұзып кетті. Ол бойынша арнайы хаттамалармен акт толтырылды. Бұзылған байлауларды қайта қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылуда.Аталған жұмыстарды атқару үшін ауылдық округ әкімдері жобалық-сметалық құжаттама дайындады. Жалпы жобаларға қажетті қаражаттың көлемі – 29,5 миллион теңге, – дейді Қуандық Серікбайұлы.


Аудан көлемінде мал тұқымын асылдандыру бағытында 13 шаруа қожалық жұмыс істеп жатса, оның ішінде мүйізді ірі қара саны – 8 466. Оның ішінде 7 925-і қалмақ, 391-і ангус, 150-і ақбас тұқымды сиыр. Сонымен қатар уақ мал ішінде 7 200 қылшық жүнді асылтұқымды қой бар екен.Мойынқұм өңірінде тынымсыз тер төгіп, табыс тайқазанын тасытып отырған агроқұрылымдардың  бірі – «Үркер» шаруа қожалығы. – Мойынқұм ауданы егіншаруашылығына қолайсыз. Сондықтан да мұндағы жергілікті тұрғындар мал ұстауға ден қойған. «Үркер» шаруа қожалығы да атакәсіпті дамыту үшін 2002 жылы құрылып, осы күнге дейін малшаруашылығы саласында жемісті жұмыстарды атқарып келеді. Бүгінгі таңда «Үркер» шаруа қожалығында 877 мүйізді ірі қара, 4 931 уақ мал, 218 жылқы бар. Сиыршы болып 3 адам жұмыс атқарса, әр сиыршының бір айлық жалақысы 250 мың теңгені құрайды. Сол секілді 6 шопанға да айма-ай 250 мың теңгеден төлеп отырмыз. Шопан тапшылығына байланысты уақ малды 15 күн бір адам, қалған жарты айды бір адам кезектесіп бағады. 2 жылқышым бар. Ол да осы көлемдегі еңбекақыға келісіп жұмыс істеп жүр. Барлығы да осы ауданның тумалары. Еңбекақымен қоса айына бір қой  беріледі және азық-түлік тегін.Қыс мезгілінде үш табын сиыр, үйір-үйір жылқы мен алты отарды Шаян, Сарыбас, Қарабас, Зейнеп, Қоңырбай, №23 мал жайылымындағы қыстауда ұстаймыз. Көктем шыға Сарыөзек, Қараөзек, Басқарабас, Мәйек секілді жайлауға көшеміз, – дейді шаруа қожалық төрағасы Шаймерден Исабеков. 


Шаруашылық биыл қылқұйрықтыдан 60, мүйізді ірі қарадан 70, уақ малдан 80 пайыз төл алыпты. Сақпан уақытында қосымша  адам жалдап, оларға 300 мың теңге еңбекақы төлепті. Қырқын уақытында маңайға қырықтықшы болып танылған Т.Рысқұлов ауданының Қызылшаруа елді мекенінен шыққан 12 азамат Мойынқұмға барып, алты отарды бес күнде қырқып беріпті. Қырқыншылар бір сойыс мал және тегін ас-сумен қамтамасыз етілген. Олар әр қойды 600 теңгеден қырыққан. Шаруашылық иесі алты отар малының жүнін қырқуға 3 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалғанын айтып, ал жүн түкке жарамай қоқысқа тасталғанына қынжылды. Оның айтуынша, бүгінде ауылшаруашылық малынан өндірілетін тері мен жүн-жұрқаға сұраныс жоқ. Малдың терісін ит, жүнін бит жегенше өңірде өңдеу өнеркәсібі дамыса, биязы жүннен жіп иіріліп, тоқыма өнеркәсібі арқылы әжетке жараса, терісі киім, аяқкиім өндірісі мен қайыстан жасалатын басқа да бұйымдарға қолданылса, кәнеки!  Шаймерден Исабековтің ұсынысы орынды. Егер өңірде мал терісі мен жүнін өңдейтін өнеркәсіп іске қосылса, жүн мен теріге деген сұраныс та артады. Осы арқылы малшы пайда табумен қатар, қырқыншының еңбегі үшін қаражатты басқа көзден қарастырмайды.«Үркер» шаруа қожалығында тіркелген ауылшаруашылық техникаларының саны ауыз толтырып айтарлықтай. Бүгінде Шу бойының жағасында мал азығын дайындау науқанына 17 техника жұмылдырылыпты. 

– Шөпті Басқарабас, Қараөзек шабындығынан шауып жатырмыз. Жалпы иелігімде 324 гектар шабындық, 5 853 гектар жайылым, 14 гектар суармалы жер бар. 14 гектар жерге мал азығы үшін арпа, жүгері ексек, шөпті аталған шабындықты ору арқылы жинаймыз. Шөп ору науқанына жұмылдырылған техникалардың қатарында 1 комбайн, 4 орақ, 2 тырма, 4 шөп тайлағыш, 4 жүк тиегіш, 15 МТЗ-80, МТЗ-82 тракторы мен 15 тіркеме бар.Бүгінде біздің ауданда механизатор тапшылығы қатты сезілуде.

Сондықтан әркімге хабарласып жүріп, биыл Қарақалпақстанның Нүкіс қаласынан 7 адамды айына 350 мың теңгеге жалдадық. Жалпы механизаторлар айына 350 мың теңге алса, өзге жұмысшыларға 250 мың теңге төленеді.Қазір іс басында 25 адам жүрсе, оның ішінде екі аспаз және тайланған түкті көлікке тиейтін азаматтар бар. Негізінде шабылған шөптің дені орама (рулон) ретінде дайындалады. Кейбір тайланған түк болса, оның біреуін жұмысшылар 70 теңгеден көлікке артып береді. Шөпшілер екі бригадаға бөлініп еңбек етуде. Жоспар бойынша, мал азығы ретінде 8 мың орама шөп дайындауым керек. Осы істің барлығы ақылы болса да көптің көмегімен атқарылуда, – деді Шаймерден Әміреқұлұлы.

Біз мойынқұмдық шаруамен тілдесу барысында мыңғыртып мал айдаудың, істі ұқсатудың оңайға соқпайтынын аңғардық. Сонымен қатар маңғаз далада малшаруашылығы дамып келе жатқанын ұғындық. Атакәсіпті нан табуда өмірлік ісіне арқау еткен осындай қожалық иелері барда жұрт жұмыссыз қалмайды, иен даланың да иесіз емес екенін өзгелер олардың төрт түлігінің тұяқ дүбірі арқылы сезінеді. Мүлгіген дала да қысы-жазы еңбек дүбірінен босамайды.

Нұрым Сырғабаев 
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар