Көз көрген шәкірттері Ар-аға деп еркелете айтатын Алаштың арда азаматы 1937 жылы 17 маусымда Байзақ ауданының Қосы батыр (бұрынғы Қарасу) ауылында дүниеге келген. Қайраткер 1937 жылы Түймекент орта мектебін, Жамбыл қаласындағы Абай атындағы педагогикалық училищесін, Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. Алайда университетте оқып жүргенде анасының денсаулық жағдайына байланысты студенттік өмірдің өзіне тән қиындығы мен қызығына қанып үлгермеген екен. «Тағдыр менің пешенеме ұзақ уақыт студент болуды жазбаса керек. 1957 жылы Жамбыл облысындағы педагогикалық училищені үздік бітіргеннен кейін бұрынғы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға қабылдандым. Мен оқыған топта белгілі жазушылар Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, оңтүстіктің тумасы, марқұм досым Ілияс Байбаровтар оқыды.
Студенттік жылдарда небір қызықты, қиын жағдайларды бастан кешірдім. Қиын деп отырған себебім, біздің заманда жалпы елдің тұрмысы, әсіресе студенттердің әлеуметтік жағдайы төмен болатын. Кисе киімге, ішсе тамаққа жарыған жоқ. Алайда толыққанды студент бола алмадым. Себебі мен үйдің жалғызы едім. Ағам соғыста шейіт болған, ал әкем соғыстан кейін көп ұзамай дүние салған, әке-шешемнің өзге перзенттері бірінен соң бірі шетінеп кеткен екен. Анам колхозда қызылша өсіретін. Содан болар, ол кісі аурушаң болды. Екінші курста анам қатты науқастанып қалды. Амал жоқ, оқуымды сырттай ауыстырып, анамның жанына қайтуға тура келді», – деп толғанады қаламгер өз естеліктерінде.Десе де асыл азамат бірнеше жылдардан кейін Парламент депутаты болып елге қызмет етіп жүрген шағында АҚШ-тағы Колорадо университетінде білімін жетілдіріп, арманын орындаған.
Арғынбай Бекбосынның жемісті журналистік жолы 1959 жылы Жамбыл облыстық радиосында тілші болудан басталды. Табиғи дарын- қабілетімен көзге түскен жас журналист 1962-1970 жылдары Қазақ радиосының Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. Одан соң облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінде бөлім меңгерушісі, Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетінің бас редакторы болып табысты еңбек етті.Қайраткер 1980-1985 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінде қызмет істеп, облыстағы бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары мәселелерімен шұғылданады.
Өмірлік ұстанымы өзгеше Ар-ағаң Кеңес одағы аталатын ұлы империя күйреп, Қазақ елі еңсе көтерген, ұлттық рух дүр сілкінген он жылда газетке бас редакторлық етті. Бұл туралы А.Бекбосын басылымның 75 жылдығына орай жазған, «Ақ жол»-тағдыр» деген тақырыппен 1997 жылдың 1 мамырында жарияланған құттықтау лебізінде: «Өмірде де, санада да күн емес, сағат сайын сан салалық өзгерістер болып жатқан сол алмағайып он жылдан бүгінде 75-ке толып отырған «Aq jol» абыроймен өтті деп ойлаймын (бұрынғы «Еңбек туын» еркіндік алған еліміздің алдынан Алланың ақ жолы ашылсын деп «Aq jol» атауымыз да сол тұс қой). Небір сын сағаттарда, кезеңдерде халықтың жағынан табылдық. Аққа ара түстік, қараға қарсы тұрдық. Қара басты қорғалап, мансаптының алдында майысу болған жоқ. Оған «Aq jol»-дың беттері куә, сол беттердегі замананың сан қилы ауанымен мыс қазандай қайнаған мидан туып, жүректің қанымен жазылған сөздерді оқыған мың сан оқырман куә. Талай-талай шырғалаң шақтарда қуат берген Құдай болса, қос қолтықтан демеген – сол оқырман, қасиетті халқымыз!», – деп жазды.
Әріптес ағасының артына қалдырған мұраларын жинақтап, насихаттап жүрген ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы қаламгерді «Aq Jol»-ды айбынды басылым еткен редактор» деп бағалайды. – Нағыз қайраткер қай істе де ұйымдастырушылық қырын жарқырата таныта біледі емес пе? Ар-ағаң басқарған кезде оқырмандарының ықыласын жаулап алып, соған сай таралымы да өсіп, елу мың дананы алқымдаған басылымның атағы алысқа кетті. Әсіресе Қазақстанды Колбин билеген тұста жазықсыз жалалы болған Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаровтай көрнекті тұлғаларға қорған бола білгені халық тарапынан жоғары бағасын алды. Бас редакторлық қызметке облыстық партия комитетінде баспасөз жөніндегі нұсқаушы болып істеп жүрген кезінде келген, содан да облыс қаламгерлерінің қарым-қабілеттерін жақсы білетін Ар-ағаң аз уақытта-ақ әлеуетті шығармашылық ұжым қалыптастыра білуімен қатар, газет тірегі – автор тілшілерді де көптеп тарта білді. Редакцияда орын босай қалса, аудандық газеттің мектебінен өтіп, ысылғандарды қызметке алуға басымдық берді. Солардың бірі болып, сенімінен шыға білгенімді бұрын да, қазір де мақтан етемін, – дейді Т.Толқынбайұлы.
Расында да Арғынбай Бекбосын облыстық газетті он жылға жуық басқарғанда газеттің беделін биікке көтерді. Облыс көлеміндегі өзекті деген мәселелер газеттің әрбір санында жарық көріп жатты. Әсіресе журналист Рахметбек Өзбековтің қазақ мектептерінің мүшкіл халі туралы «Азаматтық диалектикасы», белгілі ақын-журналист Жақсылық Сәтібековтің мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровқа араша түсіп, Фрунзе қаласындағы әйгілі соттан жазған «А. Асқаровтың ісі: сот жүріп жатыр» деген мақаласы, қазақтың кемеңгер ұлы Дінмұхамед Қонаевқа жала жабылғанда аталған таутұлғаға араша түскен Қыстаубай Байтуовтың Алматыға арнайы барып қағазға түсірген «Қонаевта болғанда» мақалалары Коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған кезде-ақ жарияланып жатты. Мұндай батыл қадамға республикалық басылымдардың өзі әлі де аңдысын аңдып, бара қоймаған уақыт болатын.
Ал мұның барлығының облыстық газетте жариялануы сол кездегі басылым басшысы Арғынбай ағаның көзсіз ерлігі деуге болады. Журналистік қырын айтсақ бір кітапқа жүк болатын қаламгердің шығармашылық жолы да өз алдына бөлек әңгіме. Арғынбай Бекбосын талантты публицист ретінде ТМД Журналистер одақтары, халықаралық конференциясының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты болды.
Қазақстан Жазушылар одағы ағалар алқасының мүшесі атанған Арғынбай Бекбосынның әдеби еңбегі де жемісті. Оның қаламынан туған «Ауылым – әнім менің» «Жетіқарақшысы жоқ аспан», «Хауа ананың аманаты», «Кемеңгермен кеңесу», «Мың түрлі ой», «Қыл көпір», «Фәнилік драма», тағы да басқа публицистикалық, поэтикалық кітаптары рухани қазынамызға қосылды.
Ол драматургия саласында да шоқтығы биік туындыларды дүниеге әкелді. «Соңғы сезім» атты тарихи-қаһармандық қасіретнамасы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрында қойылып келеді. Желтоқсан көтерілісінен кейінгі күрделі өмірді бейнелейтін «Өткелдегі шайқас» атты пьесасы Жамбыл облыстық драма театрында сәтті сахналанды. «Домалақ ене» атты психологиялық драмасы республикалық конкурста мемлекеттік грантқа ие болған.
Расында да Арғынбай Бекбосын жүректі баурап алатын тамаша төрттағандарын жазуды жалғастыра отырып, барлық жанрда дерлік өнімді еңбек еткен қаламгер болды. Орыс тілінде жазған эсселері мен повестері «Алаш» баспасынан «Медаль за город Будапешт» деген атпен көркем безендірілген кітап болып шықты. Атақты ғалым Иман Валерия Порохова тәржімалаған Пайғамбарымыз Мұхаммедтің хадистерін қазақшаға тұңғыш өлеңмен сәтті аударғаны да мерзімдік басылымда жаңалық ретінде кеңінен жазылды. Ол Пушкиннің, Лермонтовтың, Есениннің, Буниннің бірсыпыра өлеңін, мысалын, комедиясын аударды.
2009 жылы жарық көрген «Жұлдыздар шоғырында» кітабына Омар Хайям, Рудаки, Саади, Хафиз, Жамидің өлеңдерінің аудармасы енді. Ал өзінің философиялық лирикасы «Фәнилік драма» деген атпен республикалық басылымдарда жарияланды. Орыс тілінде жазған «Сын солдата или по Пушкинской» кітабы республикалық баспадан шыққан. Осылайша ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан А.Бекбосын 1991 жылғы 26 қарашада «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» құрметті атағымен марапатталды.
Республика халқына кеңінен танымал қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын облыстық кеңеске қатарынан үш рет сайланып, оның тұрақты комиссияларын, көптеген қоғамдық ұйымды басқарып, аймақтың әдеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына қыруар еңбек сіңірді. 1994 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне, ал 1995 жылы Республика Парламенті Мәжілісіне депутат болып сайланып, жас мемлекетіміздің құқықтық негізін қалауға халық өкілі ретінде аянбай атсалысты. Ол әсіресе Халықаралық істер, Қорғаныс және Қауіпсіздік жөніндегі комитеттің мүшесі болғандықтан осы мәселелер төңірегінде үлкен жұмыстар атқарған.
Атпал азаматтың қаламгерлігі һәм қайраткерлігі туралы бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде аз жазылып жүрген жоқ. Ар-аға отбасының ұйытқысы ретінде де перзенттерінің мәңгі есінде. Ақынның қызы Жәмила Бекбосынова әкесі туралы тебірене еске алады. – Әкем табиғатынан өте салмақты адам еді. Қызметте болғандықтан балаларына көп уақыт бөле алған жоқ шығар. Бірақ бос уақытын отбасымен бірге өткізуге тырысатын. Жаяу серуендегенді жақсы көретін. Өзі ғана кете бермей, қасына бізді ертіп алатын. Ағам, мен, сіңлім төртеуміз Тараздың, Алматының талай ғимараттары туралы көкенің естелік-әңгімелерін тыңдағанды ұнататынбыз.
Кейде кешкі ас үстінде өзінің балалық шағы туралы әсерлі әңгімелерімен бөлісетін, сол сәттер әлі есімде.Балаларын күнде еркелетіп отырмаса да әрқайсысымыз әкеміздің шексіз махаббатын сезініп өстік. Әке махаббатының сиқыры да осында жатқан болар. Ана секілді жылы сөз, нәзік мейірім емес, асқар тау әке мықты сүйеніш, қамқорлыққа толы кең құшағымен ерекшеленетін тәрізді. Әкем үшін әрқайсысымыздың орнымыз бөлек болатын.
Нақты өзімді «Жәмке» деп еркелетуші еді, түрім мен мінезім апама тартқаннан болар, маған деген көңілі ерекше еді. Өз басым әкемнің шыншылдығын, ержүректігін, парасаттылығы мен еңбекқорлығын ерекше бағалайтынмын. Ал ұлтжандылық қасиетін біздің де бойымызға сіңдіре білді. Адами қасиеті де, болмысы да ұштасқан адамның қызы болу Алла Тағаланың берген сыйы, үлкен бақыты деп білемін. Мен үшін әкем ең үлкен қаһарман, батыр тұлға болып қала бермек, – деп толғанады жазушының қызы.
Елі барда ерен еңбегі ұмытылмайтын тұлғаның есімі жиі ардақталып, түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді.Осыдан тура екі жыл бұрын облыста қайраткердің 85 жылдығы үлкен көлемде аталып өтілді.Байзақ ауданындағы тарихи-өлкетану мұражайында "Арғынбайтану" бұрышы бар.Алаш ардақтыларының мектебінен тәрбие әрі қуат алған Арғынбай Бекбосын халық жүрегінде ардың жүгін арқалаған тұлға болып қалды.
Ақтоты Жаңабай