Бақытжан Советұлы Меркі ауданының Сұрат ауылында дүниеге келді. Ол әкенің қамқорлығымен қатар, бар махаббатын бауыр еті – баласынан аямаған анасы Сара Ахметқызының тәлім-тәрбиесін көріп өсті. Асыл сөзді өмірінің айнымас серігі етіп келе жатқан оның әдебиетке деген құштарлығы да бала кезінен басталады. Әкесі Совет Әлімқұлов сол кездегі КСРО Жазушылар одағының мүшесі болғандықтан үйлерінен ақын-жазушылар арылған емес.
Міне, солардың әңгімелеріне құлақ түріп, оқыған өлеңдерін тынбай тыңдайтын Бақытжаннның да поэзияға аңсары ауады. Өзі де қолына қалам алып, алғашқы өлеңдерін жаза бастайды. «Ақын-жазушы болсам» деп арман жетегіне түскен ол 1983 жылы орта мектепті тәмамдағанда құжатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журанлистика факультетіне тапсырады. Әйтсе де өскен ортасы Асаға қайта оралып, Жамбыл аудандық «Шұғыла-Радуга» газетіне баспаханашы болып орналасады. «Осы жерде менің журналистикамен жақынырақ танысуыма мүмкіндік туды», – дейді Бақытжан Советұлы өз сөзінде.
Бұл салада да қаламгер өзінің еңбексүйгіштік қасиеті мен техниканы жетік меңгерген қарым-қабілетін көрсете білді. Ол кездегі жастардың газет-журналдарды үзбей оқитын, білімге құмар жандар болғаны белгілі. Бақытжан Советұлы да сан салалы тақырыпқа қалам тербеп, өз ортасын ізденімпаздығымен, айтар ойымен, қарым-қабілетімен, талантымен мойындата білді. Ал қазіргі таңда Жамбыл радиосының жетекшісі әрі телеарна тілшісі қызметін жемісті атқарып келеді. Көгілдір экраннан апта сайын эфирге шығатын «Серпіліс» хабарының авторы әрі жүргізушісі ретінде де көпке танымал.Майталман маманның әр жылдары «Ауыл», Ахуал қалай, ауыл?», «Тіршілік», «8 Аймақ», «Кәсіпкер» сияқты әлеуметтік-экономикалық маңызы зор хабарлары жарыққа шыққан. Оның хабарларына көбінесе ауылдың тыныс-тіршілігі мен шешімін таппай жатқан өзекті мәселелер арқау болды. Сонымен қатар кейінгі кезде «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» сынды жобалардың аясында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды да жақсылықтың жаршысы ретінде көрермендерге тынбай жеткізіп отыр.
Сондай-ақ ол «Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл», «Мен де бірдеңе дейінші..», «Ерін туралы ертегі», «Бұл мен ғой», «Хайп пен лайк», «Қоянның құлағы неге ұзын, құйрығы қысқа?» атты кітаптарды жарыққа шығарып, оқырманның оң бағасын алды.Еселі еңбек ешқашан ескерусіз қалмайды. Осы орайда Бақытжан Советұлының үш мәрте облыс әкімінің, екі рет Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасына ие болған жайы бар. Сонымен қатар Ауылшарушашылығы министрінің арнайы төсбелгісімен марапатталды.Қарадан шықса да қалың елдің қамын ойлаған, өлмес өнердің өміршеңдігін дәріптеумен қатар, қазақ журналистикасының дамуына өзіндік үлесін қоса білген кейіпкеріміз біз сияқты жастарға қашанда үлгі. Менің де осы жолды таңдауыма Жамбыл журналистикасының абыройын асқақтатқан осындай дарын иелері себеп болды. 28 маусым - Бақ өкілдері қызметкерлері күніне орай Бақытжан Советұлының отбасына амандық, деніне саулық, шығармашылығына табыс тілеймін! Елді сүйсінтетін тұшымды дүниелерді көптеп жаза беріңіз, қарымды қалам иесі!
Аяжан Жұмахан,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
университетінің 1-курс студенті