Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Облыс әкімі «Aulieata-media» ЖШС ұжымымен жүздесті

Облыс әкімі «Aulieata-media» ЖШС ұжымымен жүздесті
Ашық дереккөз
Әулеаталықтар үшін Шерхан Мұртаза атындағы «Баспасөз үйінің» маңызы айрықша. Себебі мұнда орналасқан «AQ JOL», «Знамя труда» газеттерінің тарихы тереңде жатыр. Кезінде аталған редакцияларда еңбек еткен мүйізі қарағайдай қаламгерлер облыс тұрғындарына маңызды ақпарат таратып, оқырманды тұшымды мақалалары арқылы қуантумен қатар, Жамбыл журналистикасының қалыптасу жолында да аянбай тер төкті.

Бүгінде «Баспасөз үйі» ғимаратының 2-3-қабаттарында «AULIEATA-MEDIA» серіктестігіне қарасты облыстық «AQ JOL», «Знамя труда», «AR-AI» газеттерінің редакциялары орналасқан. Сонымен қатар мұнда «Jambyl-info» ақпараттық порталы, үш газеттің Аqjolgazet.kz, ztgzt.kz, Аrainfo.kz сайттарының жұмысын жүйелеп отырған «Цифрлық контент орталығы» бар. Осы басылымдар мен сайттарда жұмыс істейтін тілшілер қауымы аға буын салған сара жолдан таймай келеді. Халыққа шынайы ақпарат жеткізуде күн-түн демей еңбек етіп жатқан журналистерге қазіргідей ақпараттық технология қарыштап дамыған заманда артылар міндет пен қойылар талап жоғары. «Баспасөз үйіндегі» облыстың айнасы саналатын газеттер мен ақпараттық агенттіктердің жұмысын жандандыру, заманауи технологияны пайдалануда тиімділікті арттыру, журналистердің тыныс-тіршілігіне қатысты қандай да бір мәселе болса, оның оң шешімін табу өзекті.

Осы мақсатта, яғни 28 маусым – БАҚ өкілдері қызметкерлерінің дәстүрлі төл мерекесіне орай облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аталған «Баспасөз үйіне» бас сұқты. Мұндағы әр қабаттағы бөлмелерді жеке-жеке аралап, журналистердің жұмысымен танысты.Бұдан кейін аймақ басшысы ғимараттың бірінші қабатында орналасқан өңірлік коммуникация қызметінің баспасөз алаңында «AULIEATA-MEDIA» серіктестігі ұжымымен кездесті.

– «AULIEATA-MEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде облыс аумағында ғана емес, еліміздің ақпарат саласындағы беделді ұжымдардың бірі десек, еш қаталеспейміз. Өйткені күн сайын менің жұмыс үстелімде сіздердің газеттеріңіз жатады. Өзге де басылымдармен қоса, осы үш газеттегі мақалаларды шолып шығамын. Сонымен қатар холдингке тиесілі сайттар да жүйелі жұмыс атқарып жатыр. Серіктестікке қарасты газеттердің ішінде ата басылым – «AQ JOL» және «Знамя труда» газеттері. Осы екі басылым ғасыр тарихынан сыр шертіп отыр. Сонымен қатар «AR-AI» жастар газеті мен «Jambyl-info» ақпараттық порталы жағымды жаңалықтардың жаршысы. «Jambyl-info»-ның ТОП-50 сайттың тізіміне енгенінен де хабардармын. Сондай-ақ газеттерге қатысты өзгерістерге келер болсақ, оқырманның мәнді мәселелерге қатысты жарияланған мақалалардың бейнежазбасымен де танысуына мүмкіндік беретін QR код біздің газет бетінен орын тапты. Мұндай жаңашылдық әзірге басқа облыстың басылымдарында жоқ.

Бүгінде «AULIEATA-MEDIA» ұжымы заман талабына сай жаңарып, жаңғыруда. Журналистердің еңбегі арқылы елдің талап-тілегі, ой-пікірі, мұқтаж жандардың мәселесі қоғамда айқын көрініс тауып отыр. Қаншама проблеманы көтеріп жатсыздар. Сіздер көтерген мәселелерді біз де үнемі назарда ұстап отырмыз.Осы орайда баршаңызды кәсіби мерекемен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Ақпарат аламанында тек алдыңғы қатардан көрінулеріңізге тілектеспін! – деді Ербол Шырақпайұлы.


Бұдан кейін сөз алған «AULIEATA-MEDIA» ЖШС директоры Данияр Асқарұлы холдинг Қaзaқcтaн Pecпyбликacы Үкiмeтiнiң қayлыcынa caй, aқпapaт caлacын дaмытyдың 2020-2022 жылдapғa apнaлғaн Ұлттық жocпaры аясында 2020 жылы құрылғанын атап өтті.– Біздің серіктестікке қарасты облыстық «AQ JOL», «Знамя труда»  және «AR-AI» газеті мен «Jambyl-info» ақпараттық порталында жалпы саны 60-қа жуық журналист еңбек етеді.


Жыл басынан бері серіктестіктің жұмысын одан әрі жандандыруға әріптестермен бірге барынша күш салып келеміз. Мәселен, үш басылымның жекелеген сайттары мен әлеуметтік желідегі, яғни «Facebook», «Instagram» парақшалары арқылы оқырмандарға жылдам әрі сапалы ақпарат тарату мақсатында «Цифрлық контент орталығын» құрдық. Бұл бастамамыз өзінің оң нәтижесін беріп, қазіргі таңда 3 газеттің желідегі ресми парақшаларының қаралым қамту саны 1 миллионнан асып отыр.

Бұл көрсеткіш облыс халқының 80 пайызын құрайды.Облыстық үш газеттің де ақпарат айдынында қалыптасқан тұрақты оқырман аудиториясы бар. Әріптестер қоғамда орын алған оғаш оқиғаларды, көптің көкейінде жүрген мәселелерді сын ретінде көтеріп, оқырман назарына ұсынып келеді. Тиісінше шешімін тапқан проблемаларды «айтылды –орындалды» форматында қайта жариялап, мәселенің мәнісі ашық айтылып жүр, – деген Д.Асқарұлы жуырда ғана үш газеттің сайттары жаңа, заманауи LAVR (лавр) платформасына ауыстырылғанына, ұжым жеткен тағы да басқа жетістіктер мен жаңашылдықтарға баса тоқталды.

 

Облыстық «AQ JOL» газетінің бас редакторы Хамит Есаман: «Уақыттың тығыздығына қарамай, әріптестерімді мерекесімен құттықтап келгеніңіз үшін рақмет! 100 жылдан астам тарихы бар «AQ JOL» газеті бүгінгі таңда аптасына үш мәрте жарық көріп келеді. Өзіңіздің тапсырмаңызға сәйкес қазіргі уақытта газеттің әр нөмірінде кемінде бір сын мақала жариялануда. Журналистеріміз жұмыс сапарымен аудандарға шығып, ауыл тұрғындарымен жүздесіп, қордаланған мәселелерді газет бетінде жариялап жүр.Үш газеттің бас редакторлары жұртшылықпен кездесіп, жазылым мәселесіне де атсалысуда. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын табады, заман талабына сай оқырман үшін оқылымды, сапалы басылым шығаруда ұжым болып еңбек ете береміз», – деді.Өз кезегінде облыс әкімі «AULIEATA-MEDIA» ұжымымен алғаш кездескенде жергілікті газеттер объективті түрде, болған жайтты жасырмай аудан-аудандағы, облыстағы мәселелерді ашық айтуды ұсынғанын тілге тиек етті. Өз сөзінде аймақ басшысы критика объективті болуы керектігін, себебі «ауруын жасырғанды өлім әшкерелейтінін» меңзеді.

 


«Знамя труда» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Людмила Мельник «Знамя труда» газеті әр дәуірде әртүрлі атаумен оқырманға жол тартқанын, бүгінде басылымға 105 жыл толып отырғанын тілге тиек етіп, осыған орай «дөңгелек үстел»  отырысын ұйымдастыру, фотокөрме өткізу секілді іс-шараларға қолдау көрсетуді сұрады. Бұл ретте Ербол Шырақпайұлы «Знамя труда» газетіне 105 жыл, Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газеті мен «Меркі тынысы» газеттеріне 90 жыл және қазақ телевизиясының қарашаңырағы – «JAMBYL» телеарнасына 35 жыл толып отырғанын сөз етіп, қолдау көрсетілетінін жеткізді. 


Өз сөзін осы баспасөз үйінің Шерхан Мұртаза атамыздың атымен аталуы журналистерге үлкен жауапкершілік жүктейтінінен бастаған «AR-AI» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек: «Біздің газеттің жарыққа шыға бастағанына келер жылы 20 жыл толады.

Осы орайда бір айта кетер жайт, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда қазіргі жастар жайын жан-жақты қозғап, жастарға қатысты бірқатар мәселеге назар аударуға басымдық берді.Бүгінгі жастардың мәселесіне келер болсақ, жастар кітап, газет-журнал оқудан бөлек, сауатты жазудан да қалып барады. Сондықтан біз түрлі оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, әсіресе студент жастардың газет оқуына көңіл бөлсек деп отырмыз.Алдағы жаңа оқу жылында колледждерге 7 500 грант бөлінді, одан бөлек жоғары оқу орындарының гранты тағы бар. Тым болмаса грантта оқитын жастардың газет оқуын қамтамасыз етсек. Өйткені қазір «Оқитын ұлт» республикалық жобасы бойынша тек қана кітап оқу емес, газет-журнал оқуды да жастар арасында бірлесіп насихаттасақ деген ұсынысым бар», – деді.

Жиын соңында «AQ JOL» газетінің тілшісі, айтыскер ақын Есет Досалы арнау айтты. Өз кезегінде облыс әкімі арнау өлең тек мадақтан тұрмауы қажеттігін, өлең шумақтарына там-тұмдап болса да сыни көзқарастағы ойды қосу қажеттігін еске салды.

Нұрым Сырғабаев
 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар