Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Журналистер жарыс жолында

Журналистер жарыс жолында
Ашық дереккөз
Бүгін – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні. Журналистердің төл мерекесіне орай өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – жылына бір келетін кәсіби мереке қарсаңында дәстүрлі түрде өтетін Шерхан Мұртаза атындағы спартакиада. Осы жолы спорттық бәсекенің жалауы «Тараз Арена» спорт кешенінде желбіреді.

Сайыста аймақтық басылымдар мен телеарналардың, ақпараттық агенттіктердің журналистері қатысып спорттың алты түрі бойынша өзара бақ сынады.Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбек сөз сөйлеп, сала мамандарын төл мерекесімен құттықтады.– Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде елге адал қызмет ету – әр журналистің абыройлы міндеті. Сіздер қашанда ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қалам тартып жүрсіздер. Мемлекетшілдік құндылықты дәріптеп, жасампаздық пен жақсылықтың жаршысы болып келесіздер.

Ақпарат саласын дамытуға мемлекет тарапынан қашанда ерекше көңіл бөлінеді. Өз кәсібінің майталманы болған қарымды журналистерге қолдау көрсетіледі. Жыл сайын дәстүрлі түрде БАҚ өкілдері арасында өткізілетін облыстық спартакиада соның бір көрінісі, – деді аталған басқарма басшысы.Спартакиада ә дегеннен тартысты өрбіді. Доданың алғашқы кезеңі – арқан тартыста «Jambyl TV» командасы I орынды иеленді. Ал II орынды «Taraz Pressа» командасы еншілесе, үздік үштікті «Ақпарат медиа» командасы түйіндеді.Доданың екінші кезеңінде қаламы қарымды журналистер үстел теннисінен бақ сынады.

Ерлер арасында «Салық тәртібі» командасының мүшесі Нарбол Қашаған I орынды жеңіп алды. Сарысу ауданының командасынан Айбек Жұмаділда II орынды иеленсе, «Taraz Pressa» командасының өкілі Нұржан Туғанбай III орынды місе тұтты.Ал әйелдер арасында «Taraz Pressa» командасынан Гүлдана Ализа жеңіс тұғырынан көрінсе, II орын «Jambyl TV» командасының мүшесі Эльвира Әмзееваға бұйырды. «Жастар медиа» командасының намысын қорғаған Шолпан Бөгенбаева III орынға тұрақтады.Үшінші кезең – қол күрестен «77 tv» телеарна­сы­ның инженер-қызметкері Әділхан Сайлау I орынға қол жеткізді. II орын «Тaraz Pressa» командасының намысын қорғаған Серік Тәжібаевтың, ал III орын «Салық тәртібі» газетінен келген Айдос Абиловтың қанжығасына байланды.

Сонымен қатар әйелдер арасында «Ақпарат медиа» командасының ойыншысы Мераш Жолаева топ жарса, «Теле-радио» командасының мүшесі Гүлмира Садықова II орынды иеленді. «Салық тәртібі» командасы атынан додаға түскен Гүлдерайым Әлімжанова III орынға жайғасты.Бір мезгіл қолын қаламнан босатқан журналистер дойбыдан да бақ сынады. Ерлер арасында «Салық тәртібі» команадасынан Сүндетулла Әбілов I орынды, «Taraz 24» командасының мүшесі Нұрбол Қыстаубек II орынды, «Ақпараттық медиа» командасынан қатысқан «Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы Саятхан Сатылғанов жүлделі III орынды иеленді. Әйелдер арасында «Taraz Pressa» командасы атынан жарысқа қатысқан Ұлдана Жұбай алдына қара салмаса, II орын «Ақпарат медиа» командасынан Айдана Қуатоваға бұйырды. Шу ауданынан келген Меруерт Тоқмолда жерлестеріне III орынды алып берді.

\Дуы басым додада командалық жарыстар да өткізілді. Жүгіру бойынша эстафетадан жүлделі I орын «Taraz pressa» командасына бұйырды. II орынға «Салық тәртібі» командасы жайғасса, «Taraz 24» командасы III орынға тұрақтады. Ал байрақты бәсекенің басты додасы саналған кіші футболдан жүлделі I орынды «Jambyl TV» командасы иеленді. II орынға «Салық тәртібі», III орынға «Теле-радио» командасы лайық деп танылды.Сайыс қорытындысымен командалық есепте «Taraz pressa» командасы I орынды жеңіп алды. Ал жүлделі II орынға «Салық тәртібі» командасы тұрақтаса, III орын «Jambyl TV» командасының қанжығасына байланды. Спартакиада соңында жеңімпаздар қаржылай сыйлықтарға ие болып, арнайы сертификаттармен марапатталды.

Аяулым Жаманқара

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар