Енді міне, ішімдіктен басталған кеселді жоямыз деп жүргенде адам баласының санасын, миын, тәнін, жанын улайтын небір сұмдықтар шықты. Сонау 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы кезінде жастарды анаша шегушілер деп айыптаған әңгіме айтылды. Осының барлығы ұлттың сапасын төмендетудің әрекеті екен. Қаны таза деген қазақ ұлтының санасын сансырату екен. Ақырында нашақор, есірткімен әуестенушілер ортамызға дендеп енді. Әсіресе қалаларда көпқабатты үйлердің кіреберістерінде екі көздері қанталаған нашақорлар пайда болды. Есірткіні саудалайтындар шықты.Мәселе түсінікті болу үшін «Нашақор деген кім?», «Есірткінің зияны неде?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік.Нашақорлық – наркомания (грек тілінен narke – мелшию және manіa – ессіздік, құтырыну) – есірткі заттарға патологиялық дағдыланудың нәтижесінде пайда болатын созылмалы ауру.
Токсикомания – булармен, газдармен демалу. Токсикоманияның кейбір формалары ароматтық және басқа да заттар, мысалы, тұрмыста қолданылатын ацетон, бензол арқылы таралады. Марихуана – кептірілген, ұсақ туралған жапырақтың, тұқымдар мен жасыл, қоңыр немесе сұр түсті сора гүлдерінің қосындысы. Марихуана –
көптеген елде, оның ішінде Қазақстанда көп таралған заңсыз есірткі. Марихуананың ықпалындағы адамның басы айналады, жүрісі бұзылады, үнемі күле береді және есте сақтау қабілеті төмендейді. Марихуананы шегуді кейбіреулер денсаулыққа зиян емес деп санайды.
Алайда ол денсаулыққа үлкен зиян келтіреді. Ең алдымен опий пайда болды, содан кейін одан морфин алынды, одан героин шығарылды. Героин өзінің есірткілік белсенділігімен морфиннен әлдеқайда асып түседі. Ол қыздырғаннан кейін тамырға егіледі, шегіледі, онымен демалады. Нашақорлардың түн ұйқылары бұзылады, артериалдық қан қысымы төмендейді, ине салу нәтижесінен тамырлары тесіледі, бауыры мен бүйректері ауырады, организмі дене және психологиялық жағынан әлсірейді, гепатит пен СПИД-ке шалдығады, ақырында өлімге әкеп соғады.Кокаин – коки өсімдігінен шығарылған, негізінен ақ ұнтақ тәріздес есірткі.
Кокаин ұнтағын ұсақтап, мұрын арқылы тартады немесе тамырға енгізу үшін езеді. Кокаинді тек бай адамдар қолдана алады, себебі оны сатып алу үшін аптасына мың доллардан астам ақша жұмсалады. Оған тез үйреніп кетуге болады. Кокаинді қолданушылар паранойд болып келеді, олар миына қан құйылуынан, жүректің қысылуынан кенеттен өліп кетеді.Алғашқы дозадан алған жақсы әсерлерді сезіну үшін кокаинді жиі және көптеп қолдану керек болады.
Есірткіні алғашқыда эйфорияны сезіну үшін енгізсе, кейін тек күйзелу немесе шаршаған жағдайын кетіру үшін қолданады. Қолданудың ақыры сандырақтауға, дем алуының бұзылуына, есінен тануына, соңында өлімге әкеліп соғады. «Экстазидің» де зардабы зілбатпан. 1987 жылы Испанияда болған бір дискотекада «Экстази» таблеткасын музыкамен біріктіруден болған эффект «ашылды». Оны қолданғаннан кейін жеңілдік сезіледі, күш-қуаты күшейеді, көңіл көтеріп, бірнеше сағат шаршамай билеуге болады. «Экстази» 2 сағаттан 8 сағатқа дейін әрекет етеді. Алайда «Экстазиден» қайтыс болғандардың саны көп. Ол ең қауіпті есірткі құралдарының қатарына саналып, БҰҰ-ның барлық елдерінде тыйым салынған. Осы есірткіні қолданған кезде адамның ми клеткалары, бауыры, бүйрегі, жүйкесі бұзылады, тамырлары қысылады, ақырында өлімге әкеліп соғады.Міне, сондықтан да бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша назар аударып, нақты міндеттер жүктеп отыр. Президент Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда:«Бірақ әр заманның өзіне тән сын- қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды», – деп, адам шошырлық статистиканы тілге тиек етті. Осы орайда Мемлекет басшысы есірткімен күрес белсенді жүргізілмейтін болса, ертең бәрі кеш болуы мүмкін екенін еске салды. Президент: «Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын», – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдегендей, бұл екеуі де қоғам үшін өте қауіпті кеселге айналды. Жүргізілген жұмыстарға қарамастан нашақорлық пен есірткі бизнесіне тосқауыл қойылатын түрі жоқ. Ол Талас ауданының өмірінен де айқын байқалуда.Талас аудандық полиция бөлімшесінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл тобының аға жедел уәкілі, полиция майоры Данияр Бектеміровтің бізге берген мәліметіндегі деректер кімді де болса ойға қалдырары анық. – Есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының барлық негізгі тармағын орындау бойынша жұмыс жүргізілуде. Жоспар бойынша барлық тармақтар басшылыққа алынып, орындалуда.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 1,2,3,4-бөліктерімен, 297-бабы, 300-бабы, 299-баптары мен арнайы іс-шаралар жүргізу барысында ұсталып, заң алдында жауапкершілікке тартылған және де қазіргі күнге дейін мұндай әрекеттерін тыймаған тұлғалар да бар.
Мысалы, Қаратау қаласында бір отбасы нашақорлыққа салынып, азып-тозып кетті. Әлгі отбасының төрт баласының алды 30 жаста, соңы 18 жасқа да толмаған. Нағыз тепсе темір үзетін шақтары. Төртеуінің үлкені сыртта, қалғандары қалада тұрады.
Өкінішке қарай, екінші-үшінші інілері жұмыссыз. Ішімдік ішеді, есірткі қолданады. Төртіншісі колледжде білім алады. Сабаққа қатыспайды. Ең сорақысы сол, азғындағанның кесірінен кәмелеттік жасқа толмаған қызбен жыныстық қатынаста болғаны үшін аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Қараңыздаршы, көз алдымызда болашақ үш отбасын құрайтын жастарымыз не тәрбиеге көнбейді, не есірткіні пайдаланғанды қоя алмайды. Қаншама мәрте әңгіме өткізсек те нәтиже шығатын түрі жоқ.
Олардың азғындауына әке-шешелері бірден-бір себепші болған. Әкелері 2022 жылы ішімдік ішіп, бір танысының үйінде өрттен о дүниеге аттанды. Шешелері есірткі пайдаланып, оны сатқаны үшін ұсталып, ұзақ мерзімге сотталып, қазір жазасын Қарағанды қаласында өтеуде.
Көз алдымызда құрып бара жатқан осы жастарға қоғамның, ағайынның, билердің көмегі қажет пе деп ойлаймын.
Егер дәл қазір олардың өміріне араласпасақ, өмірлері қыл үстінде деуге болады. Осыдан кейін түзелмейді дегендерге айтар уәжіміз бар.Біздің араласуымызбен наша шегіп, есірткі пайдаланған бірнеше азаматпен тәрбие жұмысын жүргізуіміздің арқасында теріс жолдан қайтты. Олардың әке-шешелері, әйелдері бізге келіп рақметтерін айтуда. Демек, кеселдің алдын алсақ, талай адамды нашақорлықтан құтқаруға болады, – дейді Д.Бектеміров.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары есірткі заттарымен ұсталып, артынша қойып кеткен азаматтардың өмірге деген көзқарастарының өзгергенін айтады. Жалпы аудан көлемінде «нашақор» есебінде 51 тұлға тізімде тұр екен. Олардың 14-і ауылдық округтерде тұрады. Мысалы, Майтөбе ауылында 4, Ақкөл, Аққұм, Қызыләуіт ауылдарының әрқайсысында екі тұлғадан есепке алынған. Сонымен қатар С.Шәкіров, Ойық, Тамды, Көктал ауылдарында да бір-бір нашақор өмір сүріп жатыр. Ал Қаратау қаласында 30 тұлға есепте тұрады.– «Нашақор» есебінде тұрған азаматтардың санын азайту бойынша тиісті іс-шаралар жасалуда. Талас ауданында тұратын тұлғалардың барлығының тұрғылықты мекенжайлары тексерілді. Аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, фотосуретке түсіріліп, профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Биылғы 1 маусымнан бастап «Қарасора – 2024» жедел профилактикалық іс-шарасын жоғары деңгейде өткізу, есірткі заттарын сату, сақтау және тасымалдау фактілерінің жолын кесу және оң нәтиже шығару мақсатында аудандық полиция қызметкерлерінен 1 топ құрылды. Алдағы күндері есірткі қылмыстарын, қару құралдарын анықтау бағытында Талас ауданына қарасты құмды алқаптарға шығу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда аудандық әкімдікпен бірлесе «Дрон» құрылғысын алу бойынша сұрау хаттары берілді. Осы құрылғымен есірткі қылмыстарын анықтауда ҚР ҚК 300-бабы арқылы оң нәтиже шығару жоспарлануда.Аталған жоспарға сәйкес Талас ауданының барлық округтеріне «Есірткіге жол жоқ» атты 18 дана билборд ілінді.Қала аумағында 1 250 дана таратпа материал дайындалып, тұрғындарға және мекемелерге таратылып, профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бейнебақылау жазбалары мен фотосурет құжаттары жасалып, облыстық полиция департаментіне жолдануда. Нашақорлық пен есірткі саудасына қарсы күрес бойынша аудандық «Талас тынысы» газетінде 20 мақала жарияланды. Әкімдіктің ресми парақшаларында 161 ақпараттық материал жарық көрді. Аудан аумағындағы 3 колледж бен 35 мектепте кездесу, «дөңгелек үстел», конференция, семинар-тренинг форматында «Есірткіге жол жоқ» атты іс-шара өткізілді. «Қоғамдық сақшы» жобасы аясында аудан аумағында 31 түнгі рейдік іс-шара ұйымдастырылды. Қазіргі таңда аудан аумағында ҚР ҚК 296- бабының 4 бөлігі, 297-бабы және 300-баптары бойынша арнайы іс-шара жүргізілуде, –дейді Д.Бектеміров.
Нашақорлық пен есірткі саудасының алдын алу үшін аудандық прокуратура да нақты жұмыстар жүргізуде. Ал аудандық аурухананың бас дәрігері Есмұхан Имаммырзаевтың бізге ұсынған деректерінен де біраз нәрсені анғаруға болады. 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін аудан бойынша 217 науқас есепте тұр. Оның ішінде маскүнемдікпен 166, нашақорлықпен 51 адам тіркелген. Олардың 26-сы 18-35 жас аралығындағы жандар. Жыл басынан бері 3 науқас есепке алыныпты. Ал 4 науқас маскүнемдер есебінен шығарылған. Облыстық наркологиялық диспансерге емделуге жыл басынан бері
8 науқас жіберілді. Жалпы әртүрлі дәрежедегі 323 сараптама жүргізілген екен.
Оның ішінде жүйке жүйесіне әсер ететін марихуана қолданған 2 адам анықталып, нашақор ретінде есепке алынды. Бір сөзбен айтқанда, ауданда нашақорлықтан, есірткіден есі кеткендердің саны азайғанымен біржола тыйылмай отыр.«Салауатты өмір салтын орнықтырамыз» деп үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгенімізбен қоғамды жайлап бара жатқан бұл кеселдің алдын алу үшін әлі де болса құқық қорғау органдары, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік ұйымдар бірлесе жұмыс атқаруы керек. Әсіресе жастар орталықтары белсене араласулары қажет. Ал ақсақалдар кеңесінің көмегі тиетінін байқап жүрміз. Мысалы, өткен жылдары Ойық ауылында бір отбасы ішімдікке салынып, балалары сабаққа бармай, азғындау фактісі тіркелгенде сол ауылдың билер алқасы әлгі үйге барып, мәселені ортаға салды. Нәтижесінде ол отбасын азып-тозудан сақтап қалды. Мұндай оқиға Тамды ауылында да кездесті. Ауылдағы билердің араласуымен кеселдің алды алынды.
Барлығын жылы жауып қоя беруге болмайды. Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресу үшін соңғы жылдары заңдар қатаңдатылды. Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілу кезінде шетелдік тәжірибелер де сарапталды. Халықаралық тәжірибе бүгінгі күні есірткімен күресуде қылмыстық шараларды қатаңдатпайынша, оны жою мүмкін емес екендігін көрсетті. Мысалы, Ұлыбритания, Бельгия, Грекия, Ирландия, Канада, Франция және басқа да елдер осы қылмыстар үшін өмір бойы бас бостандығынан айыруды белгіледі. Есірткіні сатқаны үшін өлім жазасына кесу Иран, Қытай, Сингапур, АҚШ және Тайланд заңнамаларында көрсетілген.Есірткі – өлімге әкеліп соғатын сфера және бұл жерде гуманизм принциптерін қаншалықты қолдану толғандырады. Бір жағынан, оны жеткізіп, таратушы адамның тағдыры, ал басқасында оның «көмегімен» қиылған есірткіні пайдаланушының өмірі тұр.
Осыған байланысты «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу кодекстеріне және «Есірткінің заңсыз айналымы аясындағы жауапкершілікті күшейту мәселелері» бойынша «Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтары жөніндегі кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы әзірленіп, маусым айында қабылданды.Бұл заң тек аса ауыр есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартады, олар ҚР ҚК-нің 250, 259, 260, 262-264 және 266-баптары бойынша белгіленеді.Осылайша жаңа заңға сәйкес келесі қылмыстық санкциялар қолданылуы мүмкін. Аса ірі көлемде есірткі контрабандасы үшін – 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру; лауазымды тұлғаның қызметтік жағдайын пайдаланып, есірткіні сатқаны үшін – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.Оқу орындарында және кәмелетке толмағандардың есірткіні сатқаны үшін 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Ұйымдасқан қылмыстық топпен есірткіні сатқаны үшін – 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру; кәмелетке толмағандарды, екі немесе одан да көп адамдарды, сондай-ақ күш көрсетумен есірткіні пайдалануға тартқаны үшін – 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру нормалары қолданылады. Бұдан бөлек есірткіні пайдалануға тартып, соның негізінде адам өліміне әкеліп соққаны үшін – 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.Есірткіні пайдалану үшін притондар ұйымдастырғаны үшін – 3 жылдан 7 жылға дейін, ал қызметтік жағдайын пайдаланғаны немесе ұйымдасқан топпен ұйымдастырғаны үшін 7 жылдан 12 жылға дейін темір торға тоғытылуы ықтимал.
Сонымен қатар есірткі қылмысы тікелей заңсыз табыс табумен байланысты болғандықтан осындай қылмыстың әрбір құрамы үшін мүліктерін міндетті түрде тәркілеу енгізілген.
Заң талаптарын жұртшылыққа түсіндіру құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі деп білеміз.
Бұл жерде жалпақшешейлікке жол беруге мүлдем болмайды. Олай етсек, ұлтымыздың болашағына балта шабамыз. Сыртқы күштердің де арманы – халқымыздың санасын улау, тәні мен жанының сапасын құрту, сөйтіп, өздерінің ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстау. Айналып келгенде мәңгүрт ұлтты басқару оңай. Осыны әрбір адам түсіну керек. Ұлтымыздың ұсақталып кетуіне жол бермеуіміз керек. Әрине, нашақорлықтың алдын алу, есірткі саудасының жолын кесу оңай шаруа емес. Оны пайдаланушылар «ешкімнен алған жоқпыз, көшеден тауып алдық» деп өтірік айтады. Бір сөзбен айтқанда, жалған сөйлеп, өз-өздерін алдайды. Болашақта кеселді түп-тамырымен жою үшін наркобарондармен күресетін кезі келгені есепке алынып, ІІМ жанынан арнайы комитет құрылды. Оның жергілікті жерлердегі бөлімшелері бар деп есептеуге де болады. Қалай болғанда да қатаң тәртіп болмай, кеселді жою мүмкін емес. Оған қоғам болып қарсы тұруымыз керек деп ойлаймыз. Сонда ғана азып-тозған отбасыларды аман сақтап, сапалы, саналы ұрпақты қалыптастыра аламыз. Сондықтан ондай әрекеттерді байқағанда жасырып қалмай, барлығымыз нашаны тұтыну мен есірткінің сор екенін, тұқымды тұздай құртатынын айтып, бірімізді-біріміз сақтайық, ағайын!
Сәулембай Әбсадықұлы,
Талас аудандық
билер кеңесінің
төрағасы
Сөзден де, көзден де қалып барамыз
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024