Япырм-ау, десеңізші! Заманның дамығаны жақсы, өркениетсіз өрге баса алмайтынымыз және рас. Дегенмен біздің бабаларымыз мұндай қымбат смартфон, гаджет ұстамай-ақ кең-байтақ қазақ даласын жаудан қорғап, тіршілігін тіктей алды. Ұялы телефонсыз-ақ өзінің құтты шаңырағы мен ыстық ұясына ұлағат пен тағылым таратты емес пе?! Мәселенің барлығын алақандай телефонға тіреп қойғанымыз қаншалықты дұрыс, қаншалықты бұрыс?Айтайын дегенім, қазір отбасылар кешкілік өзара сөйлеспейтін болған.
Яғни сөз сөйлеуден, пікірлесуден, сырласудан қалып бара жатыр. Бұл ойыммен келісу, келіспеу әркімнің өз еркінде. Кешкілік отбасы мүшелері бас қосқанда қолдарында бір-бір қалта телефоны тұрады. Алдына ас келгенде олардың бір көзі аста, бір көзі телефонда. Әсіресе жастар айналасын ұмытып, желіге жүрегімен кіріп кетеді.
Отбасында әкесі тарапынан «Балам, бүгін қайдан қайттың, жұмысың қалай болды? Сабағыңды реттедің бе? Бәрі дұрыс болды ма?» деген секілді сұрақ қойылмағалы қашан. Баласының да «Әкешім, сіздің халіңіз қалай? Жұмыс күніңіз жақсы өтті ме? Көңіл күйіңіз қалай?» деп сұрамағанына талай уақыт өткен шығар.
Бәлкім, әкесіне мұндай ілтипатты ешқашан көрсетпеген, көрсете алмаған ұлдар да бар шығар?!Кешегі бабаларымыз шешендігімен шиеленіскен мәселені табан астында шешіп, сөз өнерінің құдіреті қалай болатынын көрсетіп берсе, бүгінгі ұрпақ отбасында бір-бірімен тілдесуден қалып барады. Бұл өкінішті. Сөз қадірін білген қазақтың ұрпағының сөзден қалуы – қасірет.
Қазіргі балалардың тілі телефон арқылы шығып жатқанын олардың сөйлеу мәнерінен де аңғаруға болады. Бала-шағаның кейбірі шұрайлы тілімізді шорт қайырып, «бардық қо, келдік қо» деп жатса, енді бірі жаргон сөзден бөлек, боқтаудың да неше түрін үйреніп алған. Боқтап сөйлеу қалыпты жағдайға айналғандай.Ол ол ма, енді аз жылдан соң көзден қалатын түріміз бар. Себебі қазір жаңа туған сәбиден жасы ұлғайған қартқа дейін ұялы телефонға үңіліп, тәуелділіктің тауқыметін тартуда.
Телміріп телефонға қараймыз. Ал бұл құрылғы бізге байқатпай көзімізді құртып жатыр. Ал келешекте ол зардаптың сезілетіні анық. Келешекте дейміз-ау, байқасақ, қазір жасына жетпей көзілдірік таққандар көп. Бұрын көзілдірік таққандар оқымысты көрінуші еді, қазір ондай жастарды көрсек, «әй, осының көзін құртқан смартфон немесе компьютер шығар» деген күдікке бой алдыратын болдық.
Көз – баршамызға өмір бойы қажет мүше. Адамға он екі мүшенің барлығы қажет. Бір мүшеміз кеміп қалса, қор боламыз. Ал адам өмірінде көздің алатын орны ерекше. Көз дегеніңіз – шамшырақ.
Қысқасы, біз қазір сөзден де, көзден де айырылып бара жатырмыз. Ойланатын жөніміз бар. Ал ойлансақ, осынау залалдан құтылатын жол – телефонға тәуелді болмау.
Аят Бәтей,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
3-курс студенті
Ұқсас жаңалықтар
Енді eGov Mobile қосымшасы арқылы шетелден тауарға тапсырыс беруге болады
- авторAR-AY
- 13 желтоқсан, 2024