Еліміздің 17 өңірінде психологиялық қолдау орталығы ашылды
- author AR-AY
- 27 маусым, 2024
- 442
Оқу-ағарту министрлігі психологиялық қолдау орталықтарын дамыту арқылы педагог-психологтардың әлеуетін арттыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Аталған орталықтардың басты мақсаты — жергілікті жерлерде балалардың, ата-аналар мен педагогтардың психологиялық әл-ауқатын нығайтуға және сақтауға бағытталған бірыңғай психологиялық қызмет жүйесін құру.
«Орталықтардың қызметін біріздендіру үшін Министрлік әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Бұл ұсынымдар өңірлерде орталықтарды балалар үшін жайлы жағдай жасалған бірыңғай үлгіде ашуға септігін тигізеді. Онда орталықтың міндеттері, негізгі қызмет бағыттары, ұсынылатын штат кестесі, әр маманның лауазымдық нұсқаулықтары туралы ақпарат қамтылған. Жеке тарау материалдық-техникалық жабдықтауға арналған», - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Айта кету керек, орталықтар ашу бойынша іс-шара Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарда көзделген.