Алайда отбасылық дәрігердің бәрі педиатр немесе терапевт емес. Жалпы бұл жүйе туралы №8 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Айнұр Жақсынбеттің ойын білген едік.
– Медицина саласында еңбек етіп жүргеніме 4 жылдай болды. Бұрын балалар дәрігері бөлек, ересектердің дәрігері бөлек болатын. Сол жүйе дұрыс еді.
Неге екенін айтайын, балалар мен үлкендердің ағзасы тіптен өзгеше.Ересектер мен балаларды бір дәрігердің қарауы көптеген қателікке ұрындырады. Бір жасқа толмаған нәресте мен үш жасар баланың ағзасы, дамуы мүлде басқа. Шетелдік тәжірибені пайдаланамыз деп опық жеп қалмайық. Баланы педиатр қарауы керек, – дейді А.Жақсынбет.
1996 жылы Жуалы ауданының Диқан ауылында дүниеге келген Айнұр Жақсынбет 2020 жылдан бері №8 қалалық емханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істейді. 2014-2021 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде жоғары білім алған.Маманның айтуынша, жалпы тәжірибелік дәрігердің бір басында бірнеше міндет бар. Алдына келген әр науқасқа 15 минут уақыт бөлінеді. Сол аралықта ауруды түсініп, хаттама толтырып, ғаламторға енгізіп, ем тағайындап, диагноз қойып үлгереді. Ал өзге мемлекеттерде отбасылық дәрігердің атқаратын жүгі ауыр емес көрінеді.
– Жалпы тәжірибелік дәрігерлер өз учаскесіндегі халықтың қандай ауруы болса да қарауға міндетті. Созылмалы ауруы барлар да бейінді мамандарға осы учаскелік дәрігер арқылы ғана бара алады. Яғни жалпы тәжірибелік дәрігердің мойнындағы жүк жеңіл емес. Алдыңа келген науқастың да бірнеше түрі бар. Бірі тағатсызданып, шыдамсызданып, талонмен кіргісі келеді. Талон ала алмаған аурулар да дәрігерге кіруге ұмтылады. Бірі ұрыс шығарады, үстіңнен шағым айтады. Көптің көңілінен, ойынан шығу оңай емес. Халық – Алланың бір есімі. Халықты сыйлаймыз. Алдымызға келген науқасқа зер сала қарап, мұқият тыңдаймыз. Осылайша оның ауруын анықтап, зерттеп, тексеріп барып ем тағайындаймыз, – дейді дәрігер.
Денсаулық – Алланың аманаты, оны күтуге әр адам жауапты. Алайда басың ауырып, балтырың сыздағанда ақ желеңді мамандарды демеу тұтатынымыз бар. Осы орайда «Денсаулықты бір ғана отбасылық дәрігерге сеніп тапсыру дұрыс па?» деген сауалды қала тұрғындарына қойып көрдік. Тараз қаласының тұрғыны Райса Қасымжанова немерелерін арнайы педиатр дәрігерге көрсеткісі келетінін айтады.
– «Бала – бауыр етің». Оны көзіміздің қарашығындай қорғап, мәпелеп өсіргіміз келеді. Емханалардағы жалпы тәжірибелік дәрігерге тасымаймын. Себебі ол ересектердің дәрігері. Баланың ағзасында не болып жатқанын ол білмейді. Әр дәрігер маманның оқып-тоқыған өз саласы бар ғой. Сондықтан мен амалсыздан ақылы педиатр мамандарға көрсетемін. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз тегін айтылмаған. Бұрыннан келе жатқан педиатрлар бар. Бала ауырса, соларға жүгіреміз, – дейді ол.
Дәрігер – мамандықтың асылы десек, еш қателеспейміз. Ал енді бұрынғысынша, яғни әр саланың дәрігері адамның ауруына қарай қараса, тіптен жақсы болар еді. Халыққа қалтқысыз еңбек етіп жүрген дәрігер Айнұр Жақсынбет жас болса да өте зерек, білім мен біліктілігі тоғысқан жан. Бекітілген учаскесіндегі әрбір үлкен-кішіні танып, олардың ауруларына да қанық. Жылы жүзді, үнемі жымиып қана жүретін жас дәрігерді баршасы «Біздің Айнұр» деп жақсы көреді.
– Білесіз бе, біз күн сайын неше түрлі адамдармен жүздесеміз. Яғни пациенттер алдымызға сан түрлі сырқатпен келеді. Жастар арасында онкологиялық аурулар кең қанат жайып келеді. Үлкендер арасында инсульт көп кездеседі. Осы уақытқа дейін халық арасында жөтел қатты жүрді. Қазір біраз басылды. Адамның көңіл күйінің ұйытқысы болып табылатын жүйке жүйесі аурулары арасында ми қанайналымының жіті бұзылысына әкеліп соғатын жайттар аз емес.
Себебі аталмыш дерт салдарынан болатын өлім-жітім көрсеткіштері көбейіп әрі сау адамдардың мүгедектікке ұшырауына себеп болуда.Инсульт дегеніміз – бастың қанайналым жүйесінің жедел бұзылуы, миға қанның кетуі мен мидың инфарктісі. Оған 50-ден асқан адамдар жиі шалдығады. Инсульт тез пайда болады, алдын ала сезу қиын. Сондықтан қан қысымы жоғары, жүрегі ауыратын, қант диабеті бар адамдар өз денсаулығына аса жауапкершілікпен қарауы тиіс. Дерт анықталған жағдайда алғашқы медициналық көмекті дұрыс әрі шұғыл көрсету арқылы адамның өмірін сақтап қалуға болады. Инсульттен кейін алғашқы 30 күнде өлімге әкелудің орташа жиілігі 17 пайыздан 34 пайызға дейін ауытқып тұрады. Инсультпен ауырған науқастардың көбіне 20 пайызы ғана қайта қалпына келеді, ал қалған 80 пайызында оған ұшыраған адамдар өмір бойы мүгедек болып қалады. Әр адам өз денсаулығына жауапты қарап, аурудың алдын алуға әрекет жасаса ғана ұлт саулығын қалыптастыру мүмкін болмақ, – дейді Айнұр дәрігер.
Бұл тұрғыдан невропатолог дәрігер Елена Кондратевнаның өз айтары бар. Ол да педиатрияның күйреуі дұрыс емес деп есептейді. Алдына неврологиялық аурулармен сан түрлі бала келетінін, кейде білместікпен жалпы тәжірибелік дәрігерлер дұрыс емес диагноз қойып жіберетінін айтады.– Кеңес үкіметінің кезінен бастап балалар дәрігері әрі невропатолог болып жұмыс істедім. Бүгінде зейнеттемін. Алайда менің қызметім халыққа керек. Сол үшін де ақылы емханада жұмыс істеймін. 2000 жылдардың басында жете ойластырылмаған реформалар салдарынан педиатрия күйреді. Медициналық білім беру саласында жүргізілген реформа аясында педиатриялық факультеттер жаппай жабылды. Емханаларда педиатрлардың орнын жалпы тәжірибелік дәрігерлер басты.Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, педиатр-хирург Камал Ормантаев бастаған мамандар мәселе көтеріп, дабыл қағып, педиатрияны қалпына келтіруге күш салды. Педиатриялық факультеттерді қайта ашуға кейбір белгілі тұлғалар кедергі жасап бақты. Олар педиатрлардың қажеті жоғын, бүкіл отбасы мүшелеріне бір отбасылық дәрігер қызмет көрсетуге тиістігін дәлелдеп, баяндама жасады, мақала жазды. 14 мыңнан астам ауру бар. Бір отбасылық дәрігер олардың бәрінің тіпті атауын да білмеуі мүмкін. Бүгінде педиатр қызметі 20-дан астам маманды біріктіреді: перзентханаларда нәрестелерді өмірінің алғашқы 28 күнінде қарайтын неонатологтардан бастап, балалар инфекционисі, балалар хирургі, балалардың анестезиолог-реаниматологі және басқасы. Жалпы осылай болып кетті. Сондықтан балалар дәрігері керек, – дейді Елена Шиц.
Дүниеде балаңның ауырғанынан жаманы жоқ. Бала деген қай жері ауырғанын да айта алмайды. Ересектер мен балалардың айырмашылығы да осында ғой. Балаларды емдейтін дәрігер баламен балаша сөйлесуі керек. Қазір емханаларда, ауруханаларда жалпылама қарайды. Қарапайым тұмаудың өршіп, созылмалы ауруларға ұласып кетіп жатқаны да осы балалар дәрігерінің болмауынан шығар. Балаларды тек балалар дәрігері ғана емдей алады.
Естуімізше, педиатр мамандығына грант саны да аздау екен. Саланы сапалы мамандармен толықтырудың басты амалы - бала денсаулығын тәжірибе жасайтын алаңға айналдырмай, олқылықты уақыт өткізбей қалпына келтіру. "Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді"деп қазақ бекерге айтпаса керек.Дәрігерлік саланың өзі әр нәрсенің басын шалмай, бір салаға мамандандырғаны дұрыс.Болашағын ойлаған ел балаға жағдай жасайды.
Эльмира Байназарова
Алғыс арқалаған абзал жандар
Ұқсас жаңалықтар
Денсаулық сақтау министрі Жамбыл облысының тұрғандарымен кездесті
- авторAR-AY
- 30 қыркүйек, 2024