Байзақ аудандық ауруханасы жеке құрылым ретінде 1982 жылдан бері жұмыс істейді. Аурухананың негізгі басымдықтарының бірі – жұмыстың үлкен бөлігін алып жатқан хирургия бөлімі. Ауруханада өңір тұрғындарының денсаулығы үшін тынымсыз еңбегін сарп еткен тәжірибелі, білікті, жауапкершілігі мол хирургтер қызмет етеді. Солардың бірі – Бақтияр Мейірбеков. Ол – хирургия бөлімінің меңгерушісі, әрі білікті де білімді дәрігер. Хирургия бөлімінде құрсақ қуысы мүшелеріне лапароскопиялық операция жасаудың соңғы технологияларын қолданып, атап айтсақ, холецистэктомия, аппендэктомия, эхинококкэктомия, диафрагмалық грыжаға әртүрлі оталар жасалады. Сондай-ақ гинекологиялық лапароскопиялық операциялар жүргізіледі.
– Байзақ ауданы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқандықтан жол-көлік оқиғаларынан зардап шегушілер көмегімізге жиі жүгінеді. Операцияға байланысты травматологиялық науқастарға бас сүйегінің трепанациясы, сыртқы бекіту аппаратымен иммобилизация, жоғарғы және төменгі аяқтың әртүрлі сүйектерінің металлостеосинтезі, түтікшелі сүйектердің бітелген интрамедулярлық остеосинтезі ауруына хирургиялық араласулар жасаудамыз, – дейді хирург дәрігер Бақтияр Әбуұлы.
Бақтияр Мейірбеков бастаған дәрігерлер тобы 2023 жылдың қараша айынан бастап жоғарғы және төменгі аяқтың түтікшелі сүйектеріне БИОС операцияларын сәтті жүргізуде. Пациенттер басқа облыстардан да келіп, мықты хирургтың шипалы қолынан ем алуда. Өткен жылдан бастап бөлім меңгерушісі алғаш рет қалқанша безіне операция жасай бастады. Ол – «струмэктомия» деп аталатын әдіс түрімен жасалады.
Осы жылдың наурыз айынан бастап ауруханада эндоскопиялық зерттеу әдістері мен операциялары енгізілуде. Медицина қызметкерлерінің жаңашылдықтары мен күш-жігерінің арқасында тұрғындар сапалы хирургиялық көмекпен қамтамасыз етілуде. Ауыл тұрғындары ауданнан шықпай-ақ медициналық көмекті қолжетімді және сапалы түрде алып жүргендеріне ризашылықтарын білдіруде.
Облыс көлемінде эндоскопиялық паппилосфинктеротомия жасайтын үш қана хирург-эндоскопист дәрігер бар. Екінші кейіпкеріміз – Жантөре Маратұлы. Ол рентгеноэндоваскулярлы хирургиямен араласуды, ішектің мезентериялды тамырларының қан ұюын сұйылтатын әдісті және тағы басқа лапароскопиялық оталарды меңгерген.
Облыстық көпбейінді аурухананың хирургия бөлімінде 8 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Жантөре Маратұлы аз уақыт ішінде өзінің біліктілігімен көзге түскен жас маман. Ол 1992 жылы Талас ауданының Майтөбе ауылында дүниеге келген. 2010 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина университетіне емдеу ісі факультетіне түсіп, 2017 жылы «Хирург» мамандығын тәмамдаған. Сол жылдан бері облыстық көпбейінді ауруханада хирург-дәрігер болып қызмет етіп келеді.Бүгінгі таңда жоғарғы мамандандырылған технологиялық медициналық оталарды меңгерген ол эндоскопиялық жолмен өт-тас ауруларына эндоскопиялық паппилосфинктеротомия, механикалық сарғаюлар кезінде эндоскопиялық жолмен стенттеу операцияларын жасайды.
Айта кетейік, жоғарғы технологиялық операция – ішектің мезентериялық қантамырларының тромбозы кезіндегі рентгеноэндгваскулярлы селлективті мезентерикография тромболизис, яғни ұйыған тромбтарды рентгенохирургиялық араласумен сұйылтады.Облыстық көпбейінді ауруханада мұндай ота түрлерінің жасалып келе жатқанына көп уақыт өткен жоқ. Дегенмен қазіргі уақытта осындай жас, білікті хирург-эндокопистердің арқасында пациенттер алысқа сабылмай, жоғары медициналық көмекті өңірімізде алуда.
Екі кейіпкеріміз де жас та болса заманауи, креативті.Бірнеше тіл білетін, жеткен дәрежелеріне тоқтап қалмайтын, антына адал дәрігерлердің еңбегіне жеміс тілейміз.
Ақжүніс Нақыпжанқызы,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
3-курс студенті