Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Инвестиция тарифке айырбасталуда

Инвестиция тарифке айырбасталуда
Ашық дереккөз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдіктің сақталмай отырғанын атап көрсеткен еді. Мемлекет басшысы елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткенін, соның өзі табиғи монополия субьектілеріндегі жағдайдың шын мәнісінде қалай екенін аңғартатынын сөз еткен болатын.

Президент аталған Жолдауында: «Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді.Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет» , – деген болатын.Жолдау жүктеген міндет елімізде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының жүзеге асуына сеп болды.

Осы тұста жұртшылықты «Жылу, ауызсу, электр энергиясын тарату секілді компаниялар мен халыққа коммуналдық қызмет ұсынатын мекемелер тозығы жеткен жылу, су, энергия желілерін жаңартумен қатар, жұмысшылардың еңбекақысын көтеруде, салаға жаңа технология енгізуде қаржыны қайдан алады?», «Тарифті инвестицияға айырбастау деген не?» деген сұрақ ойландыруы мүмкін.

Бұл жерде біз сөз етіп отырған кәсіпорындар жеке компания болғандықтан олар тозығы жеткен құбырды ауыстыру, еңбекақыны көтеру секілді шаруаларға қаржыны өз есебінен жұмсайды. Ал Үкімет осы шаруалар атқарылғаннан кейін тарифті көтеріп береді.

Ендеше қандай да бір елді мекенде коммуналдық қызмет, жылу, су, электр энергиясын ұсынып отырған осы тектес басқа да мекемелер тарапынан тарифтің көтерілетіні туралы сыбыс пайда болса, демек, бұл жергілікті жердегі халықты электр, жылу және сумен жабдықтау секілді кәсіпорындар инженерлік желілерді жаңғыртуға және кәріз жүйесін жаңартуға қатысты жұмыстарды жүргізіп жатыр деген сөз. 

Осы тұста біз ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Алмат Абдрайханнан өңірде қандай табиғи монополия субъектілері «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатқанын сұраған едік.

Облыс бойынша қызмет көрсетуге қатысты негізгі құралдардың тозу көрсеткіштерін талдау бойынша «қызыл» аймаққа енгізілген, яғни өңірде инженерлік желілер, басқа да жабдықтарды ретке келтіруге жататын 4 табиғи монополия субъектілері бар екен.

Атап айтқанда, бұған «Жамбыл электр жүйелері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Таразтрансэнерго»,  «Жамбыл Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары және «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы жатады.

– «Жамбыл электр жүйелері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің осы жылы 1 қаңтардағы жағдай бойынша негізгі құралдарының тозуы орта есеппен 79,04 пайызды құрайды. Осы серіктестіктің инвестициялық бағдарламасында көрсетілген қаржы біздің департамент және облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының 2021-2025 жылдарға арналған бірлескен бұйрығымен бекітілген жұмыстардың құны 5 740 474 мың теңгені құрайды.

Оның ішінде 2024 жылға 1 176 897 мың теңге қаржы қаралды.Осы жылы 1 318 589,2 мың теңге сомасына инвестициялық бағдарламаға қосымша іс-шаралар бекітілді. Бұл инженерлік желілердің тозуын 1,3 пайызға төмендетуге септігін тигізеді. Биылға бекітілген инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы – 2 495 486,2 мың теңге.«Жамбыл электр жүйелері» ЖШС-ның 2024 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы бірқатар іс-шараны атқаруға бағытталған.

Атап айтқанда, қаржы кернеуі 35-110 кВ және кернеуі 6-10 кВ жабдықтарды, электр энергиясын бақылау мен есепке алудың автоматтандырылған жүйесін сатып алуға жұмсалады. Бүгінгі таңда аталған кәсіпорынның қосымша инвестициялық бағдарламада бекітілген іс-шараларының орындалуы 60 пайызды құрап отыр.

«Таразтрансэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жыл басында жылу желілерінің тозуы 67,8 пайызды көрсетті. Мұндағы 2022-2026 жылдарға бекітілген инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруға қажетті қаржы көлемі 860 647,18 мың теңге болса, оның ішінде осы жылға 119 103 мың теңге жұмсалмақ.

2023 жылы бюджет қаражаты есебінен «Тараз қаласы, Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелеріндегі М-1 жылу магистралін қайта жаңарту үшін 858 905,29 мың теңгеге қосымша іс-шаралар бекітілді. Жылыту кезеңінің басталуына байланысты кесімді мерзім 2023 жылдан 2024 жылға ауыстырылды.

Қазіргі таңда аталған нысан бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде.Биыл бюджет қаражаты есебінен Сыпатай батыр, Төле би, Тұрысов көшелері бойынша ТЭЦ-4 жылу көзінен өтетін жалпы ұзындығы 6,76 шақырым М-1 магистралінің жылуын реконструкциялауға жалпы сомасы 7 091 930 мың теңге бөлінген. Оның 6 382 740 мың теңгесі республикалық бюджеттен, 709 190 мың теңге жергілікті бюджеттен қаралды. Осы жұмыстар атқарылғанда жылу құбырларының орташа тозуы 5 пайызға дейін кемиді.

Департамент арқылы 2024 жылға 858 510 мың теңге сомасына инвестициялық бағдарламаға қосымша іс-шаралар атқару бекітілді. 2024 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы 1 836 519 мың теңге, оның ішінде 858 905,29 мың теңге 2023 жылдан 2024 жылға ауыстырылып отыр.Бүгінгі күнге М-1 магистралінің жылуын реконструкциялау бойынша демонтаж жұмыстарының орындалуы 58,7 пайызды көрсетті. Оның ішінде 4,772 шақырым құбырдың 2,945 шақырымы, 4,096 шақырым темір-бетон лотоктың 2,338 шақырымы алынды. 4,096 шақырым жер қазу жұмыстары бойынша 2,358 шақырым жер қазылды.Монтаждау жұмыстарының орындалуы 22,4 пайызды құраса, оның ішінде 4,772 шақырым құбырдың 839 метрі, 4,096 шақырым темір-бетон лотоктың 1,26 шақырымына тиісті лотоктар салынды, – дейді

Алмат Аблайханұлы.Осы жұмыстарды атқару барысында мердігер «Сарыағаш-Аман» ЖШС тарапынан «Ауыл-Береке» базарына жақын аумақтан қойма жалға алыныпты. Аталған қоймаға және құрылыс учаскелеріне шамамен 3 500 метр құбыр, бекіту арматуралары, құрылыс аумағын қоршауға арналған қоршау секілді басқа да қажетті құрылыс материалдары мен құрал-жабдықтар жеткізілген. Қазіргі таңда аталған құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқан көрінеді. Жұмысты алдағы 1 қазанға дейін аяқтау жоспарланыпты.«Жамбыл Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының 2024 жылғы 1 қаңтар бойынша тозу деңгейі – 71 пайыз.

Кәсіпорын 2022-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында жөндеу жұмыстарына 2 169 245,81 мың теңге, оның ішінде 2024 жылға 425 596 мың теңге салған.– Өткен жылы бюджет есебінен «Жансүгіров көшесі бойынша Қ.Тұрысов көшесінен Жамбыл даңғылының 325 мекенжайына дейін және Қазыбек би көшесі бойынша Әйтиев көшесінен Жамбыл даңғылына Ø-400 миллиметрге дейін су құбыры желілерін күрделі жөндеу үшін инвестициялық бағдарламаға 479 690 мың теңгеге татитын шаруаларды атқару қосымша бекітілді.

2023 жылы қаражат бөлінбеуіне байланысты түзету жүргізіліп, қаражат көлемі 304 400 мың теңгеге өзгертілді және 2023 жылдан 2024 жылғы мерзімге ауыстырылды.Алайда «Таразтрансэнерго» кәсіпорнының Тараз қаласының М-1 жылу магистралін, Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерін қайта жаңарту бойынша жөндеу жұмыстарының басталуына байланысты Тараз қаласы әкімдігі аталған көшелерге күрделі жөндеу жүргізуге рұқсат бермей отыр. Себебі М-1 жылу магистралі жөнделетін көшелер автокөліктің өтуіне кедергі келтіреді.

2024 жылы 340 975,38 мың теңге сомасында 2,17 шақырымға сумен жабдықтау жүйелерін күрделі жөндеу Қ.Тұрысов көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Жансүгіров көшесі бойынша ұзындығы 1,02 шақырым және Әйтиев көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Қазыбек би көшесі бойынша ұзындығы 1,15 шақырым су құбырларына күрделі жөндеу жұмысын жүргізу көзделген болатын. Бірақ «Жамбыл су» кәсіпорнының  ақпаратына бойынга, 2024 жылға болжанған қосымша іс-шаралар бойынша бюджеттен ақша қарастырылмаған.

Осыған байланысты «Жамбыл Су» кәсіпорны мекемесі инвестициялық бағдарламасының бекітілген қосымша іс-шараларын орындамайтынын және 2024 жылы қосымша іс-шараларды бекітуге өтінім бермейтінін хабарлады.Сонымен қатар Тараз қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 20 желтоқсандағы №4953 «Тараз қаласында аяқталған объектілерді балансқа беру туралы» қаулысының негізінде 2018-2022 жылдар аралығында бюджет есебінен Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімі балансындағы су құбыры желілерін салу және жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіліп, ол «Жамбыл судың» балансына берілді. Соның арқасында «Жамбыл судың» құбырларының тозу деңгейі 71 пайыздан 65 пайызға дейін төмендеді.

«Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының желілері  74,5 пайызға тозған. Аталған акционерлік қоғамның инвестициялық бағдарламасында жалпы сомасы 512 581,52 мың теңгенің жұмысы бар болса, 2024 жылға қаралған қаржы 106 707,60 мың теңгені құрайды.Былтыр бюджет есебінен 723 214,28 мың теңгеге «РК-4 су жылыту қазандықтарын сатып алуға» инвестициялық бағдарламаға қосымша іс-шаралар бекітілген еді. Десе де бұл бойынша өткен жылы қаражат бөлінбеді. 

Осыған байланысты инвестициялық бағдарламаға түзету жүргізіліп, «РК-4 су жылыту қазандығын орнату жобалық-сметалық құжаттарын реттеуге қатысты қаржы 83 702,7 мың теңге болып өзгертіліп, мерзімін осы жылға ауыстыру жұмысы жүргізілді.

 

Сонымен қатар облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамына қатысты оңалту рәсімін қолдану туралы шешім қабылдады. Жоғарыда айтылған жайттардың негізінде, сондай-ақ пайданың рұқсат етілген деңгейі тозудың төмендеуіне әсер етпейтінін ескере отырып, «Таразэнергоорталық» АҚ 2024 жылы қосымша іс-шараларды бекітуге өтінім бермейтін болды, – дейді А.Абдрайхан.

 

Десе де аталған мәселелер бойынша табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті тарапынан облыс әкімдігіне тиісті хаттар жолдапты.Бұл "тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы аясында аталған департамент пен жергілікті атқарушы органдардың бірлесіп жұмыс істеп жатқанын көрсетсе керек. Облыста тоғызы жеткен инженерлік желілердің жаңасына алмастыруылуы секілді басқа да атқарылып жатқан ілкімді істің игілігін жұртшылық биылдан қалмай көретінінен үміттіміз 

Нұрым Сырғабаев

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар