Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Табиғаттың тынысы тарылмасын десек...

Табиғаттың тынысы тарылмасын десек...
Ашық дереккөз
Ғалымдар тұрмысқа қажетті жеңіл, мықты, әрі арзан пластик құтыны осыдан 150 жыл бұрын ойлап тапқаны белгілі. Қазір бұл затты тұтынбайтын мемлекет, адам атымен жоқ. Бірақ мұның зияны айналамызды тұтынудан кейін босаған əртүрлі мөлшердегі пластик бөтелке қалдығының басып бара жатқанымен байланысты болып отыр. Қоқыс алаңдары мен өзен-көлдер де пластик құтыларға толып кетті. Экологтар дабыл қағуда. Не істеу керек?

Мамандардың  айтуынша, қайта өңдеп, өртелгендерінен тыс, жер бетінде бүкіл тіршілік атаулыға қатер тудыратын 5,5 миллиард тонна пластик айналамызда шашылып жатыр екен. Жыл сайын әлемде триллион полиэтилен пакет бар-жоғы 15 минуттық қажеттілікті өтеп, 450 жыл бойы шірімейді. Бұл – адамзат пен жан-жануарлар, құстар үшін де қауіпті. Пластиктің тіпті ең кішкентай бөлігінің өзі теңіздегі тіршілік атаулыға қауіп төндіруде. 

Табиғат жанашыры, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Экология» кафедрасының доценті Анар Жұмадилованың айтуынша, адамдардың күнделікті тұтынған пластик пен  басқа да тұрмыстық заттарды қалай болса солай тастай салуы қоршаған ортаға зілбатпан зиянын тигізуде. 

– Өңделмеген заттар қоршаған ортаның ластану процесін одан әрі күшейтеді. Ол бірден көзге көрінбейді. Біз тұрмыстық қалдықтарды қолдану барысында табиғатқа жанашырлық танытуымыз керек. Қазіргі кезде әлемдік деңгейдегі мәселе – пластик қалдықтары.

Бүгінде біз тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мақсатында студенттермен бірге Тараз қаласындағы «Жасыл ел» мекемесімен келісімшартқа отырып, пластик қалдықтарды жинау арқылы жаңа тауардың пайда болуына ықпал етудеміз. Табиғи ресурстар шектеулі, оны қалпына келтіруіміз қажет. Бұл – әлемдік мәселе. Сондықтан да таза экологиялық тауарлар шығарылуы керек. Экономика дамып жатқанымен экология мәселесін кенжелетіп тастауға болмайды, – дейді ол.


Бүгінгі таңда қатарымызда білімді, озық ойлы жастар көп. Олардың көзқарасы да бөлек. Жас эколог Венера Жамбыл да осы мəлелеге бейжай қарай алмайтындардың бірі. – Біз, экологтар жазда өзендердің суы неліктен тартылып кететінін, өзен-көлдердегі балықтардың не себепті қырылып қалатынын зерттеп, оның шешімін табуға талпынып жатырмыз. Біз судың, жердің, ауаның күйін, өндіріс қалдықтарының өсімдіктерге, жануарларға және адамдарға әсерін зерттейміз.

Бірінші кезекте біз санамызды өзгер­туіміз керек. Технология­лар дамып, табиғи ре­сурстар­дың тынысы тарылған  заманда өмір сүргендіктен әр азамат өзінің табиғат алдындағы жауапкершілігін сезінуі тиіс. Біз күнделікті пайдаланатын табиғи ресурстарға немқұрайды қарамауымыз керек, – дейді ол.

Диас Маратұлы,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 
3-курс студенті

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар