Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әлеуметтік дүкен әрбір өңірге керек

Әлеуметтік дүкен әрбір өңірге керек
Ашық дереккөз
Еліміз өркениет көшіне ілесіп, мемлекетіміздің экономикасы дамыса, халықтың өмір сүру сапасы жақсарса деген тілектің барлығымыздың көкейімізде жүргені сөзсіз. Алайда халықты жұмыспен қамту, өңдеу өнеркәсібін ілгерілету секілді шаруаларды атқарумен қатар, нарықта бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, инфляцияны тежеу ең маңызды мәселенің бірі. Осы ретте облыста әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұруға қатысты шаралар өңірдің тұрақтандыру қоры арқылы жүргізіліп келеді.

Бүгінде облыс аудандарында да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттеу, қажетті азық-түлік қорын қалыптастыру ісі жүйелі жүзеге асуда. Мәселен, Меркі ауданында да нақты мысалдар жетерлік.  Аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ахан Алтынбаевтың айтуынша, аймақта  көрсетілетін қызметтер мен тауарлар бағасының өсуін тежеу бағытында тиісті шаруалар атқарылуда. Атап айтқанда, аудандағы ірі сауда орындары мен базарлар, шағын маркеттер мен әлеуметтік дүкендердегі баға жіті бақылауда. Тіпті азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол берген кәсіпкерлерге әкімшілік шаралар қолданылуда.

Мысалы, былтыр облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тарапынан 2 азық-түлік дүкенінің иелеріне әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын негізсіз көтергені үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 204-3-бабына сәйкес ескерту түріндегі шара қолданылыпты. Сонымен қатар осы жылдың мамыр айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтеру дерегі орын алып, сол үшін аталған департамент тарапынан аудан аумағында орналасқан бір азық-түлік дүкенінің иесіне ескерту берілген. 
Осы жылы облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының тапсырмасына сәйкес аудан аумағында орналасқан 150 азық-түлік дүкенінің иелеріне «Супермаркеттер үшін арналған жадынама» таныстырылыпты.

Аталған жадынамаға сай тиісті дүкен иелеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15 пайыздан асырған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-3-бабына сәйкес ескерту берілетіні немесе айыппұл салынатыны түсіндірілген. Сонымен қатар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, яғни «Меркі тынысы», «Меркі ақиқат» газеттері мен түрлі әлеуметтік желілерде жоғарыда аталған жадынамалардың мәтіні тұрақты түрде жарияланып отырған. 

– Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын  тұрақтандыру – басты мәселенің бірі. Осы мақсатта биыл көлемі 30 тонна болатын бірінші сұрыпты бидай ұнын жеңілдетілген бағада, яғни 1 келі ұнды 130 теңгеден облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасынан алу арқылы наубайхана иелеріне тараттық. Сәйкесінше аталған кәсіпкерлер аудандағы 20-дан астам азық-түлік дүкеніне бір бөлке нанды 100 теңгеден өткізуде. Ал азық-түлік дүкендері бөлке нанды сол бағада, кейбірі үстіне бес теңге қосу арқылы 105 теңгеден сатып жатыр.

Олардың қатарында «Мақпал», «Қуаныш», «Үміт», «Іңкәр» секілді тағы да басқа дүкендер бар. Сондай-ақ қосымша 15 тонна ұнға сұраныс хат жолданды. Соның арқасында ауданда нанның бағасы тұрақталды.Отандық тауар өндірушілердің өнімін сауда орындарына делдалсыз тікелей жеткізу үшін осы жылы сиыр етін сататын бір жеке кәсіпкермен және бөлке нан шығаратын наубайхана иесімен  келісімшарт жасалды.«Меркі қант» зауытының басшыларымен келісім жүргізіліп, нәтижесінде зауыттан шыққан 1 келі құмшекер сауда орындарына 330 теңгеден өткізілуде. Аудан аумағында орналасқан азық-түлік дүкендерінде құмшекердің бағасы қазір 350-360 теңге аралығында саудалануда, – деді Ахат Көктеубайұлы.


Биыл Ойтал ауылдық округінде орналасқан «Алатау» азық-түлік дүкенінің иесі, жеке кәсіпкер Мубарак Айтимбетов облыстық тұрақтандыру қоры арқылы «Айналым схемасы» жобасы бойынша несие алуға ниет білдіріп, тиісті құжаттарын әзірлепті. Алайда облыстық тұрақтандыру қоры арқылы несие берілмеуіне байланысты әлгі дүкен иесі әлеуметтік дүкенді өзінің жеке қаражаты есебінен ашуға бел байлап отыр. Аталған дүкен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататын 19 өнімнің  10-нан астам түрін саудаламақ. Бүгінгі күнге кәсіпкер дүкеннің әктеу және сырлау жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Сондай-ақ дүкеннің ішкі және сыртқы құрал-жабдықтары әзірленіп жатқан сыңайлы. Аталған әлеуметтік дүкен жақын арада ашылады деп күтілуде.

Меркі ауданында бағаны тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы осындай. Бұл тұрғыда тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартудың негізгі факторларының бірі – азық-түліктің қолжетімділігі мен оның сапасын қамтамасыз ету басты назарға алынған. 

Снежана Альжева, 
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік
 университетінің 2-курс студенті

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар