Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Баға тұрақтылығы бақылауда

Баға тұрақтылығы  бақылауда
Ашық дереккөз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Украинадағы оқиғалар азық-түлік бағасының күрт өсуіне әкеп соқтырды. Таяу уақытта бұл бағалар шарықтап кетуі де әбден мүмкін... Жалпы фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қарау керек. Тапшылықтың және азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын алу үшін ауылшаруашылық өнімдерін мемлекеттік тұрақты қорларға форвардтық бағалармен сатып алу мәселесін пысықтау қажет», – деген болатын.

Бүгінде әлемдегі геосаяси жағдай, отандық өнімнің ішкі нарықта шетелдік импортпен бәсекелестікке түсе алмауы, өңдеу өнеркәсібінің әлсіздігі, инфляцияның теңгені әлсіретуі секілді жайттар кез келген тауар бағасының шарықтауы мен тұтынылатын ақылы қызметтердің бағасының өсуіне әсер етіп жатқаны рас. Анығын айтқанда, нарық ырыққа, баға байлауға көнбей тұр.Десе де бағаны тұрақтандырудың бір тетігі – күнделікті тұтынуды қажет ететін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнын халыққа қолжетімді ету. Бұл тұрғыда облыс аудандарында тұрақтандыру қорлары арқылы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Қордай ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Эльдар Дүншебаев аймақта қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша бөлшек сауда айналымы 16036,5 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 110,7 пайызды көрсеткенін айтады. Былтыр осы уақытта бөлшек сауда айналымы 13631,3 миллион теңге болған екен. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда биыл сауда айналымы 2,4 миллиард теңгеге артыпты.

– Көтерме сауда айналымы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша 5157,0 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,4 пайызға жетті. Десе де қазіргі нарықтық жағдайда аудан тұрғындарының әл-ауқатын көтеру күн тәртібінде тұрған мәселе. Сондықтан халық күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруға қатысты тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, ауданда негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және сауда үстемесін асырмау жөнінде аудандық қоғамдық кеңестің, «АMANAT» партиясы аудандық филиалының кезекті отырыстары өткізіліп, осындай жиындарға ауылдық округ әкімдері шақырылып, бағаны тұрақты қадағалау бойынша хаттамалық тапсырмалар берілуде.Ауданда нан мен ұнның бағасын тұрақтандыру мақсатында қордайлық бірқатар наубайханаға Тараз қаласында орналасқан тұрақтандыру қорынан осы жылдың қаңтар айынан бастап 520 тоннаға жуық арзандатылған ұн сатып алынды. Қажеттілікке байланысты қазіргі таңда «Көмбеш нан» наубайханасы 40 тонна, «Колос» наубайханасы 20 тонна, «СТ-нан» наубайханасы 24 тонна ұнды шетінен сатып алуда.
Нәтижесінде аудан орталығындағы «Шұғыла», «Шұғыла-2», «Кордай сити», «Семейный-2» секілді сауда нүктелерінде және «Колос» наубайханасының дүкенінде әлеуметтік нанның бір бөлкесі 110-120 теңгедан сатылып жатыр. Сондай-ақ тура осындай бағадағы нанның біреуі әлеуметтік нанға сұраныс білдірген басқа да дүкендерде және Төле би көшесінің бойындағы 6 нан сататын дүңгіршекте тұрақты түрде тұрғындарға саудалануда.

Тағы бір айта кетер жайт, «Семейный», «Семейный-2», «Флагман», «Қордай Сити» сияқты ірі сауда орталығының басшыларымен келіссөздер  жүргізіліп, сауда қатарынан әлеуметтік сөрелер ашылып, жыл басынан бері екі тоннаға жуық тауар нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен бағамен тұрғындарға сатылуда. Былтыр осы уақытта халық арзандатылған бағадағы 2 тонна 700 келі тауар тұтынған болатын.Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз көтермеу және тауардың сауда үстемесін 10-15 пайыздан асырмау мақсатында қатардағы дүкендер мен супермаркеттер және базар басшыларымен жыл басынан бері 150 меморандум жасалды. Бұдан бөлек «Эко Чикен» кооперативімен құс етінің бағасын тұрақтандыру бойынша өзара ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойылды.Ауданда қоғамдық мониторингтің бақылауы мен ауыл тұрғындарының шағымдарына сәйкес облыстық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің мамандары сауда үстемесін 15 пайыздан асырғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4-бабының 1- бөлігімен осы жылы Отар ауылындағы «Шұғыла», «Еламан», Қордай ауылындағы «Дара» дүкендеріне ескерту берді. Сондай-ақ Масаншы ауылындағы дүкендерде азық-түлік тауарлары бағасының  теңгемен көрсетілмегені үшін арыз жазылып, 2 дүкенге тексеріс ашылып, аталған департамент тарапынан айыппұл салынды. Әр дүкен иесі 11 мың теңгеден айыппұл арқалап, жағдай ретке келтірілді, – деді Эльдар Дәулетұлы.


Бүгінгі таңда Қордай ауданында әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының қоры 1215,7 тоннаны құрайды. Оның  ішінде қоймаларда  1 161 тонна, сауда нысандарында 634 тонна азық-түлік тауары бар екен. Ауданда азық-түлік тауарларына қатысты тапшылық жоқ. Сонымен қатар Гвардейск қалашығында арзандатылған бағада екі мәрте азық-түлік жәрмеңкесі өткізіліпті. Жәрмеңкеге аудандағы азық-түлік тауарын өңдірушілер, шаруа қожалықтар және тағы басқа өнім өңдеу саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер қатысыпты. Ет және ет өнімі, сүт және сүт өнімі, балық, бал, шұжық, көкөніс пен жеміс-жидек секілді тағы да басқа тауарлар нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен бағада тұрғындарға ұсынылған.Осындай жүйелі жұмыс Шу ауданында да атқарылуда. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 19 түріне шекті баға бекітілген екен.– Шу ауданында орналасқан сауда үйлерінің және дүкендердің басшылықтарына Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 30 маусымдағы №439-НҚ және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 1 шілдедегі №68 бірлескен бұйрығының 4-тармағында көрсетілген міндеттемелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын беру шартында көрсетілген өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда өнім берушінің сатып алу бағасының 15 пайыздан аспайтын шекті сауда үстемесінің мөлшерін асырмау» туралы талаптарға  сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын себепсіз көтермеу және нан өнімдерін талапқа сай сақтау мәселесі түсіндірілді.

Осы жұмыстар бойынша Шу қаласы мен 18 ауылдық округ қамтылды.Шу қаласы және 18 ауылдық округтегі орналасқан азық-түлік сауда дүкендерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын (ӘМАТ) сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау жөнінде 171 сауда нүктесімен меморандумға қол қойылған. Бұдан бөлек өнім өндіруші 17 жеке кәсіпкер және бірқатар шаруа қожалықтардың басшыларымен өзара мәмілелер жасалған. 2024 жылдың ақпан айында азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттығы туралы аудан тұрғындарынан 2 арыз түсті. Тіркелген арыздарды тексеру барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қосылатын сауда үстемесін 15 пайыздан асырғаны үшін облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің қызметкерлері Шу қаласындағы «Нұрсұлтан» сауда үйінің иесіне ескерту беріп, Төле би ауылында орналасқан «Адия» супермаркетінің иесіне заң аясында айыппұл салды.Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы тарапынан 2024 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін жеке кәсіпкер В.Курбановтың «Валиш» наубайханасына 200 тонна 1-сұрыпты әлеуметтік ұн және тағы бір жеке кәсіпкер Г.Амированың «Рамазан» наубайханасына 45 тонна әлеуметтік ұн бөлініп, ақ ырыс уақыт оздырмай кәсіпкерлерге жеткізілді, – деді

Шу ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жеңіс Нұрғалиев.Облыс бойынша өндірілетін пияздың 70 пайызы шулық диқандардың қолынан шығатыны белгілі. Сол себепті пияз өнімдерінің тікелей делдалсыз сатылуын қамтамасыз ету мақсатында Шу қаласында орналасқан 7 ірі сауда орны мен 40 азық-түлік дүкеніне жалпы көлемі 1000 қап пияз жеткізіліпті. Нәтижесінде пияз өнімінің бағасы 140 теңгеден 60 теңгеге төмендеген екен.

Аудандағы жауапты мамандар осындай жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын айтады. Сонымен қатар осы маусым айында ауылшаруашылық жәрмеңкесін өткізу жоспарланыпты. Мақсат – ауданда азық-түлік қауіпсіздігі мен бағаны тұрақтандыру, халықты сапалы өніммен қамтамасыз ету.

Нұрым Сырғабаев

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар