Сондықтан да облыстық полиция департаменті қылмыстың алдын алу, жол-көлік оқиғаларын азайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында уақытпен санаспай еңбек етуде.
2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңірімізде 3 706 құқықбұзушылық тіркеліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 386 дерекке артқан. Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Жанаевтың айтуынша, тіркелген құқықбұзушылықтардың 3 009-ы қылмыстық фактілерге жатады.
– Саралап айтар болсақ, ауыр қылмыстар 31,6 пайызға өсіп, 939-дан 1 236-ға жеткен. Аса ауыр қылмыстар болса 54,8 пайызға төмендеп, 124-тен 56-ға дейін азайды. Орташа ауырлықтағы қылмыстар 11,4 пайызға көбейіп, 1 019-дан 1 135-ке артса, онша ауыр емес қылмыстар 15,1 пайызға төмендеп, 684-тен 581-ге дейін кеміді. Қылмыстық кодекстің 99-бабы (адам өлтіру) бойынша 27 дерек тіркелді. Ал былтыр 31 дерек орын алған еді. Зорлау бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабына сәйкес 20 дерек есепке алынып, өткен жылдың деңгейінде қалып отыр. Ұрлыққа қатысты оқиғалар 739-дан 547-ге дейін азайса, алаяқтық 68,9 пайызға өсіп, 643-тен 1 086-ға дейін көбейген. Оның ішінде 644 дерек интернет-алаяқтыққа қатысты. Атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан есірткі қылмыстары да азаяр емес, биыл бұл қылмыс түрі 421-ден 458-ге өсіп отыр. Десе де қоғамдық қауіпсіздік желісі бойынша оң динамика байқалады. Атап айтқанда, құқықбұзушылықтардың саны қоғамдық орындарда 978-ден 776-ға азайған. Кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 72-ден 65-ке төмендесе, мас күйінде жасалған қылмыстар 447-ден 338-ге кеміген, – деген Бауыржан Дәулетханұлы департамент қызметінің негізгі бағыты құқықбұзушылықтардың алдын алу және халықпен жұмыс жүргізу екенін жеткізді.
Осы мақсатта департамент қызметкерлері тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.
– Бүгінгі заманда бейнешолулар мен аналитика қазіргі қауіпсіздік жүйелері мен құқықбұзушылықтың алдын алу ісінің ажырамас бөлігіне айналды. Олардың полиция жұмысында қолданылуы полиция қызметінің тиімділігін арттырып, қоғамдық қауіпсіздікті жақсартуға және оқиғаларға жедел әрекет етуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Бейнеаналитика қылмысқа баруы мүмкін адамдарға тосқауыл ретінде әсер етеді, оқиғаларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді және тергеу үшін дәлелдер ұсынады. Көрнекі жерде орнатылған бейнебақылау камералары құқықбұзушылықтардың орын алуына тосқауыл болады. Ал заманауи жүйелер бейнеағынды автоматты түрде талдап, күдікті әрекеттер туралы дабыл бере алады. Сонымен қатар жазбалар оқиғаны тіркеу үшін қолданылады, бұл қылмыскерлерді сәйкестендіруді және дәлел жинауды жеңілдетеді. Тараз қаласының аумағында «Pelco Video Xpert» бейнебақылау жүйесінің 400 камерасы орнатылған. Оларда «BriefCam» қоғамдық қауіпсіздік аналитикасы және «VxFaces» модулі бар. Бұл модуль арқылы бейнеағыннан беттерді тану, нақты уақыт режимінде іздеу, танылған тұлғаларды бейнеағыннан немесе фотосурет жүктеу арқылы базаға енгізу, сондай-ақ көлік құралдарының мемлекеттік нөмірлерін анықтау мүмкіндігі қарастырылған. Аталған жүйенің деректер банкіне республика бойынша 27 978 адам енгізілген. Іздестірілетін тұлға анықталған жағдайда жүйе операторды хабардар етеді, ал оператор тиісті қызметтерге ақпарат береді. Олар өз кезегінде іздестіріліп жатқан адамды ұстау шараларын қабылдайды. Цифрландыру ішкі істер органдарында тек тиімділікті арттыру құралы ғана емес, оның азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да маңыздылығы зор. Бүгінде цифрландыру полиция қызметін кеңінен қамтып, жұмыстың тиімділігін арттыруға, көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін білдіреді. Ақпараттық технологияларды енгізу және әртүрлі процестерді автоматтандыру, жүйе ішіндегі және азаматтармен өзара әрекеттесуді жақсарту жұмыстары бірнеше жыл бойы жүргізіліп келеді. Реализацияланған жобалар қатарында «Тұтас бейнебақылау» жобасын атап өткен жөн. Бұл жоба тәулік бойы мониторинг жүргізуге, бейнедеректерді жазуға және сақтауға арналған камералар орнатуды, сондай-ақ полицияның қызметтік нысандарында және халықпен жұмыс істейтін жедел-тергеу бөлімшелерінде ашықтықты арттыруды көздейді. Жоба қызметкерлердің жауапкершілігін күшейтіп, заңдылықты сақтау мен қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдаланудың алдын алуға ықпал етеді, – деді Б.Жанаев.
Полиция департаменті жұмысындағы тағы бір жаңашылдық – «Кілемше бойынша қамту» жобасы. Бұл жоба қаланың барлық маңызды нысандары мен аумақтарын, соның ішінде көшелерді, саябақтарды, алаңдарды, көлік тораптарын және басқа да қоғамдық орындарды толық қамтиды. Ол үшін кең ауқымды бейнебақылау желісі орнатылады. Аталған жүйе қауіпсіздік деңгейін арттыру, жедел әрекет ету мүмкіндіктерін кеңейту және қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Сол секілді қала аумағында орнатылған 1 860 бейнебақылау камерасы полиция департаментінің жедел басқару орталығымен байланыстырылған. Аудан орталықтары мен елді мекендерде осындай 735 бейнебақылау камерасы бар.
Биыл облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 800 бейнебақылау камерасы және 96 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешені орнатылған. Сол секілді мемлекеттік мекемелер, білім беру ұйымдары, мектепке дейінгі және медициналық мекемелер, сауда орталықтары және басқа да ұйымдарда орнатылған камералардың бейнеағыны полиция департаментінің жедел басқару орталығының және қалалық басқарма мен аудандық полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдеріне шығарылады. Бүгінде жедел басқару орталығы мен кезекші бөлімдерге 14 мың камера қосылған.
– Тағы бір жоба – «SOS дабыл түймесі». Бұл жүйе қауіпті жағдайда тұрған адамдарға жедел түрде көмек шақыруға мүмкіндік береді. Дабыл түймесі арқылы шұғыл көмек қызметтеріне немесе жақындарына дереу хабар жіберіп, орналасқан жерін анықтауға болады. Қала аумағында 10 SOS дабыл түймесі орнатылған. Цифрлық бақылау қызметінің маңызды бөлігі – омниканалды қабылдау жүйесі. Облыс бойынша операторлардың 20 автоматтандырылған жұмыс орны орнатылған, оның төртеуі жедел басқару орталықтарында. Осы жылдың 10 айында осы жүйе арқылы азаматтардан 763 өтініш қабылданған. «Цифрлық полицей» жобасының да тиімділігі мол. Бұл жүйе үлкен деректерді талдау жүйелерін, нақты уақыттағы мониторингті, ірі көлемдегі ақпаратпен жұмыс істеуді және азаматтармен онлайн платформалар арқылы өзара әрекеттесуді күнделікті полиция қызметіне енгізуді көздейді. Жобаның аясында облыстық полиция департаментінің барлық қызметі 1 174 смартфон-бейнетіркегішпен жабдықталған. Полицияның мобильді қосымшаларға көшу үрдісі де назардан тыс қалмады. «Қорғау» мобильді қосымшасы азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға және қауіп төнген жағдайда жедел әрекет етуге бағытталған тиімді құрал болып табылады. «Қорғау» қосымшасы Тараз қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің 200 планшетіне орнатылған. Планшеттер «Сергек» жүйесінің 48 объектісіне қосылған. Жаңа технологияларды енгізу кешенді тәсілді және айтарлықтай күш-жігерді талап етеді, алайда олардың беретін артықшылықтары бұл шығындарды толық ақтайды. Жүйелерді жетілдіруді жалғастырып, жаңа сын-қатерлерді ескеріп, деректер мен азаматтардың құқықтарын жоғары деңгейде қорғауды қамтамасыз ету маңызды, – деген Бауыржан Дәулетханұлы полиция департаменті қызметінің басты бағыттарының бірі адам құқықтарын сақтау екенін жеткізді.
Азаматтарды ұстау кезінде әрбір адамның құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қорғалуы тиіс. Осы мақсатта полиция қызметкерлері азаматтардың адвокатқа қол жеткізу, сот бақылауы, сондай-ақ азаптаулар мен қатыгез әрекеттерден қорғану құқықтарын толық қамтамасыз етуге міндеттеледі.
Бүгінгі таңда департамент қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға және адам құқықтарын қорғау мәдениетін нығайтуға бағытталған түрлі оқу бағдарламалары белсенді іске асырылуда. Бұл полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығын жетілдіруге, сондай-ақ азаматтармен өзара қарым-қатынасты жақсартуға оң ықпал етеді.
Соған қарамастан, шешуді қажет ететін бірқатар маңызды мәселелер де бар. Алыс елді мекендердегі тұрғындармен өзара іс-қимыл деңгейі әлі де жеткіліксіз. Оның негізгі себептерінің бірі – құқық қорғау қызметкерлеріне шамадан тыс қызметтік жүктеменің түсуі.
– Өткен 11 айда Конституциялық құқықтардың бұзылуына қатысты 4 дерек анықталған. Барлық істер айыпталушыларды толық ақтау негізінде тоқтатылған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 7 жағдайға (11-ден 4-ке) азайған. Мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін сотқа дейінгі тергеуге бақылау күшейтіліп, барлық бөліністерге директивалық нұсқаулар берілді. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын сақтау жөнінде сабақтар өткізу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Есепті кезеңде, яғни 10 ай ішінде тергеуге қатысты 121 азамат өтініш жолдаған. Олардың ішінен 9-ы қанағаттандырылып, 94 өтінішке мазмұны бойынша түсіндірме жауап берілген. Ал 18 өтінішке негізді түрде қанағаттандырудан бас тартылған. Әрбір арыз бен шағым заңда белгіленген мерзімде қаралып, жазбаша түрде жауап берілетіні атап өтілді. Қабылданған шешімдер департамент басшылығының қолымен рәсімделіп, өтініш иелеріне жолданады. 2025 жылы департаментке барлығы 18 274 өтініш түскен. Оның ішінде 1 128 өтініш полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне шағым ретінде тіркелген. Арыздарды қарау нәтижесінде олардың 83 пайызы негізсіз деп танылса, қалған 17 пайызы бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп, кінәлі қызметкерлерге тәртіптік шара қолданылған. Қиындықтарға қарамастан, полиция департаменті қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы өз жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда. Талдау нәтижелері көрсеткендей, полиция қызметкерлері қылмыспен күрес пен азаматтардың құқықтарын қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтауға айрықша көңіл бөлуде. Биыл қылмыстарды ашу деңгейі 60,6 пайыз болып, 2024 жылғы 60,8 пайызға жуық көрсеткішпен шамалас деңгейде сақталуда. Бұл қылмыстарды ашудағы тұрақтылық пен нәтижеліліктің сақталғанын аңғартады. Сонымен қатар айыптау қорытындылары алынған немесе ақталмайтын негіздермен тоқтатылған істердің саны да тұрақты деңгейде қалып, тергеу сапасының біртіндеп жақсарып келе жатқанына дәлел болып отыр, – деді Б.Жанаев.
Бір айта кетерлігі, биыл құқық қорғау саласында атқарылған жұмыстардың барлығы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асып келеді. Қоғамдағы тыныштықты сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Қайсар Сұлтанбаев аудан тұрғындарымен тұрақты түрде кездесулер өткізіп, профилактикалық іс-шараларға тікелей қатысып, өз қызметкерлеріне үлгі көрсетіп жүр.
Таяуда генерал-майор Қайсар Әбілекұлы Тұрар Рысқұлов ауданында болып, жергілікті жұртшылықпен және қоғам өкілдерімен жүздесті. Сондай-ақ өңірдегі құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Жиында тұрғындар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Азаматтар тарапынан инспекторлардың жетіспеушілігі мен нашақорлыққа қарсы бөлімшенің жоқтығы өзекті мәселе ретінде көтерілді. Департамент басшысы түйткілдерді міндетті түрде шешуге уәде беріп, жақын арада тиісті штат бірліктерін құру және мамандарды қызметтік көліктермен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар «Ішімдіксіз ауыл» акциясын жүзеге асыруға елеулі үлес қосқан бірқатар азамат алғыс хаттармен марапатталды.
Қайсар Сұлтанбаевтың Тұрар Рысқұлов ауданына сапары білім беру нысандарындағы қауіпсіздік деңгейін тексерумен жалғасты. Сонымен қатар департамент басшысы Құлан агротехникалық жоғары колледжінде болып, жатақхана жанындағы полиция бөлімшесінің және колледждің материалдық-техникалық базасының жағдайымен танысты.
Сапардың тағы бір маңызды бөлігі – Қарақат ауылының «Ішімдіксіз ауыл» бастамасын ресми түрде қабылдауы. Ауыл тұрғындары дүкендерде алкоголь өнімдерін сатпау туралы меморандумға бірауыздан қол қойып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған айқын қадам жасады. Бұл – құқықбұзушылықтың алдын алуға және жастар тәрбиесіне оң әсер ететін маңызды әлеуметтік жоба.
Мұнан соң Қайсар Әбілекұлы Шу ауданында да кездесу өткізіп, өңірдегі жағдайды саралап, құқық қорғау органдарына жүктелген жаңа міндеттерді нақтылап берді. Шулық тұрғындар жиын кезінде инспекторлардың жұмысына қатысты шағымдарын, жол қозғалысы ережесін жиі бұзатын мопед жүргізушілеріне қатысты мәселені, сондай-ақ буллингке қатысты резонанстық оқиғаны көтерді. Актөбе ауылдық округінің тұрғыны Бақытжан Смағұлов қызына қатысты буллинг ісінің созылып кеткенін айтып шағымданғанда, Қ.Сұлтанбаев тергеуді жеделдетуді және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті. Аудандық білім бөлімі де мектеп әкімшілігіне қатысты шара қолданылатынын жария етті. Жиын соңында генерал-майор Қайсар Сұлтанбаев «Ішімдіксіз ауыл» жобасына үлес қосқан ауыл әкімдерін, ақсақалдарды, имамдарды және педагогтарды алғыс хаттармен марапаттап, бірқатар бағыттарда көрсеткіштердің әлі де төмен екенін, сондықтан жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
Осылайша, өңірлердегі кездесулер құқық қорғау саласындағы ашықтықты арттырып, қоғаммен конструктивті диалог орнатуға жол ашты. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып жатқан бастамалар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және жергілікті билік пен халықтың өзара сенімін күшейтуге бағытталған кең көлемді жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетті.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Жол-көлік оқиғалары азаймай тұр
Ұқсас жаңалықтар
Рақымшылыққа ілінген жазасын өтеуші жол шығынымен қамтамасыз етілді
- авторAR-AY
- 1 желтоқсан, 2025



