Облыстық полиция департаменті ата-аналарды жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын қадағалауға шақырады және оларға есірткі курьерлері ретінде жалдану қаупі төніп тұрғаны туралы ескертеді.Жыл басынан бері жамбылдық полицейлер соңы өлімге апаратын қоспаларды сататын 201 сайтты анықтапты. Дилерлер интернеттің көмегімен синтетикалық есірткі заттарын бір жерге жасырын қойып кету арқылы есірткі саудалаудың алушыға тікелей байланыссыз тарату әдісін қолдануға көшкен. Олар тауарларды алып, белгіленген орынға қалдырып кетеді екен.Дилерлер жұмысшы ретінде тез және оңай ақша тапқысы келетін жастарды таңдайды. Мұндай жұмысты атқаруға тұрмыстық жағдайы нашар отбасылардан шыққан балалармен қатар, бай-бағланның перзенттері де келіседі. Соңғылар үшін бұл квест секілді ойынның немесе уақыт өткізудің бір түрі.
Ал іс жүзінде оның соңы кінәлілердің темір торға тоғытылуымен аяқталады.Осы жылдың 5 айында облыста 12 есірткі қойып кетуші ұсталып, олардан 1 келі 625 грамм синтетикалық есірткі тәркіленіпті. Ауқымына келсек, бұл шамамен бірреттік 4 500 доза болып табылады. – Жазғы демалыс кезінде оқушылар, студенттер мен қалаға қонаққа келген туыстар қиын емес жұмыс тауып, қосымша ақшаға кенелгісі келеді. Ата-аналарды балалардың күмәнді немесе күрт өзгерген мінез-құлқына уақытында назар аударуға шақырамыз, – дейді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.
Есірткі тасумен айналысатын жасөспірімді анықтаудың белгілерінің бірі – баланың кешкі уақытта бейсауат жүруі. Әдетте синтетикалық есірткі заттарын қоюшылар күніне қаланың әр түкпірінде 15-20 жасырын орын қалдырады. Есірткілерді қалдырудың ең көп таралған орындары – тұрғын үйлердің кіреберістері, орындықтар, электр қалқандары, ойын алаңдары мен гүлзарлар. Бұл орындардағы фотосуреттер «жұмыс берушіге» жіберу үшін есірткі қоюшылардың телефонында сақталады.Мұны жүзеге асыруға арналған құрылғылардың сан түрі бар. Мәселен, бекіткіші бар пакеттер мен скотчтар осы құрал түріне жатады. Сондай-ақ оларда магниттер болады. Оны тұтынушы өнімді кез келген металл құрылымынан шешіп алу үшін керек. Әр ата-ана баламен биткоин тақырыбында сөйлесуі қажет. Көбінесе төлемді криптовалютада алатыны іштей зерделенуі тиіс.
Егер ақшаның қалай пайда болғанын айтуды қаламайтын немесе түсіндіргісі келмейтін бала болса, онда оның ісіне жедел назар аудару керек.– Сондай-ақ есірткіні жасырын қоюшыны анықтауда оның қорқынышы күдік тудырады. Олар өздерін әдеттегідей емес, тым асығыс немесе керісінше күмәнді баяу ұстайды. Өздерінің хоббиіне деген қызығушылықтарын жоғалтады, көбінесе агрессивтілік танытады. Сондықтан біз ата-аналардан балаларының мінез-құлқындағы өзгерістерді мұқият бақылауды сұраймыз, – дейді Әлім Бажықбаев.
Баланың айнасы - ата-ана. Сондықтан жасөспіріммен қатар, ата-ана өз-өзін тәрбиелеп, баланы жақсы ортада өсіруі қажет. Әсіресе жеткіншектерді кешкі сағат 22:00-ден кейін көшеге шығармай, қадағалаудың маңызы зор.
Эльмира Байназарова