Брифинг барысында спикер дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласына тоқталды. – Биыл 5 айда жоғарыда аталған сала бойынша департаментке 30 өтініш түсті. Оның ішінде 16 өтініш қаралып, бесеуі қайта бағытталды, ал қалған тоғызы кері қайтарылды.
Өтініштер негізінен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелеріндегі шағымдар, сақтау және жою қағидаларын бұзу, сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымы саласындағы қолданыстағы заңнаманы түсіндіру бойынша түсті. 5 айда түскен 3 шағым бойынша департамент Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 426-бабының 1-бөлігі бойынша 4 хаттама толтырды, – деді спикер.
Департамент биыл жоспардан тыс 62 тексеру жүргізген. 46 хат облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолданды. Анықталған бұзушылықтар бойынша әдістемелік бірлестік ұйғарымдары берілді. Құқық қорғау органдарына 4 іс материалы жіберілді. Барлық жасалған хаттамалардың жалпы сомасы 830 мың 700 теңгені құрады. Гүлмира Базарханованың айтуынша, аймақта ана өлімі азайған.– Өткен жылдың 5 айында ана өлімінің 3 жағдайы тіркелді. Жыл басынан бері ана өлімі тіркелген жоқ, – деді ол.
Айта кету керек, жыл басынан бері «Е-лицензиялау» электрондық жүйесі арқылы медициналық және фармацевтикалық қызметке лицензия алуға барлығы 2 755 өтініш түсіпті. Оның 1 687-сі клиникалық практикаға жіберу үшін мамандарды сертификаттауға қатысты болып отыр.
Аяулым Жаманқара