– Биылғы іс-шаралар Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында өткізілуде. Жылдың алғашқы мәдени іс-шарасы жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысымен басталып, бас жүлдені жерлесіміз Қанат Мырзахан иеленді. Сонымен қатар айтыскер ақындарға, жыршы-термешілерге қолдау көрсету мақсатында арнайы орталық ашылды. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы Тараз қаласында 14 наурыз – Амал мерекесінен басталып, мереке аймақ бойынша кең көлемде тойланды.
Жамбыл жерінен шыққан өнер майталманы, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмидинованың 70 жас мерейтойы мен шығармашылығына 50 жыл толуына орай «Мен даланың қызымын…» атты ән кеші өтті. ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған «Алтын барыс» төсбелгісін және Алғыс хатын табыстады.Басқарма тарапынан ардагерлер кеңесіне қолдау көрсетіліп, облыстық деңгейде ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеп, жандандыру жолында ерен еңбегімен ерекшеленген асыл әжелеріміздің құрметіне «Аялы әже» атты форум өтті. Форум барысында мыңға жуық әже халқымыздың ұлттық кимешегін киіп, басқа да ұлттық құндылықтарымыз насихатталды.
23 сәуір – Дүниежүзілік кітап күніне орай «Art & Science: білімге деген құштарлық» тақырыбында халықаралық кітап фестивалі өтті. Мерекелік фестивальда баспалар мен кітап дүкендері өкілдерінің қатысуымен кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Фестивальға ресейлік сала мамандарының қатысуымен тәжірибе алмасулар өтіп, екіжақты келісімге қол қойылды.Сондай-ақ ақын, жазушы, сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай халық театрларының «Жүз шымшыма...» атты республикалық әзіл-сықақ байқау-фестивалі өтті. Байқауда әр облыстан келген 14 халық театры Шона Смаханұлының шығармаларынан көріністер қойды.
Жергілікті ақын-жазушыларға қолдау көрсету мақсатында «Баласағұн» орталық концерт залында ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын-сазгер Үміт Битенованың 60 жас мерейтойына арналған «Жырла, жүрек», Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, республикалық «Алтын тобылғы» әдеби конкурсының бас жүлдегері, ақын Хамит Есаманның «Сағыныш» атты шығармашылық кештері өтті.
Кешке Жазушылар одағының өкілдері қатысты. Сонымен бірге Хамит Есеманның «Фәни-Құбылыс», Үміт Битенованың «Қар астындағы жауқазын», Қамар Қарасаеваның «Тәтті мұң» кітаптарының Брайль қарпіндегі нұсқасы және аудиоүнтаспасы жарық көрді, – дейді басқарма басшысы Ерлан Жүнісбай.
Жыл соңына дейін шығармашыл жастардың «Жаңа есім – 2024» жобасының Гала-концерті, Қамат Қасенов атындағы балалар театр ұжымдарының фестивалі, «Күзгі әуен» классикалық кеші, халық ақыны, жырау, дүлдүл әнші, көрнекті композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына арналған «Кененнің ізбасарлары» атты І республикалық конкурс-фестивалі де ұйымдастырылады.
Ақжүніс Нақыпжанқызы,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің
3-курс студенті