Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сарысуда айлық ақы жоғары

Сарысуда айлық ақы жоғары
Ашық дереккөз
Әулиеата өңірінің қалыптасқан экономикалық өрлеу жолы Сарысу ауданында да серпінді жобалардың жүзеге асуымен тұрғындарының табысты болуына айтарлықтай септігін тигізуде. Осы жайлы пайымды пікірді біз өңірлік коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аталған аудан әкімі Сәкен Мамытовтың өз аузынан естідік.

Ол өз сөзінде еліміздің дамуы жолында берілген тапсырмалардың тыңғылықты орындалуы әлеуметтің әлеуетін арттырып, экономиканың тамырына қан жүгіртіп отырғанын тілге тиек етті. Сарысулықтардың қажырлы еңбегінің арқасында аудан экономикасының барлық саласында оң динамика қалыптасыпты.Мәселен, осы жылдың қаңтар-мамыр айларында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жақсы қалыптасып, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 33 миллиард 775 миллион теңгені құраған. Ауылшаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 3 миллиард 600 миллион теңгеге жетіп, көрсеткіш 102,8 пайызды құрапты. Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жалпы көлем 3 087 шаршы метр болса, орындалуы 101,7  пайызды көрсеткен.
– Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасы бойынша ауданға инвестиция тарту мәселесі үнемі назарда тұр.

Облыс әкімдігі аудандар бөлінісінде бекіткен индикаторлық көрсеткішке сәйкес биыл 64 миллиард 83 миллион теңге инвестиция тартуды жоспарлады. Осы мақсатта ірі кәсіпорын басшыларымен келіссөздер жүргізілді. 2024-2026 жылдар аралығында 598 миллиард теңгеге ірі 4 жобаны іске асыру көзделген. Атап айтсақ, «Шоқпар жел электр станциясы» қаңтар айында іске қосылды. Жобаның құны – 49 миллиард теңге. Бес айда жобаға салынған инвестиция  2,3 миллиард теңге болып отыр. Жобаның жылдық қуаттылығы – 100 Мвт. «ЕвроХим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің химиялық кешенін, «QazaqSoda» ЖШС-ның кальцийлендірілген сода өндіру зауытын, «Kazchemtrading» ЖШС-ның цемент зауытын іске қосу секілді қалған инвестициялық жобалар бойынша құрылыс жұмыстары қазір қарқынды жүргізілуде, – деді Сәкен Үмбетұлы. 


Жиында спикер бюджеттік түсімдер, өзіндік кірістер, бюджеттік-инвестициялық жобалар, тұрғын үй, ауылшаруашылық, спорт, білім, мәдениет саласы, елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету, газ тарту, автокөлік жолдарын жақсарту, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, әлеуметтік бағыт, тұрғындардың талап-тілегін орындау секілді әр сала бойынша атқарылған жұмыстар ретін бүге-шігесіне дейін баяндады.Жаңатас қаласында 99 көпқабатты тұрғын үй (6 537 пәтер) бар болса, оның ішінде 1 тұрғын үй «Еврохим» ЖШС теңгерімінде екен. 22-сі коммуналдық меншікте. Кондоминиум объектілері ретінде 76 тұрғын үй тіркеліпті. Жаңатас қаласында тұрғын үй қорынан 4 санат бойынша пәтерге мұқтаж азаматтар есебінде 1 467 адам кезекте тұр. Өткен жылы 185 азамат баспаналы болыпты. Аудан орталығындағы 1 ықшамаудандағы №60 үй және №44 үй және жеке дара 73 пәтер сатып алынып, ел игілігіне пайдалануға берілген. Биыл 180 пәтерді сатып алып, пәтер кезегінде тұрған азаматтарға беру үшін қазынадан 2 миллиард 675 миллион теңге қаралған. Одан бөлек қаладағы 12 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін 2024 жылға бюджеттік кредит ретінде республикалық бюджеттен 410 миллион теңге қаржы бөлініпті.Сарысу ауданында жалпы 25 елді мекен бар болса, оның 24-і  орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтамасыз етілген. Орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылмаған Кіші Көкдала ауылына кешенді модульдік блок орнатуға 30 миллион теңгеге бюджеттік өтінім беріліпті. Аталған жобаға қаржы қарастырылса, жыл соңына дейін елді мекендерді ауызсумен қамту үлесі 100 пайыз болмақ.

Байқағанымыздай, Сарысу ауданында тындырымды  тірлік көп. Әсіресе инвестициялық жобалар жұрттың жаппай жұмыспен қамтылып, ауыз толтырып айтарлықтай жалақымен қамтылуына мүмкіндік беруде. Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта ауданда халықтың орташа еңбекақысы 250 мың теңге көлемінде. Өйткені жергілікті тұрғындар мекеме-кәсіпорында 150 мың теңгеге көлік жүргізушісі, 85 мың теңгеге тазалықшы, тіпті жылу тарататын мекемелерде 200 мың теңгеге оператор болып жұмыс істегісі жоқ. Өйткені өңірдегі іргелі компаниялар  жоғары жалақысы бар жұмыс көзін ұсынып отыр. Аудандағы ірі компанияларда барлығы 2 494 адам жұмыс істесе, оның 90,2 пайызы сарысулықтар.

Нұрым Сырғабаев 
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар