Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бірлігі бекем ел озады

Бірлігі бекем ел озады
Ашық дереккөз
Берекелі бірлік бар жерде мерекелі тірліктің салтанат құратындығы белгілі. Расында да татулықтың туы көкке көтерілмейінше, тұрақтылық тұғырының нығая қоюы да неғайбіл. Бұл тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан жұмысы ұшан-теңіз. Оның жарқын мысалдары Жамбыл облысында да жетерлік. Күні кеше «Достық үйінде» өткен өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVIІ сессиясында осы бағыттағы нақты нәтижелер баяндалып, алдағы мақсаттар айқындалды.

Алқалы басқосуға аймақ басшысы, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы Ербол Қарашөкеев, ҚХА төрағасының орынбасары Лугмар Буларов, мәслихат депутаттары, Ассамблея мүшелері мен құрылымдары, этномәдени бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар және саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.  Сессияны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Гулам Умаров жүргізіп отырды.Байыпты басқосуда алғаш болып сөз сөйлеген Ербол Шырақпайұлы Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында айқындап берген тапсырмаларына тоқталып, міндеттерді іске асыруда барлық әлеуетті тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.– Қазақстан халқы Ассамблеясы – бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың аса маңызды құралы. Ассамблея – береке-бірлік, тұрақтылық сынды басты мақсаттарға қол жеткізуге жұмылуы тиіс. Бұл тұрғыда облыстық Ассамблеяның алдында ауқымды міндеттер тұр, – деді облыс әкімі.

Бүгінгі таңда қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бойынша облыстық Ассамблея жанынан 8 құрылым мен кеңестер құрылған. Есепті кезеңде этносаралық қатынастарды нығайту мақсатында 51 мың адамды қамтыған 570-тен астам іс-шара ұйымдастырылыпты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Бейбітшілік пен келісім» жобасы төртінші жыл қатарынан жемісті жалғасып келеді. Аймақ басшысы  су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге Ассамблея өкілдерінің көмек көрсеткенін, бұл жағдай бірлікті бекемдей түскенін атап өтті.

Жалпы өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдарының өкілдері су басқан аймақтарға 57 миллион  теңгеге 100 тонна гуманитарлық көмек жіберген болатын. Жиында ҚХА төрағасының орынбасары Лугмар Буларов Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында нақты мәселелер көтеріліп, межелі міндеттер белгіленгенін атап өтті. Ол өз сөзінде  қоғамдық даму мен бірлікті нығайтуда күш-жігерді біріктіру ортақ мақсаттарға жетудің кепілі екенін жеткізді.

Сондай-ақ облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы Махметғали Сарыбеков, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов және этномәдени бірлестік өкілдері баяндама жасап, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сессияда өңірдегі қоғамдық  келісім мен бірлікті сақтауға қомақты үлес қосқан бірқатар этномәдени бірлестік өкілдері облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

Мысалы, Сарысу аудандық «Возрождение» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Лилия Вайске, Талас аудандық татар этномәдени орталығының мүшесі Флюра Малыхинаға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.

Ал Қордай аудандық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрайымы  Камиля Дургаловаға, Жуалы аудандық «Славян» этномәдени орталығының мүшесі Ольга Цепковаға, «Жамбыл облыстық «Корё» кәрістер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Анатолий Канға аймақ басшысының Алғыс хаты тапсырылды.
Шара концерттік бағдарламаға ұласып, түрлі этнос өкілдерінен құрылған жастар театрының қойылымы көпшілік назарына ұсынылды.

Эльмира Байназарова 
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар