Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көрсеткіш көңіл көншітпейді

Көрсеткіш көңіл көншітпейді
Ашық дереккөз
Биыл облыста 644,5 мың гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдарын орналастыру жоспарланса, бүгінде жоспар нақты 611,1 мың гектарға ғана орындалыпты (94,8 пайыз). Қазір көктемгі дала жұмыстары аяқталған уақыт. Ал егіс алқабы көлемінің жоспарланған межеден төмен болуы өңірдегі кейбір аудан басшыларының жұмысты жүйелей алмауы салдарынан туындап отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен жиында айтылды.

– Бүгінде Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов және Шу аудандарында жоспар толық орындалмаған. Барлық аудан әкімдіктері тарапынан аудан әкімінің қолымен бекітілген көктемгі дала жұмыстарының аяқталуы туралы ақпарат ұсынылған. Алайда көктемгі дала жұмыстарының өтуі бойынша ұсынылып отырған күнделікті мәлімет пен қорытынды ақпарат сәйкес келмейді. Мәселен, Т.Рысқұлов ауданы күнделікті мәліметте майлы дақылдарды 100 пайыз егілді деп ұсынған. Ал нақты бекітіп беру сұратылған кезде аталған дақылдың егіс жоспары небәрі 71 пайызға ғана жеткен. Дәл осындай жағдай Шу ауданында да байқалды. Масақты дақылдар бойынша меже 62,9 пайызды құраған.

Меркі ауданы майлы дақылдар егуді 40,6 пайызға орындаса, Сарысу ауданы көкөніс дақылдарын  5,6, майлы дақылдарды 56,1, бақша дақылдарын  18,2, картопты 66,7 және дәндік жүгерінің егіс жоспарын 70 пайызға ғана орындап отыр.Жамбыл, Мойынқұм және Талас аудандары бойынша ғана барлық дақылдарға белгіленген жоспар толық орындалды. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 44 мың тонна тұқым көлемі толық дайындалып, себілді.Сонымен қатар егіс алқаптарына 53 мың тонна минералды тыңайтқыштарды енгізу көзделсе, қазіргі уақытта оның 42 мың тоннасы 169 мың гектар алқапқа себілген. Жоспардың орындалуы бойынша Мойынқұм ауданы 12, Т.Рысқұлов ауданы  55, Сарысу ауданы 49 пайызбен төмен көрсеткіш көрсетті.Осы жылға өздігінен жүретін 491 ауылшаруашылық техникасын сатып алу жоспарланған, бүгінгі күнде оның 254-і алынып, жаңару көрсеткіші 2,8 пайызды құрады. Өздігінен жүретін техникалардың жаңару көрсеткішін 5,5 пайызға жеткізу көзделсе, төмен көрсеткіш көрсеткен Шу ауданында меже 1,8, Меркіде  2,2, Таласта  2,2 пайыз болып қалыптасты, – деді облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов.


Өз кезегінде облыс әкімі көрсеткіші көңіл көншітпейтін аудан әкімдерінің арқайсысынан біртіндеп жауап алды. Егілетін егіс алқабының көлемі мен жердің құнарын арттырып, түсімнің мол болуына септігін тигізетін тыңайтқышты қолданудан бастап, техниканың жаңартылуына дейінгі жоспардың не себепті толық орындалмағаны сұралды.– Жыл басында нақты егілетін егіс көлемі оңтайландырылып, 138 мың гектардан 127 мың гектарға төмендетілді.

Басқарма басшысының баяндамасында майлы дақылға қатысты жоспар 71 пайызға орындалды деп көрсетілген. Жоспардың тиісті деңгейде орындалмауының басты себебі – ауданда бір шаруашылық 3 мың гектарға майлы дақыл егуі қажет болса, ол оның орнына жаздық арпа еккен. Дегенмен біз майлы дақылдарды егу жоспары бойынша 100 пайыз межеге қол жеткізе алмағанымызбен арпаның жоспары артығымен орындалды.

Жыл басында аудан бойынша егіс алқаптарына 6 300 тонна тыңайтқыш егу жоспары бекітілген болатын. Біз бұл межені де артығымен орындадық. Дегенмен сәуір айында бізге тағы да 5 113 тонна тыңайтқыш қоса берілді. Қазіргі таңда алқаптарда егіс өсіп тұрғандықтан оны енгізудің өзектілігі жойылды. Сондықтан күз айында аталған тыңайтқыштарды енгізу арқылы олқылықтарды қалпына келтіріп, жоспарды толық орындаймыз, – деді Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов.


Басқосу барысында Ербол Шырақпайұлы алдағы уақытта да статистикалық мәліметтің дұрыстығына баса көңіл бөлінетінін, мал басының, егіс алқабының есебін артығымен көрсетуге жол берілмейтінін, мұның  артында шаруалардың артығымен субсидия алуына мүмкіндік туғызатын мәселелер тұрғанын сөз етті.

– Статистикалық мәлімет жинақтауда дұрыс ақпаратты көрсетуді зерделеу бір мәрте ғана жүргізілетін науқандық іс емес. Енді үнемі осы мәселе қадағалауымызда болады. Көзбояушылық деген болмауы керек.

 

Сондықтан егістік алқаптың, оның ішінде суармалы жердің де көлемін нақтылап, дұрыс цифрларды ұсынудың маңыздылығы артады. Егер де бір гектар егіс егілмеген жерді статистика үшін кім «егіс егілді» деп жалған мәлімет берсе, ол жауапқа тартылатын болады. Сол үшін бұдан ары қарай да олқылықты дұрыстап, экономиканың шындыққа сай өсімін көрсетуіміз керек, – деді Е.Қарашөкеев. 

Жиында аймақ басшысы ауылшаруашылығы саласындағы өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселесіне де тоқталды. Осы саланы дамытуда басымдық қандай іске берілу керектігін тілге тиек етті.

 

– Ауылшаруашылық өнімдерін тереңдетіп өңдеуде облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевпен бірлесіп жұмыс істеңіздер. Аудандарда көкөніс, жеміс-жидек көптеп өндіріледі.

 

Алайда бірде-бір консерві шығаратын зауыт немесе шағын цехтар жоқ. Осы олқылықтың өсімдікшаруашылығына да, малшаруашылығына да қатысы бар. Ауылшаруашылық өнімдері, оның ішінде дайын өнімдерді халыққа ұсыну бағаның тұрақтылығына да оң әсер етеді, – деді Ербол Қарашөкеев.

 

Бұдан кейін жиынның күн тәртібінде осы жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанының барысы қаралып, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Нұрбол Зейнелов баяндама жасады. Екі мәселе бойынша да облыс әкімі жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

Нұрым Сырғабаев
 

 

 


 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар