Облыстың 85 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған жобаның алғашқы күні қатысушылар үшін «Көне Тараз» этномәдени, «Тектұрмас» этнотарихи кешендеріне, Айша бибі, Бабажа хатун, Қарахан кесенелері мен «Даңқ» залына экскурсия ұйымдастырылды.Экскурсия аясында қатысушылармен басқарма басшысы Жомарт Зұлпыхар арнайы кездесіп, сәттілік тіледі.– Жоба облысымызда осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Мұндағы басты мақсат – көшпенді халқымыздың қалыптастырған тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін қайта жаңғырту. Аты айтып тұрғандай, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жастары – кешегі сақтардың сарқыны. Сондықтан ҚасСақтың жалғасын бүгін ЖасСақтар жалғастырсын деген ниеттеміз.
Мұнда сіздер киіз үйлерде тұрып, самаурынға шай қойып, сиыр сауып, бір сөзбен айтқанда, кешегі ата-бабаларымыз жүрген жолмен жүріп көресіздер. Алда талай жарыстар өтеді. Бастысы береке-бірлігіміз артып, бір-бірімізге деген көңіліміз ала болмасын. Жарыс үшін емес, ұлттық салтымызды жаңғырту үшін келгенімізді ұмытпайық. Ендеше сіздерге сәттілік тілеймін! – деді Жомарт Дүйсенұлы.
Жоба түсірілімі табиғат құшағында орналасқан этноауылда жүргізілді.Сайыстың алғашқы күні «Сақ», «Алаш», «Сұңқар», «Қызыл жебе», «Номад», «Тұран» атауымен 6 топқа бөлінген өрендер 8 ұлттық спорттық жарыстан сынға түсті. Алдымен жігіттер асық атудан өз шеберліктерін байқап көрді. Мұнан соң бақан бойлы батырлардың бойындағы күшін сынамаққа қой көтеру жарысы ұйымдастырылды. «Ішім бір кекті қабылан, сыртым бір текті бағлан» деген жігіттердің алдағы салмағы 40 келіге жуық тартатын қойды 80 рет көтерсе, арты 10-нан асырып аяқтады. – Ұлттық құндылықтарды дәріптеген сайысқа осымен екінші рет қатысып отырмыз. Былтыр командалық есепте II орын тұғырынан көрінсек, биыл да құралақан қайтпадық. Мен сол баяғыша қой көтеру сайысына қатыстым. Жасанды серке муляжын 80 рет көтердім. Кәсіби спортшы болмағандықтан бұл көрсеткіш бізге болады деп ойлаймын. Дайындық болса, кім біледі, бұдан да көп көтерер ме едім? Десе де осы сайыстан I орын алдым. Қарсыластарым түріме қарап муляжды 20,30-ақ рет ғана көтереді деп ойлапты. Шудың баласы оңайлықпен беріле ме? Намысқа тырысып, үздіктер қатарынан көріндік, – дейді «Сұңқар» тобының қатысушысы Дәурен Доғдырбай.
Сондай-ақ қатысушы ер-азаматтар садақ ату, қазақша күрес, ләңгі тебу, қол күрес ұлттық ойындары бойынша бәсеке көрігін қыздырды.Балуандар бозкілемнің үстінде барыстай ептілік, қасқырдай қайсарлық танытып, бір-бірінің осал тұсын аңдумен аяқ айқастырып, қол байласып күреске түсіп жатты. Дегенмен бірі-біріне есе жібере қоймады. Алайда қай балуан болса да «сағым сынып, туым жығылды» деп тұрған жоқ.Үшінші күні қыздар арасында «Сиыр сауу мен көмбешке нан жабудан» жарыс өтсе, жігіттер арқан тартудан сынға түсті. Қыздар жағы ақ саусағынан ақ сүт тамған нағыз шебер екенін көрсетті.– Бұрын-соңды сиыр сауып көрген емеспін. Бүгін алғаш рет сиырға жақындап, желінін ұстап көрдім. Әрине, алғашында қорқыныш болды. Алайда командаластарымның қолдауының арқасында қорқынышымды жеңе білдім. Меніңше, сиыр сауу үлкен тазалықты, әдепті, ептілікті қажет ететін еңбек түрі сияқты. Оның үстіне біз дайын өнімді ғана пайдаланып жүргендіктен сүттің қайдан шығатындығына, айранның қалай ұйытылатындығына онша мән бере бермейміз. Біздің ауылдағы келіндеріміз, аналарымыз әлі күнге дейін сиырды қолмен сауып, айран ұйытып, күбі пісіп май алып, қаладағы туысқандарын сүт өнімімен қамтамасыз етіп отырғаны белгілі. Бүгін мұндай жұмыстың қиындығы қандай болатынын, ауыл өмірін де аздап түсінгендеймін. Менің ойымша, ауылдағы ғана емес, қаладағы қыз-келіншектер де бұл тұрмысты білуі маңызды. Қыз балаға сан қырлы өнерді меңгергені көптік етпейді. Бұл да бір өнер. Сондықтан бүгінгі болып жатқан іс-шараның маңыздылығы да осында, – дейді қатысушы Жанерке Абдукарим.
Үздіктердің үздігі атанған ойыншыларға тоқталып өтсек, Қостанайлық Жасұлан Бекболат қазақ күресі сайысының үздік қатысушысы атанса, ақтөбелік Жанболат Себешов қол күресі сайысынан бірінші орын тұғырынан көрінді. Түркістандық Айбек Тәшкенбай дәстүрлі садақ атудан қарсылас шақ келтірмесе алматылық Дана Рүстембекова көмбе нан пісіру сайысынан оқ бойы озық болды. Жамбылдық жастар да додада жүлдесіз қалмады. Қой көтеруден Дәурен Доғдырбай, ләңгі тебуден Айдос Аппасов, сиыр сауудан Аяулым Мұхаметқали бірінші орынды еншіледі.«Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев, «Jambyl» телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева, Жамбы атудан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Елдос Бадашев, жеңіл атлетикадан жаттықтырушы Нұржан Алатаев, №22 спорт мектебі директорының орынбасары Жолдас Ердалиев, «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев төрелік еткен этно-реалити телевизиялық жобасы өте жоғары деңгейде өз мәресіне жетті.Жарыс нәтижесінде «Сақ» командасы I орынға ие болды. Жеңімпаз топ 750 мың теңгенің сертификатымен марапатталды. Сондай-ақ түркістандық қатысушылар «JasSAQ» туын салтанатты жағдайда қабылдап алды. Осылайша келер жылы аталмыш жоба Түркістан облысында өтетін болды. II орын «Алаш» командасына бұйырып, 500 мың теңге сыйақыға ие болды. III орынға «Сұңқар» тобы лайық деп танылды. Бұл топ 350 мың теңгенің сертификатын еншіледі. Қалған 21 қатысушының әрқайсысы 20 000 тенгеден, жалпы 420 000 теңге көлеміндегі ынталандыру сыйлықтарымен және алғыс хаттармен марапатталды.
– 5-8 маусым аралығында Тараз қаласында «JasSAQ» республикалық этно-реалити телевизиялық жобасы іске асырылды. Осы жобаға Қостанай облысының атынан Родина ауылдық округінің спорт әдіскері Жасұлан Бекболатов екеуміз қатыстық. Республиканың түкпір-түкпірінен келген жастарды Тараздың өрендері күтіп алып, бірінші күні көне шаһардың тарихи және мәдени жерлеріне экскурсия жасадық. Екінші күні Жасөркен ауылдық елді мекенінде этноауылда жобаның ашылу салтанаты өтті. Ұйымдастырушылар қатысушылардың жатын орнын, барлық мезгілдегі ыстық тамақтарын жоғары деңгейде ұйымдастырып, келген қонақтардың жақсы көңіл күйде жүруіне лайықты жағдай жасапты.Әр облыс, ауданнан келген жастар ресурстық орталықтарының директорлары таңдалып, 6 топқа капитан ретінде тағайындалды. Қалған қатысушылар сол топтарға 7 адамнан бөлініп, түрлі сайыстарда бақ сынады.
Бір қызығы, жүлделі I, II орындарға ие болған командаларында бір облыс, бір қаланың жігіттері өнер көрсетті. Арқалық қаласынан барған Жасұлан Бекболатов қатысқан «Сақ» тобы осы жобаның жеңімпазы болып, ақшалай сыйлық ұтып алды. Ал өзім капитаны болған «Алаш» тобы осы жобаның II орын иегері атанды. Осындай керемет жобаны ұйымдастырған облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасына алғысымыз шексіз, – дейді Арқалық қаласы жастар ресурстық орталығының директоры Данияр Қожахметов.
Не де болса сақтардың салтын, ғұндардың ғұрпын ұлықтаған жастар қажет кезде өздерінің балуан да, батыр да, мерген де бола алатынын көрсетті.
Ақтоты Жаңабай