Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Халық неліктен дабыл жүйесін естімейді?

Халық неліктен дабыл жүйесін естімейді?
Ашық дереккөз
Өміріңізде бір рет болсын сирена дауысын естіген боларсыз? Әдетте дабыл жүйесінің үні қорқынышты келеді. Жаңғырығы жер жарған дауысы өзімен бірге жаман хабар алып келе жатқандай көрінеді. Көп жағдайда дабыл жүйесі төтенше жағдайларға тастүйін дайын болу мақсатында өткізген оқу-жаттығуы барысында іске қосылады.

Алайда шыны керек, қала тұрғындары тіпті облыстық төтенше жағдайлар департаменті оқу-жаттығу өткізген кезде де дабылды естімей жатады. «Әлдеқандай жағдай болса бейхабар отыра береміз бе?» деп алаңдайды тұрғындардың көбі. Себебі сиреналар алыста әрі аз орналасқан. Бұл мәселе әсіресе қаңтар айында Алматыда болған жер сілкінісінен кейін аса өзекті мәселеге айналды. 
Сиреналар Тараз қаласы бойынша 39 орында, атап айтқанда, облыс әкімдігі білім басқармасы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Тараз жоғары политехникалық колледжі мен №10, №12, №14, №20, №29, №32, №33, №36, №53, №54, №55, №56 орта мектептерде орнатылған. Сонымен қатар Тараз қалалық №2, №5 емханаларда, Абай көшесіндегі автоматты телефон стансасы, «ТаразКожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Әулие-Ата» халықаралық әуежайында да дабыл жүйесі іске қосылған.

Сондай-ақ «Жамбыл оқыту комбинаты», «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Минералды тыңайтқыштар зауыты», Батуров атындағы «ЖГРЭС-і» акционерлік қоғамы, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы, «АрайАгро-өнімдері», «Тараз қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де сирена жұмыс істеп тұр.Тұрғындардың айтуынша, таяу уақытта екі ауданға бөлінгелі отырған Тараз қаласына 39 дабыл жүйесі аздық етеді. Себебі қаланың кейбір аймақтарындағы сиреналар алыста болғандықтан жақсы естіле бермейді.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің қызметкері Нұрболат Өмірзақ бұл мәселені шешу үшін облыс бойынша қанша сирена қажет екендігі есептеліп, жергілікті атқарушы органға хабарлама тарату жүйесін орнату жөнінде өтініштер берілгенін айтады. Сиреналар мүлде жоқ жерлердегі жағдайды департамент өкілдері басқаша жолмен шешуге тырысып жатыр екен. Сирена орнатылмаған аймақтарда уәкілетті орган мен азаматтық қорғау қызметтерінің дауыстық құрылғылары бар көліктері хабар беретін көрінеді.Н.Өмірзақ тұрғындардың өтініші жерде қалмайтынын айтып, сиренаның тапшылығына қатысты мәселенің қаралып жатқанын, одан әрі жергілікті бюджеттен хабарлама тарату жүйесі үшін қаражат бөлінетінін жеткізді.

– Сиреналар қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Соңғы рет Тараз қаласындағы сиреналар жыл басында тексеруден өткен. Биыл 31 қаңтарда облыстық прокуратура және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің өкілдерімен бірге қалалық сиреналардың жұмысын тексеруден өткізгенбіз. Нәтижесінде облыс бойынша барлық істен шыққан сиреналар қайта қалпына келтірілді. Дабыл құралдарын алуға 2018 жылы 229 миллион теңге бөлінген. Оған С-40 және СРУ сирена түрлері орнатылған, – дейді Нұрболат Өмірзақ.


Реті келгенде айта кетсек, сиреналар дер кезінде жұмыс істемесе, бар кінә төтенше жағдайлар департаменті, әкімдіктер мен сирена орнатқан ұйымның басшысына жүктеледі.
«Азаматтық қорғау туралы» Заңның 5-бабының 4-тармағы бойынша, төтенше жағдайлар кезінде халықты тұрақты түрде хабардар ету жауапкершілігі төтенше жағдайлар департаментіне қарасты уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің құзырында. Бұл ретте облыстық хабарлама тарату жүйесіне – жергілікті атқарушы органдардың басшылары, жергілікті хабарлама тарату жүйесіне – нысанды пайдаланатын ұйымның басшысы жауапты болады. 

Еліміздің барлық өңірінде 4 маусымнан бастап "жер - 2024 " республикалық командалық штабтық оқу-жаттығуы өтіп жатыр.Профилактикалық жұмыстар әлі бір апатға созылмақ. Сондықтан дабыл дауысын естіген жағдайда төтенше жағдай басқармасы қорқынышқа бой алдырмауларыңызды сұрайды.

 ЭЛЬМИРА БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар