Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жыр дүлдүліне құрмет

Жыр дүлдүліне құрмет
Ашық дереккөз
Кенен Әзірбаев – қазақтың даусыз дарыны, ән мен жырдың дүлдүлі. Жуырда Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына орай облысымыздың айтыскер ақындары мен жыршы-термешілерінің және Қырғыз Республикасының ақын, манасшыларының қатысуымен «Алатаудың бұлбұлы» атты халықаралық фестиваль өтті.

Қордай ауданы әкімдігі мен облыстық айтыскер ақын, жыршы-термешілер орталығының ұйымдастыруымен өткен іс-шара басталмас бұрын аудандық мәдениет үйінің алдында қонақтарды кимешек киген әжелер зор құрметпен қарсы алды. Қызыл кілеммен жүріп өтіп, ұлттық тағамдар мен ұлттық сусын қымыздан дәм татқан меймандар аудандық мәдениет үйінің кіреберісіне қойылған Кенен Әзірбаевтың қолданған дүниелері мен фотосуреттерінен құралған көрмені тамашалады. Фестиваль шымылдығы Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым!» 
І республикалық байқауының «Алтын адам» арнайы сыйлығының иегері, Қордай ауданының Құрметті азаматы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қарлығаш Қожағазинаның орындауындағы «Қырғыз бен қазақ арасы» әнімен ашылды.

Халықаралық фестивальдің ашылу салтанатында Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков сөз сөйлеп, іс-шараның мән-маңызына тоқталды.– Киелі Қордай жерінен қазақ өнері мен поэзиясына еңбегі сіңген талай қайраткер түлеп ұшқаны баршаңызға белгілі. Әсіресе дала дарыны Кенен Әзірбаевтың орны бөлек. Қазақ өнеріндегі сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерді үзбей, артында мәңгілік өшпес мол мұра қалдырған Кенен Әзірбаевтың туғанына биыл 140 жыл толып отыр. Біртуар тұлғаның өнегелі өмір жолын, телегей теңіз мұрасын өскелең ұрпақ арасында насихаттау – аға буынның парызы деп білемін. Осы мақсатта ауданымызда жыл сайын көптеген игі іс-шара ұйымдастырады.

Жалпы Кенен Қордайға ғана емес, исі қазаққа ортақ тұлға. Артында ғажап әндерін, айтыстарын, жырларын қалдырған ғаламат өнер иесіне басымызды иеміз. Сондықтан екі елге ортақ бүгінгі той құтты болсын! Қазақ пен қырғыз елінің достығы жасасын, – дей келе, қырғыз делегациясын бастап келген Азиз Бимырзаұлына және Шайырбек Абдырахманұлына құрмет көрсетті.Келесі кезекте республикалық, облыстық ақындар айтысының бірнеше мәрте жүлдегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Күміскүл Сәрсенбаева жырдан шашу шашты.

Сондай-ақ қырғыз ұлттық «Манас» театрының директоры Азиз Бимырзаұлы және облыстық айтыскер ақын, жыршы-термешілер орталығының директоры Ахметжан Өзбеков сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін арнады. 

– Осыдан жиырма жыл бұрын Қордай өлкесінде Кенен атамыздың 120 жылдық тойы өткен болатын. Сол тойда кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаев: «Мен Африка мемлекетіне ресми емес, яғни сапарлап қонаққа бардым. Сөйтсем, Африка халқы мейрамда би билеп жүр. Әуендеріне құлақ түрсем, сарыны өте жақын. Байқасам, Кененнің «Көкшолағы» екен», – деп, құнды естелігімен бөліскен еді. Сонда Кенен атамыз әлемдік деңгейдегі әулие болғаны ғой. Атамыздың аруағының арқасында екі ел тағы да қауышып отырмыз. Қырғыз бен қазақтың бұған дейінгі де, қазіргі де, бұдан кейінгі де кездесуінің саясаты біреу ғана, ол – екі елдің мәңгі достығы.

Қазір жер-жаһан халқының көп қолданатын сөздерінің бірі – ұлттар ынтымақтастығы, достастығы. Ұлттар жалпы дос болмайды. Ұлттардың арасындағы тұлғалардың достастығы болады. Ғалымдар, ақындар, жазушылар, кәсіпкерлер, ой адамдары, саудагерлер дос болады. Сол арқылы ұлттардың достығы осы деп айтамыз. Сонау заманнан тарихы теңіз, тамыры егіз өрілген қазақ пен қырғыз руханиятында Сүйінбай мен Қатағанның, Тоқтағұл мен Жамбылдың есімі қатар аталуы тегін емес.

Кенен атамыздың басына қайғы орнап, перзенттері бірінен кейін бірі бақилық болған кезде Оспанқұл қасына қырғыздың беткеұстарларын ертіп келіп, «Атекелеп» көңіл айтуының өзі әр қазақтың көкейінде жүретін өлең болып жатталып қалды. Дәстүр сабақтастығын жалғаған алыптардың айнымас достығы татулықтың дәнекеріне, сырбаз сыйластықтың салтанатты үлгісіне айнала білді. Бүгінде сол туыстық туын тік ұстау екі мемлекеттің де ұстанып отырған басым бағыттарының бірі. Бұрыннан екі елдің ақын-жазушылары бір-бірінің шығармашылығына қолдау білдіріп, достық қарым-қатынас орнатқанын білеміз. Біз де сол жолды жалғағымыз келеді. Екі елдің мәдениетін жалғастыру үшін халықаралық фестивальді өткізіп отырмыз. Фестиваль екі бөлімнен тұрады. Біріншісі – «Алатаудың бұлбұлы» атты әдеби-сазды кеш. Сондай-ақ екінші бөлім аясында «Ақынға парыз көп ойлау, артық та емес доп ойнау» атты кіші футболдан турнир өтеді.

Осыдан оншақты күн бұрын Өзбекстанның Науаи қаласында Әйтеке би бабамыздың мерейтойы аясында айтыс өтті. Сонда да осы айтыскерлеріміз өнер көрсетіп, бәйге алды. Айтыс – қазақ пен қырғыздың, өзбек халқының үлкен достығының дәнекері, – деген Ахметжан Өзбеков таңы жырмен атып, күні өлеңмен бататын екі бауырлас елдің басын қосып, игі іс-шараға ұйытқы болып отырған аудан әкіміне алғысын жеткізді.

Салтанатты іс-шара барысында Ахметжан Орынбасарұлы мен қырғыз ұлттық «Манас» театрының директоры Азиз Бимырзаұлы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. 
Әрмен қарай екі ел арасындағы өнер бәсекесі басталды. Дәстүрлі өнер аталымы бойынша облысымыздың атынан Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Мерей Әбуова шығып, Кененнің «Мен сүйемін халқымды» әнін тамылжыта шырқады. Ал қырғыз елінің намысын қорғаған манасшы Төлөбек Мусаұлы «Манас» жырынан үзінді орындап, қордайлықтардың делебесін қоздырды.
Айтыскер ақын, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның күйшісі, республикалық байқаулардың бас жүлдегері Дидар Басқараев пен Мамбетокто Мамбеторозо күй сайысы бойынша жарысқа түсті.

Бұдан кейін көпшілік асыға күткен айтысқа да кезек келді. Жамбылдық айтыскер ақын, республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері Нұрлыбек Құрманов пен төкпе ақын Турат Жумаев сөз сайысына түсті. Екі елдің қамшы салдырмайтын дүлдүлдері өздерінің бабында екенін көрсетті. Айтыста екі елдің достығы, бір-біріне құрметі жан-жақты жырланды. Су тасқыны сарсаңға салғанда Қырғыз елінің қазақ халқына көрсеткен көмегі де айтылмай қалмады. «Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбековтың қолдауымен Кенен Әзірбаевтың мерейтойына орай айтыс өтсе» деген ұсыныс-тілек те айтылды. Айтыс аяқталғаннан кейін жамбылдық айтыскер ақын, республикалық айтыстардың жүлдегері Әсет Дүйсебаев пен термеші Бакыт Акматов терме айтып жарысты. 
Әсет ақын: 
«Қазақ пенен қырғызымыз,
Қызғалдақ пен қырмызымыз. 
Жамбыл менен Тоқтағұлдай,
Жарқын болсын нұр жүзіміз.
Біз түгіл бір-біріне,
Ғашық екен ұл-қызымыз.
Жарық шашсын жұлдызымыз.
Тұрса да бөліп Алатауым,
Қырғыз-қазақ бауыр болып қалады.
Қонақ келсе Дордай жақтан,
Жыр сауғалап таңдай жақтан,
Тер сауғалап маңдай жақтан,
Қарсы аламыз Қордай жақтан. 
Қадамдарың оң болса екен,
Абыройың зор болса екен. 
Қалтаң толған теңгеменен,
Сатырлаған сом болса екен.
Ұл-қыздарың чоң болса екен,
Бізден тілек сол болса екен.
Қырғыз қазақ егіз еді,
Домбыра мен қобыз еді.
Жауластырмақ жаушылардан,
Елдестірмек елшілерден. 
Тату болып көршілермен,
Құшақтайын келші бермен», – деп, шығармашылық шыңында шекара болмайтынын шебер шумақтап шықты.

Іс-шара соңында екі тараптың барлық өнерпазына Қордай ауданы әкімінің арнайы сыйлығы берілді. 
Мұнан соң екі елдің өнерпаздарынан құралған қос команда кіші футболдан жолдастық кездесу өткізді. Футбол бәсекесі 2:2 есебімен тең аяқталды. 
Осылайша Қордай ауданының тұрғындары мен қонақтарына естен кетпес ерекше әсер сыйлаған халықаралық фестиваль жоғары деңгейде аяқталды. 

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар