Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Табиғатпен жаны егіз ғалым

Табиғатпен жаны егіз ғалым
Ашық дереккөз
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық акмеология және Қазақ халық экология академиясының академигі, «Ы.Алтынсарин» атындағы медальдің иегері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Нұрғали Сарыбеков (1934-1998) – бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, болашақ мұғалімдерді даярлауға арнаған ұстаз-ғалым.

1951-1956 жылдары сол кездегі Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің геология-география факультетінде оқыды. Жұбайы Жібек Өсімқызы екеуі Қазығұрт тауы баурайындағы Абай орта мектебінде мұғалімдік қызметін бастайды. Жастық от-жалынға толы сол жылдар ең бақытты кездердің бірі екен ғой. Ғылым жолындағы ізденіс оны үлкен мақсат-мұратқа бастады. 1968 жылы Ташкенттің Низами атындағы мемлекеттік институтының Ғылыми кеңесінде педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғайды. Сол жылдан бастап өмірінің соңына дейін Жамбыл педагогика институтында жемісті жұмыс атқарды. 1968-1971 жылдары институттың «Педагогика және психология» кафедрасының доценті, сырттан оқу факультетінің деканы болса, 1972-1994 жылдары кафедра доценті, 1995 жылдан «Педагогика» кафедрасының меңгерушісі, профессоры қызметтерін атқарды. Институтта бастамашылдықпен жігерлі жұмыс істеді. 1994 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік университеттің докторлық диссертациялық кеңесінде «Жалпы орта білім беру жүйесінде оқушыларды табиғат қорғауға дайындаудың педагогикалық негіздері» тақырыбында педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертациясын сәтті қорғайды. 1968-1998 жылдары 30 жыл бойы өзі ұйымдастырған «Экология және табиғатты қорғау» ғылыми-педагогикалық зерттеу орталығының меңгерушісі болды.Ғалым-ұстаздың ғылым жолы жеңіл болды дей алмаймыз. Ол өз алдына үлкен әңгіме желісі. Ал мектептен басталған ұстаздық-ғалымдық қызметінің жемісті болғанын шәкірттерінің жүрек лебізінен байқауға болады. 

Көрнекті жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт мектепте сабақ берген ағайын былай еске алады: «Нұрғали ағай!» Осы сөздерді айтқан кезде оның кез келген шәкірті, алдынан аз да болса дәріс алған адам толқымай-тебіренбей қала алмас. Нұрғали ағай сабақ берген әрбір ұл мен қыз, қазақ ұлтының қарадомалағы үшін осы екі сөзге бүкіл дүниежүзі, күллі әлем, Жер-анамыз бен Күн-анамыз сыйып жататын шығар десем, Жаратқан ием кешіргей. Себебі ол жер мен күнді, табиғатты, әрине, Жаратушыны сүйе білуге баулитындай талантқа ие тұлғалардың бірі-тұғын. Иә, осындай ұстаздардың болатыны – бақыт. Ұрпақтардың бақыты. Елдің, мемлекеттің бақыты», – деп толғанады.

Өзге ғалым-ұстаздардан Нұрғалидың артықшылығы да, ерекшелігі де осында болатын. Табиғат-ананы сүйді. Сол сүйіспеншілікті шәкірттерінің жүрегіне дарытуға ерен күш-жігерін арнады. Табиғатты сүйген адамның ақынжанды болмауы мүмкін емес. Базбіреулер үшін тау, тас, шөп, су, бұлақ жалпы атау, ұғым болса, Нұрғали аға үшін тұнып тұрған поэзия іспетті. Табиғаттың үніне құлақ түрді. Сыбдырынан рухани қуат алды. Тылсым тереңіне үңіліп, әрбір сәтінен сыр түюге асықты. Міне, осындай ерекше жаратылыс шәкірті, жазушы М.Байғұт жазғандай, шәкірттерінің жүрегіне қонып, үйлесіп жатса, бұдан артық шын ұстаз үшін мәртебе бар ма!? Нұрғали ағаның бақыты да осында. Ол бүкіл ғұмырында табиғатты сүйіп, аялап өтсе, сол үлкен жүрек толғанысын, махаббаты мен сүйіспеншілігін шәкірттерінің жүрегіне қондыруды мақсат тұтты. Оның педагогикалық жазбаларынан жазушыға тән зеректікті, ақынға тән сезімталдықты аңғарасың. Көкірекке түйген сырын әдемілеп, әсерлі жеткізуге шебер.

«Менің өзім апталап, айлап батқан күніңді, атқан таңыңды, ай мен жұлдыздар өрнектеген аспаныңды қызықтап, өсімдік сыбдырын, суыңның сылдырын, арқамнан сипаған самал желіңнің мейірімін, тоңқаңдап жүрген құрт-қоңыздарыңды, құстың үнін, аңның ізін, суда жүзген бақа мен балығыңның көлеңкесін көріп сусындап, тояттап қайттым. Бірақ та мен ешбір кезде сенің сұлулығыңа таңдануды, тамсануды қойған емеспін, қоюым да мүмкін емес. Себебі мен сенің төл балаңмын. Сенсіз менің күнім жоқ. Сен менсіз өмір сүре алғаныңмен мен сенсіз өмір сүруім мүмкін емес. Менің әзірге білерім осы», деп толғанады ұстаз-ғалым.Бұл оның жан сыры, өмірлік арман-мұратына айналды. Осы сырлы сезімін оқушылардың, студенттердің бойына сіңіруге тырысты. Сондықтан аудиториядағы лекция табиғат аясындағы саяхатқа жалғасатын. Табиғатты сүю, оны қорғау қажеттілігін айтудан өмірінің ақырына дейін шет қалмады. Табиғатқа жанашырлық көзқарасты ғылыми мақалаларында да, дәрістері мен ауызекі әңгімелерінде айтудан жалықпады. Адамзаттың табиғатқа үстемдік жасауының ақыры жақсылыққа апармайтынын айтты. Ал кешегі кеңестік кезең идеологиясы қандай еді. Ақын Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын, Жер, енді» поэмасы сол уақыттың саясатының көрінісі болатын. Адамзаттың табиғатқа деген ашкөздігінің салдары қандай екенін бүгінде жақсы біліп отырмыз. Академик Нұрғали Сарыбеков осыны жан-тәнімен сезініп, бүкіл ғұмырында дабыл қақты.

Табиғаттың тылсым сырына жастайынан құлақ түрген ол ел-жер тарихына жүйрік шежіре көңілін жазбаларында байқатады. «Біздің атамекеніміз, біздің әулет бастау алатын ел руы Қаратау өңірін жайлайды. Әулеттің арғы атасы – Алданазар батыр мен әжесі Мыңқой қысын қыстап, жазын жайлаған аймақты Жыланды деп атайды. Ол өзен бастау-бұлақ болып басталатын жерлерді Жыланды асуы, Бөкей тауы, Қызыл тас, Бүркіт ұя деп атайды. Сол алқапқа Қасқажол асуы, Кеңқарын мен Мыңшабыр жоталары, Шәулембас терең сайы, Қызылжол асуы, Қосшоқы төбелері, Омар мен Орынбай бұлақтары, Ұзынжота алқаптары кіреді. Одан бөлек бұл өңірде Бүйрекбастау, Қотырбұлақ деп аталатын көптеген су көзі мен Доланасай, Қоспа деп аталатын суы мол, жері шүйгін өңірлер бар. Осы алқапты арғы ата-бабаларымыздан бері бізге тікелей қатысы бар атамыз Қалдарбек, әжеміз Салтанат, олардың ұлдары Сапарбек пен Сарыбек, келіндері Қаныкүл мен Бекзада, кейінгі ұрпақтары біздер мекен еткенбіз», деп жазады.

Осындағы жер-су атауларына қарап таңданбасқа шараң жоқ. Қазақ неткен ақынжанды, шешен халық дейсің. Жер-су атаулары бірін-бірі қайталамайды. Жер бедерін соншалықты дәл де тапқыр бейнелейді. Ал осы ұлағатты тағылымды кейінгі ұрпаққа табыстаушы – ұстаз-ғалым Нұрғали аға. Сол өңірдің кейінгі ұрпағы осы жер-су аттарын біле ме екен?! Қасиетті Тараз бен Шымкент арасына жол тартқанда көкпеңбек тау жоталары жарысып отырады. Сай-сала, өзен-су, биік төбеге өрлеген қара жол қапталыңда қалып жатады. Қарайсың да сұлулығына таңдана, сұқтана көз тігесің. Бірақ сіз үшін ол тау мен төбе, сай мен жыра. Ал шын мәнінде,  қазақ ұлтарақтай жерді атаусыз қалдырмаған. Және оны келістіріп атай білген. Нұрғали ағамыз қазақтың сондай келісті жерін кейінгі ұрпаққа аманаттап хаттап береді. Осы жазбалардан педагогикалық толғам, оқырманына әсер ететіндей көркемдік, сезімталдық аңғарылады.Педагогикалық жазбалар кейінгі ұрпаққа ой салуымен, шыншылдығымен, көңіл толқынының шынайылығымен оқырманына әсер етеді. Л.Н.Толстойдың, К.Д.Ушинскийдің, В.А.Сухомлинскийдің, тағы басқа ойшылдардың педагогикалық жазбаларын қызыға оқисың. Ы.Алтынсариннің, А.Құнанбаевтың, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, тағы басқалардың педагогикалық ой-толғамдары қазақ қоғамы үшін күні бүгінге дейін маңызды. Өмір сүру – қуаныш. Ал сол өмірдің байыбына бару, алдыңа үлкен азаматтық міндеттер қою адамның мына тіршіліктегі жауаптылығын арттыра түседі. Жастық жалында өмірдің қаншама күш-қуаты жұтылып кетіп жатады. Осы ретте Нұрғали Сарыбеков ағамыздың өмір туралы өзіндік ой-толғамдары оқырманына ой салады. Өмірдің мәнін өзіндік көзқараспен бекітеді.

«Менің өмір сүру принциптерім:
Алдымда – арым, артымда (соңымда) – намысым, бойымда (болмысымда) – ата-ананың аруағы жүреді.Осы үш асылға сүйеніп, Жаратқанға жалбарынып, адал еңбекпен табысқа жетемін.Бұл принциптер мені өмір бойы алға жетелеп келеді. Осы принциптер менің – туым!» дейді. 

Ұстаз-ғалымның бүкіл азаматтық портреті осы өмір сүру принциптерінде бекітілген. Қазіргі уақытқа дейін өзекті. Баба рухынан күш-қуат алған қазақы болмыс. «Жаным – арымның садақасы» деп бабалар қалай терең айтқан! Абай айтпақшы, ар-ұят жүректің тазалығына бағытталса, намыс – қайрат. Өзгеге сенбе, өзіңе сен. Ата-баба аруағын құрметтеп, өмір бойы ұмытпай дұға жасау – адамдықтың, азаматтықтың белгісі.

Қазақ аруақты құрметтеген. Ата-анасына адал болу, қызмет жасау – қазақы болмыстың басты сипаты. Нұрғали аға осы үш асылға табан тіреген. Бүгінгі ұрпақ та осы үш асылға сүйеніп, қажымай-талмай еңбек етсе, мұратына жетеді. Педагогикалық толғам осылай қазіргі жас алдынан өріс ашады. Ғалым-ұстаз өмір формуласын, байыбын өзінше ұсынады. «Өмір формуласы: адам болу + маман болу+ аман болу = өмір». Осыған алып-қосарыңыз бар ма?! Жұмыр да шымыр ой орамдары емес пе? Формуланың әр бөлігінде салмақты ойлар жатыр. Табиғат жанашыры Нұрғали аға өлген соң да еліңнің ұмытпауын, есінде болуын табиғатпен байланыстыра сипаттайды.

«Көзіңді қалдыр – бұлақ көзін аша жүр!
Ізіңді қалдыр – жақсы істен мұра шаша жүр!
Өзіңді қалдыр – бақша өсіріп, жаса нұр!»
Бұл оның кешегі тіршілікте белсенді іс-әрекетімен, ғұмырлық мақсат-мұратымен, тәжірибесімен тікелей қабыса туындаған ой орамдары. Табиғатты көздің қарашығындай сақтауға бағытталған ізгі ойлары дүние қауымынан бастап, өз ауылының қарапайым тұрғынына дейін арналады.

«Ауыл азаматы, есіңде болсын,
Жолаушы, жадыңда сақта:
Өңір бастауы – өмір бастауы.
Бастау былғаған – өмірден құр қалған.
Ауызсу – өмір тірегі, оны таза ұстау –
Адамгершілік арыңмен өлшенетін парыз.

Жолаушы азамат!
Сенің адамгершілік қасиетің су көзін таза ұстауға қосқан үлесіңнен бағаланады».
Ғалымның ұғымында, табиғатты қорғау өзіңнің қолыңнан келетін, мүмкіндігің бар істі атқарудан басталады. Табиғатты қорғау – бүкілхалықтық іс. Өмір-тәжірибеден туындаған ой-маржандары осыны аманаттайды:

«Ханның қасында болғанша, бұлақтың басында бол».
«Бастау суалса – байлық суалады».
«Орман-тоғайлардағы аң-құстардың қашанда аман болып, тұқымы көбеюін ойлай жүру де – кісілік парыз».
«Менің мақсатым: шәкіртімді жан-жақты оқытып-тәрбиелей отырып, педагогика, табиғат «көлінің» тұңғиық тереңіне «итеріп» түсіріп жіберу. Ол осы мақсат тереңінен ел мен табиғатқа пайдасы тиер азамат болып қалыптасып, малтып шыға алса, менің арманымның орындалғаны».

Бірін-бірі толықтырып, тереңдетіп жататын осындай ғажайып ойлардан ғалым-ұстаздың бүкіл жандүниесін, болмыс-бітімін танисың. Жоғарыда айтылғандай, ұлы ақын Абай бар шындығын, мақсат-мұратын өлеңінде, қара сөзінде келісті айтса, ғалым-ұстаздың ой-толғамдарынан да жүрек шындығын, ақ адал пайымын аңғарасың. Әр шәкіртін өз баласыдай аялап, Алматыға жетектеп алып барып, кітапханаға – мол білімнің, ізденістің арнасына жетелеп, білім, ғылым деген алып мұхитқа салып жіберетін дарқандық – шын ұстаздың ғана қолынан келетін іс емес пе?! Осындайда «...Айналайын» деп аузын толтыра айтатын ақ жүрек лебізі, жарқын келбеті көз алдыңа келеді. Бір жағынан, «...Айналайын» Нұрғали ағаның барлық жамандық атаулыға қарсы қолданған қаруы іспетті.
«Өмір – сайыс, түйіндері мың орам,
Мейлі қиын болсын, жолым бұралаң.
Асылдарым сендерді алып тірекке,
Аттарыңды ұрпақтарға қалдырам», дейді ғалым-ұстаз. 

Табиғаттың бел ортасында болып, аялап, сүйіп өткен оның ой өрнегін, сезім толқынын кей сәтте қағаз бетіне түсіріп отыруы заңдылық. Мұндай өлең жолдары оның жазбаларында сақталып жатқан шығар. Бірақ қалай дегенде де табиғаттың тылсым сыры, ғажайып сұлулығы жайлы баяндамалары кейде стандартты баяндама тіліне, қалыбына келмей, толғанысқа бай, еркін ойлы болып келуі де – қасаңдықтан қашқан азат ойдың толғамы болатын.Енді бірде «Әр үйдің тірегі, жүрегі және тілегі болады. Тірегі – ері, жүрегі – жары, тілегі – бала-шағасы» деп ой түйеді. Өмірдің өзінен қорытылып шыққан аталы сөздердің мәні күн сайын арта түсуде. Табиғат-ананың көкейкесті мәселелері қазірде өткірлене түскен. Табиғат-анаға деген аяусыздық, ашкөздік тіпте еселене артып барады. Қарақан басының қамын, баюын ойлаған алпауыттар табиғаттың байлығына обырлана қол сұғып, өлшеусіз зияндар, адамзаттың келешегіне үлкен қауіп-қатерлер әкелуде. Айылын жияр емес. Соған орай тепе-теңдігі бұзылған жаратылыс та адамның шектен шыққан әрекетіне қарсы жауап бергендей, яғни бұрын көз көріп, құлақ естімеген дүлей табиғат апаттарын тосуда. Осындайда Нұрғали ағаның табиғатты қорғау, аялау жөніндегі ойларының, жанайқайының қаншалықты салмақты екендігі сезіледі. Халықтың келешегіне бағытталған жақсы іс, игі ой еш уақытта көнермейді. Нұрғали ағаның өмір толғамдарының ұлағаты осында.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
М.Х.Дулати атындағы 
Тараз өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар