Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әйелдер бизнес биігінде

Әйелдер бизнес биігінде
Ашық дереккөз
Кәсіпкерлік кеңістігінде әйелдердің үлесі жыл санап артып келеді. Бүгінде нәзікжандылар ашқан қаншама бизнес көпшілік тарапынан қолдау тауып, уақыт өткен сайын аудиториясын кеңейте түсуде. Облысымызда да кәсіпкерлік саласының көкжиегін кеңейтіп жүрген қыз-келіншектер аз емес. Облыста әйелдер басшылық ететін кәсіпкерлік субъектілердің үлесі 47 пайызды құрайды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Мен кәсіпкер» құралын іске асыру шеңберінде облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығында барлығы 274 қызмет және 672 әйелге 398 консультация көрсетіліпті. Сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мақсатында палатаның іскер әйелдер кеңесінің қатысуымен 2021 жылдан бастап «Бір ауыл – бір өнім» жобасы іске асып келеді. Жобаның мақсаты – сертификаттаудан өткен және нарықтық тартымдылығы бар бірегей сапалы өңірлік өнімді жасауға ауыл тұрғындарын тарту. Жоба ең перспективалы тауарларды анықтауға мүмкіндік береді. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар мен құралдар» тақырыбындағы конференцияда: «Еліміздегі шағын және орта бизнес саласында еңбек ететін әйелдердің үлесі 43 пайыздан асты. Жеке кәсіпкерлердің тең жартысынан көбі – өздеріңіз сияқты қыз-келіншектер. Біз еліміздің дамуына белсене атсалысып жүрген осындай іскер аруларымызға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Таяуда әйелдер кәсіпкерлігін жандандыру мақсатымен еліміз бойынша 17 орталық ашылды. Осы орталықтар сіздердің бизнестегі жаңа идеяларыңызды іске асыру үшін жұмыс жүргізетін болады», – деп, қазір басшылық қызметтегі әйелдердің де қатары көбейіп келе жатқанын айтты.

Бір ғана мысал, «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурсымен бірлесіп жыл сайын көрме өткізіледі. 2023 жылы көрмеге 50-ден аса кәсіпкер әйел қатысты. Байқау қорытындысымен 3 финалист іріктеліп шықты. Атап өтер болсақ, сабын, сусабын өндіретін жамбылдық «Береке» жеке кәсіпкерлігі. Иесі – Жадыра Егеубаева. Екіншісі кептірілген қауын өндіретін «Берекелі бақ» жеке кәсіпкерлігі. Иесі – Бақыт Мажинова. Үшінші жеңімпаз кептірілген көкөністер өндіретін – «Сырым» жеке кәсіпкерлігі. Қожайыны – Амирова Күнсая. 

Биыл көрме шілде айында өтеді деп жоспарланып отыр. Оған облыстың барлық ауданынан 40-қа жуық кәсіпкер қатысады деп күтілуде, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Айдар Абдықадыров. 


«Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында 2,9 мың әйел оқып, білім алған. 2022 жылдың наурызында кәсіпкерлер палатасының базасында елдің барлық өңірінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 17 орталық ашылды. Бұл орталықтар кәсіпкер әйелдерге қаржылай емес қолдау көрсету алаңына айналды. 7,3 мыңнан астам әйел консультация алды, 21,5 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Сонымен қатар іскер әйелдер кеңесі 170 жас кәсіпкерді тәлімгерлікпен қамтамасыз етті.

– Тәлімгерліктің тиімді тұсы көп. Жас кәсіпкерге немесе ісін енді ғана аяққа тұрғызып жатқан кәсіпкерге қаншама жылдық тәжірибесі бар бизнесмен тәлімгерлік етеді. Осы әдіс енгелі бері кәсібін жабатындар азайды. Бизнес-жоспар жасау, бухгалтерлік есеп, істі алға жылжыту бойынша күнделікті менторлық ету – өз жемісін беруде, – дейді Айдар Қайнарұлы.


Бүгінгі таңда ел Президентінің оңтүстік өңірлерді индустрияландыру қажеттілігі туралы тапсырмасы аясында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы «ТаразКожОбувь» ЖШС мен жеңіл өнеркәсіпте кластер құру бойынша ірі бизнес пен шағын бизнесті өндірістік кооперациялаудың пилоттық жобасын  іске асыруда. Кластер құру аясында «ТаразКожОбувь» ЖШС-мен палата, жеңіл өнеркәсіп қауымдастықтары мен қолөнершілер қауымдастығы арасында үшжақты меморандумға, сондай-ақ оларды іске асыру жөніндегі Жол картасына қол қойылған.

Осы құжаттар шеңберінде «ТаразКожОбувь» ЖШС қаланың тігін компанияларына былғары және галантерея бұйымдарын өндіру бойынша аралас кәсіпорындарды ашу бойынша кластер құруға, оның ішінде оқыту және субконтракция тетігі шеңберінде көмек көрсетуге және қолдауға жәрдемдесетін болады. 30-ға жуық әйел «ТаразКожОбувь» ЖШС-мен ынтымақтасуға ниет білдірді, ол жұмыс істеп тұрған шағын тігін цехтарына, оның ішінде тұрақты жұмысы мен табысы жоқ әйелдерге, яғни ХӘОТ санатына аяқкиімнің үстіңгі дайындамаларын жинау бойынша жұмыс көлемінің бір бөлігін беруге дайын.

«Әйел – кәсіпкер», «Әйел – саясаткер», «Әйел – іскер». Қалай дегенде де әйелдер бизнесі – мемлекеттің тірегі боп тұр.

Эльмира Байназарова 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар