Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Даму» қорының қолдауы қомақты

«Даму» қорының қолдауы қомақты
Ашық дереккөз
Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге немесе кәнігі майталман бизнесмендерге мемлекеттің қолдауы аса маңызды. Түрлі жеңілдетілген несиелер кез келген кәсіпкер үшін ауадай қажет. Өңіріміздегі «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының осы орайда кәсіпкерлерге көмегі орасан.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы 1997 жылы құрылды. Бүгінде филиалдары Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істейді. Қордың басты миссиясы – шағын және орта бизнесті дамыту. Қор биылғы жылдың ақпан айынан бастап отандық кәсіпкерлерді қолдауға арналған жаңартылған «Бірыңғай кешенді бағдарламаны» жүзеге асыра бастады. Бағдарлама экономиканы қаржыландырудың балама жолы ретінде қор нарығын дамытуды көздейді. Кешенді қолдау шаралары кәсіпкерлікті қолдауға арналған бұрынғы бағдарламаларды жетілдірді. «Микрокәсіпкерлік», «Шағын және орта кәсіпкерлік», «Өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету саласындағы шағын, орта және ірі кәсіпкерлік», «Моно және шағын қалалар, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік», «Әлеуметтік кәсіпкерлік», «Қор биржасы» сынды 6 бағыт бойынша қолдау көрсетеді. Бағдарлама аясында өңдеу өнеркәсібі, агросаладағы қайта өңдеу және жоғары технологиялық қызметтегі жобалардың несие мөлшерлемесін субсидиялауға басымдық беріліп, сараланған әдіс пайдаланылады. Бағдарлама бойынша алғашқы 3 жыл кәсіпкер несиесін 8 пайызбен, төртінші жылдан бастап 9 пайызбен, бесінші жылдан бастап 10 пайызбен төлейді. 

– Облыста бүгінгі күні қордың қатысуымен кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бірқатар бағдарлама жүзеге асырылады. Атап өтсек, «Өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлерді қолдау», «Даму оптима», «Аймақтық береке» бағдарламалары көптің кәдесіне жарауда. Сонымен қатар басым жобаларды несиелеу және қаржылық лизингке беру тетігі «Бірыңғай кешенді бағдарламаға» біріктірілді. «Бірыңғай кешенді бағдарлама» шеңберінде қордың пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау және несиелерге ішінара кепілдік беру құралдары арқылы кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсету қарастырылған. Кәсiпкерлiк субъектiсi үшiн сыйақы мөлшерлемесiнiң бөлiгiн субсидиялау мөлшерi жылдар бойынша және экономика салаларының басымдылығына байланысты белгiленедi. Бізде 15 миллиард теңгеге дейінгі сомадағы синдикатталған кредиттерді субсидиялау мүмкіндігі қарастырылған. Субсидиялау шарттары экономика салаларының басымдылығына байланысты белгіленеді.Жоғарыда аталған 6 бағыттың біріншісі – «Шағын кәсiпкерлiктi қолдау» бағыты бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7-8 пайызды құрайды. Ал кепiлдiк сомасы 20 миллион теңгеге дейiнгi несие сомасының 85 пайызына дейін. «Шағын және орта бизнесті қолдау» атты екінші бағыты бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 8-10 пайыз, кепілдік сомасы 360 миллион теңгеге дейінгі несие сомасының 85 пайызына дейін. Жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін 50 пайызға дейін, жұмыс істеп тұрғандар үшін 1,5 миллиард теңгеге дейін. «Шағын, орта және ірі бизнесті қолдау» атты үшінші бағыты бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылына 8-10 пайызды құрайды, ал кепілдік сомасы несие сомасының 50 пайызына дейін. 3,5 миллиард теңгеге дейін алуға болады, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры облыстық филиалының клиенттермен жұмыс бөлімінің бас менеджері Бағдат Рахымбердиев.

Ал «Моно және шағын қалалардағы, ауылдық елді мекендердегі кәсіпкерлік» бағыты бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылына 7-10 пайызды құрайды. Кепілдік сомасы несие сомасының 85 пайызына, яғни 360 миллион теңгеге дейін алу мүмкіндігі бар. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін 1,5 миллиард теңгеге дейін алуға болады. Жеке кәсіпкер Юлия Цой «Даму» қорының қолдауының арқасында 2001 жылдан бері ісін дөңгелетіп келеді. Кәсіпкер «Coffeе-Coffee» балалар ойын-сауық кешенін ашқан. Ғимаратта үлкен кең зал, жазғы терраса мен мейрамхана, 3-тен 12 жасқа дейінгі балаларға арналған үлкен ойын алаңы, 0-ден 3 жасқа дейінгі балаларға арналған шағын ойын алаңы, VIP-кабиналар халыққа қызмет көрсетеді. Онда ата-аналар балаларының туған күндерін немесе кез келген мерекені тойлай алады. Юлия Цой 2023 жылы 8 жастан асқан балалар үшін компьютерлік клуб ашуды көздейді. Себебі ересек балалардың ойын алаңында ойнауға қызығушылығы бола бермейді. Осы мақсатта Юлия Дмитриевна «Даму» қорының облыстық филиалынан толық кеңес алып, «ForteBank» акционерлік қоғамына несие алу үшін жүгінген. Несиенің пайызын «Даму» қоры «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында субсидиялайды. 

– 2023 жылдың басынан бастап «Даму» қорының қолдауымен «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында 2006 жаңа жоба пайдалануға берілді. 592,7 миллиард теңгеден астам қаражат құрылысқа, реконструкцияға, жаңғыртуға, жабдықтар сатып алуға және айналым қаражатын толықтыруға жұмсалды.Негізінен жаңа жобалар азық-түлік, құрылыс материалдары, жиһаз және басқа да тауарлар өндіретін өңдеу өнеркәсібі секторында іске қосылды. Кәсіпкерлері салалық шектеулерсіз және ең төмен пайыздық мөлшерлемемен мемлекеттік қолдау ала алатын моноқалалар мен ауылдарда шағын және орта бизнес автоматты түрде дамиды. 2023 жылдың басынан бастап қазірге дейін 602 жоба іске қосылды, оның 462-сі ауылдарда, 140-ы моноқалаларда, – дейді Бағдат Рахымбердиев.


Тағы бір «Дамудан» өз үлесін алған жамбылдық «VESTRI MEDICUS» медициналық орталығын 2020 жылы дәрігер Айнұр Абдурасилова ашқан. Айнұр оны жұбайымен бірге басқарады. Медициналық орталық аптаның алты күнінде екі ауысымда сағат 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Халық тарапынан білікті диагностикаға әрқашан сұраныс жоғары. Әсіресе ультрадыбыстық зерттеу мен әр саланың өз мамандарына қаралғысы келетіндер легі азайған емес.

– Заманауи ультрадыбыстық зерттеу аппаратын сатып алу керек болған кезде «Даму» қорының қолдауына жүгініп, мамандардан тиісті кеңестер алдым. Осылайша «ForteBank» акционерлік қоғамынан несие алдым. Жаңа аппарат алудың арқасында жұмыс ауқымымыз да кеңейді. Жаңа жұмыс орнын ашып, пациенттерге дәл диагноз қоюға мүмкіндік берді, – дейді дәрігер Айнұр Дәулетқызы.


Сәуір айынан бастап «Halyk Bank» пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қазақстандық кәсіпкер арулардың бизнесін жеңілдікпен қаржыландыруға бағытталған «Үміт» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 5,5 миллиард теңге бөлді. «Үміт» бағдарламасы аясында Қазақстанның іскер әйелдері 100 миллион теңгеге дейінгі қаржыны 7 жылға дейінгі мерзімге 16,5 пайызбен ала алады. Несие инвестиция және айналым қаражатын толықтыруға беріледі.

Эльмира Байназарова 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Менің Әкем майдангер
Алдыңғы мақала
Менің Әкем майдангер

Ұқсас жаңалықтар