Бүгін, 4 маусым – Мемлекеттік Рәміздер күніне орай Сарысу ауданының орталығы – Жаңатас қаласында ұлттық нышандарымызды ұлықтайтын үлкен іс-шаралар легі өтті, деп хабарлайды Arainfo.kz тілшісі.
Күн ерте көк туын көкке көтерген қаршадай баладан қазыналы қарияға дейін орталық алаңға жиналып, әуезді Әнұранды бірге шырқады. Салтанатты жиынға қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов айтулы мерекемен барша сарысулықтарды құттықтап, өскелең ұрпақты мемлекеттігіміздің негіздерін қашан да қастерлеуге шақырды.
«Елтаңба, Ту, Гимн қазақ елінің барша болмысын, бүгіні мен ертеңін бойына сіңіріп, жүрегімізді мақтанышқа толтырады. Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Сондықтан, рәміздерді жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңсесі биік азаматтары қалыптасады. Әнұранның орындалуы мен Көк байрақтың көтерілуі жастар бойындағы елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық сезімдерін нығайта түсетіндігіне бек сенімдіміз», - деді аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы өз құттықтауында.
Патриоттық сипатқа ие іс-шара барысында атқа қонған аудан азаматтары моноқаланың басты көшелерімен көк байрағымызды алып өтті.
Сондай-ақ бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің терезелеріне Мемлекеттік Ту ілініп, рәміздерге құрмет көрсетілді.