Форумға Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің қызметкерлері, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми - практикалық орталығы» мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері, тіл жанашырлары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қатысты.
Басқосуды халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым және білім мәселелері жөніндегі вице-президенті, Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Шерубай Құрманбайұлы жүргізіп отырды. Ұстаздарға әдістемелік қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беруді мақсат еткен жиында алғаш сөз сөйлеген облыс әкімдігі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев мемлеттік тілдің өңірдегі ахуалына кеңірек тоқталды.
– Әулиеата жері қазақтың қара сөзінің қадірін алысқа жеткізген, ана тілінің қадірін арттыру үшін табандылықпен күрескен ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлының, халқымыздың ой-санасының алтын дәптеріне әр сөзін шегендеп жазған халық жазушысы Шерхан Мұртазаның, ұлтының үкілеген үмітін жырға қосқан мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың туған топырағы. Осынау ұлт зиялылары ана тілінің қадірін арттыра отырып, бүгінгі ұрпағына сан ғасырлар азық болатын қанатты сөздер, ғибратты ойлар қалдырды. Бүгінде бұл жолды жалғастырған 2 776 қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері білім саласында табанды еңбек етіп келеді. Оның ішінде қазақ тілінің мәртебесін арттыруды көздеп, ұстаздық жолында жүрген өзге этнос өкілдері де бар, – деді Лесбек Құралбайұлы.
Сондай-ақ, форумда қазақ тілінің ұлттық мазмұны мен мемлекеттік мәртебесі жайында баяндама жасаған мемлекет және қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы тіл үйрету ісіндегі ұстаздың маңызды рөлі жайында сөз қозғады.
– Әр мұғалім мемлекеттік тілді насихаттауды өз пәнін қызықты етіп оқытудан бастауы керек. Сонда ғана пән мұғалімдерінің мәртебесі артып, шәкірттерінің ана тіліне деген құрметі күшейеді. Бұл істе ұстаздардың жаттанды методикадан арылып, жеке ізденіс нәтижесінде жаңа әдіс-тәсілдерге ұмтылуы маңызды. Мысал ретінде өз шәкірттеріңіздің аты-жөні, олар тұратын мекен-жай атауларының қандай мағынаға ие екендігін сұрасаңыздар да жеткілікті. Бұл бүлдіршіндердің сана-сезіміне әсер етіп, білімге деген қызығушылығын арттырары анық, – деді О.Асанқазы.
Бұдан өзге форумда Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы Талғат Жакенов, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті - Рауан Кенжеханұлы оқулықтардағы тіл мәселесі, бастауыш сыныптағы оқу сауаттылығы жөнінде пікір білдіріп, сала бойынша туындаған сұрақтарға жауап берді. Айта кету керек, республикалық форум елімізде төртінші мәрте өткізілуде. Бұған дейін ұстаздар жиыны Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақтан облыстарында өткен.
Бар жақсылық - балаларға!
Ұқсас жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024