Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы

Кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы
Қылмыс - адамның заңда белгіленген шектен шығуы кезіндегі әлеуметтік принциптерді құрметтемеудің төтенше түрі.

Қарапайым жасөспірімнің қылмыс жасауы жасөспірімнің рұқсат етілген шектен әлдеқайда шығып кетуін көрсетеді. Бірақ бірден моральдық тұңғиыққа бату жоқ. Сондықтан жасөспірімді құқық бұзушылыққа немесе қылмысқа итермелеген себептерді анықтау маңызды.

Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың себептері келесідей:

Отбасылық қиындықтар (әлеуметтік төмендік). Отбасы – жас ұрпақты әлеуметтендірудің ең маңызды институты. Ол баланың өмірі мен дамуының жеке ортасы. Қандай да бір қоғамдық немесе мемлекеттік мекеме болсын, белгілі бір жас кезеңінде тұлғаның даму тиімділігінде шешуші рөл атқара алмайтыны белгілі. Толыққанды отбасының болмауы, яғни отбасында ата-анасының (не екеуі, не бірінің) болмауы немесе отбасылық дисфункция бала өмірінде және оның тұлғалық қалыптасуында нақты қиындықтар тудыратын бірден-бір фактор. Қоғамның әлі күнге дейін жеңе алмай келе жатқан күресі осы.

Қолайсыз өмір сүру ортасы. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың орын алуына жиі себеп болатындарың бірі осы. Көп балалы отбасының шағын отбасына айналуы, бір балалы және толық емес отбасылардың көбеюі, отбасы мүшелері арасындағы өзара ұйымдастықтың жоқтығы әлбетте, баланың үйден емес, түзден, яғни сыртқы ортадан қарым-қатынас іздеуіне мұқтаждықты қалыптастырады. Өз отбасында ата-анамен байланыс, олардан тәлім-тәрбие, дұрыс бағыт алып өспеген бала қанша жерден жақсы болсын, озат болсын, мектебінде де қоршаған ортасында өзін нашар сезініп, оқшаулана бастайды. Міне, осыдан отбасы мен мектептің еркінсіздігін тастап, бейресми топтың еркінсіздігіне тап болады.

Бұқаралық ақпарат құралдары. Бұқаралық ақпарат құралдарының балаларға әсері туралы айтатын болсақ, ең алдымен олардың ақпараттық әсерін атап өту керек. Олар білім беру ұйымдарындағы білім беру жүйесінен айтарлықтай айырмашылығы бар бейресми білім беру жүйесін құрайды.

Кино мен теледидар агрессивті мінез-құлық дағдыларын дамытудың күшті көздері болып табылады. Теледидар арқылы балалар мен жасөспірімдер үйден шықпай-ақ агрессияның кең ауқымын үйренуге көптеген мүмкіндіктер алады. Бүгінде қоғамдық даму мен әлемдік жетілудегі технолизацияның «арқасында» кино мен теледидардың орнын интернет пен әлеуметтік желі тетіктері алмастырып, зардабын еселеп таттыруда.

Арандатушылық. Жасөспірімдердің көбі өздерінен үлкендердің ықпалымен қылмыстарға баратыны белгілі. Арандатушылық - ол тек үгіттеу ғана емес, сонымен қатар, қылмысқа тарту, құқықбұзушылық жасауға итермелеу. Арандатушылар - кез келген әдіспен кәмелетке толмағандарды өздеріне, не белгілі бір нәрсеге тәуелді етуге, оларды «жалған романтикаға» жетелей отырып өмірлерін бос жүріспен, маскүнемдікпен және нашақорлықпен бүлдіруге тырысады.

Құқықтық сауаттылықтың төмендігі немесе тіпті жоқтығы. Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық пен қылмыс жасау себептерінің бірі - құқықтық сауатсыздық. Жасөспірімдер кейбір моральдық тыйымдардың заңмен бекітілгенін ешқашан біле бермейді. Көптеген әрекеттер моральдық тұрғыдан қабылданбайды. Ал оның салдары заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Ұрлық, тонау, бұзақылық, рэкеттік әрекет, дене жарақатын келтіретін төбелестер, азаптаулар - мұның барлығы да көбіне өз ісіне жауапкершілікпен қарамайтын және жасағалы тұрған әрекетінің салдары неге әкеп соғатынын түсінбейтін, түсінсе де ойламайтын жасөспірімдердің тірлігі.

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысқа 14-18 жас аралығындағы адамдар жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар жатады. Соңғы 10 жылда кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың «жасару» процесі жүріп жатыр: 14-15 жас аралығындағы жасөспірімдердің қылмыстық әрекеті            16-17 жас аралығындағыларға қарағанда айтарлықтай жоғары.

Жалпы, қылмыс сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесіне қарай онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр қылмыстар болып төрт түрге, яғни санаттарға бөлінеді. Бұл Қылмыстық Кодекстің 11-бабында көрсетілген.

Онша ауыр емес қылмыс дегеніміз – ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру екі жылдан аспайтын қасақана, сонымен қатар бес жылдан аспайтын абайсызда жасалған іс-әрекет.

Ауырлығы орташа қылмыс – ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру бес жылдан аспайтын қасақана және бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген абайсызда жасалған іс-әрекет.

Ең ауыр жаза бас бостандығынан айыру он екі жылдан аспайтын қасақана жасалған іс-әрекет ауыр қылмыс, ал он екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген қасақана жасалған іс-әрекет болса, ол аса ауыр қылмыс деп танылады.

Енді қылмыс жасаудың салдарына тоқталсақ...

Қылмыстық жауапкершілік – кез-келген адамның істеген қылмысына жаза түріндегі, заң алдында міндетті жауап беруі. Ал, кəмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігі оларға қолданылатын қылмыстық заңдардың ерекшеліктерімен ерекшеленеді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 80-бабында көзделгендей, кәмелетке толмаған деп қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытқа қарай жасы он төртке толған, бiрақ он сегiзге толмаған адамдар танылады. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмағандарға жаза тағайындалуы мүмкін не оларға белгілі бір орындарға баруына тыйым салу, тәуліктің белгілі бір уақытынан кейін үйден тыс жерде болуды шектеу, мамандандырылған мемлекеттік органның рұқсатынсыз басқа жерлерге шығуын шектеу сияқты тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін.

Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза түрлері (81-бап):

  1. белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру;
  2. айыппұл;
  3. түзеу жұмыстары;
  4. қоғамдық жұмыстарға тарту;
  5. бас бостандығын шектеу;
  6. бас бостандығынан айыру болып табылады.

Кәмелетке толмағандарға белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру бір жылдан екі жылға дейін мерзімге тағайындалады.

Айыппұл кәмелетке толмаған сотталған адамның дербес табысы немесе өндіріп алуға жарайтын мүлкі болған жағдайда ғана тағайындалады. Айыппұл айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) бестен бір жүзге дейінгі мөлшерінде тағайындалады.

Түзеу жұмыстары дербес табысы немесе өзге тұрақты кірісі бар кәмелетке толмағандарға айлық есептік көрсеткіштің бестен бір жүзге дейінгі мөлшерінде тағайындалады.

Қоғамдық жұмыстарға тарту он сағаттан жетпіс бес сағатқа дейінгі мерзімге тағайындалады, ол кәмелетке толмаған адамның қолынан келетін жұмыстарды орындауы болып табылады және ол оны оқудан немесе негізгі жұмысынан бос уақытында орындайды. 16 жасқа дейінгі адамдардың бұл жаза түрін орындау ұзақтығы – күніне екі сағаттан, ал 16-дан 18- жасқа дейінгі адамдар үшін күніне 3 сағаттан аспауы керек.

Кәмелетке толмағандарға тағайындалатын бас бостандығын шектеу жазасының мерзімі бір жыл төрт айдан аспайды, ал шартты түрде тағайындалған жаза кезінде бір жылдан аспайтын мерзім белгіленеді.

Кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру – он жылдан аспайтын, ал ауырлататын мән-жайлар кезінде адам өлтіргені немесе терроризм актісі үшін не қылмыстық құқық бұзушылықтардың біреуі ауырлататын мән-жайлар кезінде өлтіру немесе терроризм болып табылатын олардың жиынтығы бойынша он екі жылдан аспайтын мерзімге тағайындалуы мүмкін. Онша ауыр емес қылмыс немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес ауырлығы орташа қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру тағайындалмайды. Кәмелетке толмаған сотталғандар бас бостандығынан айыруды кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейді. Кәмелетке толмағандарға өмір бойына бас бостандығынан айыру және өлім жазасы қолданылмайды.

Кәмелетке толмағандарға қатысты істі қарау және жаза тағайындау кезінде сот оларды Қылмыстық Кодекстің 68-бабында көрстелген талаптар негізінде татуласуға байланысты жауаптылықтан босатуы мүмкін.

Қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа, сондай-ақ адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруімен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмағандар, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтірілген зиянды қылпына келтірсе, қалмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Бірақ қылмыстық жауаптылықтан босату кезінде сот кәмелетке толмаған адамға бір жыл ішінде тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шараларын қолданады.

Тәрбиелік мәжбүрлеу шаралары - ескерту, ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға қадағалауға беру, келтірілген зиянды қалпына келтіруді міндеттеу, белгілі бір орындарға баруға тыйым салу, тәуліктің белгілі бір уақытынан кейін үйден тыс жерде болуын, мамандандырылған мемлекеттік органның рұқсатынсыз басқа жерлерге баруын шектеу болып табылады.

Кәмелетке толмағандар қылмыстық құқықтың ерекше субъектілері болып табылады. Қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекет жасаған баланы сот жазадан босатқан кезде тәрбиелік ықпал етудің мәжбүрлеу шараларын қолдану  аясында оларды арнайы оқу-тәрбие мекемесіне орналастыруы мүмкін. Шешім қабылдаған кезде судья әр жағдайда баланың өмір сүру деңгейіне мән береді. Баланың бос уақытын өткізуі, сабақ үлгерімі, тіпті ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін де зерттейді. Бұның барлығы құқыққа қарсы іс-әрекетке барған баланың қылмыс ортасына қайта оралмауы үшін зерделенеді.

Қазақстан Республикасында қабылданған заңдар мен құқықтық актілер еліміздің Конституциясына қайшы келмеуі керек екендігін тайға таңба басқандай атап өтуіміз қажет. Азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтары әр адамға туғаннан бастап тиесілі. Конституциямыздың негізінде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын тек конституциялық құрылыстың негіздерін, адамгершілікті, денсаулықты, басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, елдің қорғанысы мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ғана шектеуге мүмкіндік береді.

Расында кәмелетке толмағандардың қылмысы қазіргі кездегі ең маңызды және өзекті мәселелердің бірі болып табылады, өйткені ол жас ұрпақтың физикалық және рухани болмысына теріс әсер етеді және осылайша қоғамның дамуын тежейді. Жасөспірімдердің қылмысы бұл үлкен институт. Сондықтан да кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігі білікті заңгерлердің егжей-тегжейлі арнайы зерттеуінің тақырыбы болып табылуы тиіс.

Қылмыстық жазаны тағайындаудың басты мәні – кәмелетке толмаған құқық бұзушыларды түзету және қайта тәрбиелеу. Алайда, олардың болашақта қандай жолды таңдайтынын ешкім нақты айта алмайды. Сондықтан да біз олардың болашағына сеніммен қарауымыз қажет. Бұл мемлекеттік мәжбүрлеу органдарының құзырындағы ғана мәселе емес. Сол үшін бүкіл жұртшылықпен белсенді алдын алу қызметін жүргізу мәселесін бірінші орынға қоюға ықпал етуіміз қажет.

 

Айгүл Бексұлтанова

Жамбыл облыстық сотының судьясы

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар