Үш елді мекеннен құрылған округте 10 776 тұрғын тату-тәтті тұрмыс кешуде. Округ әкімі алдымен өнеркәсіп, кәсіпкерлік, туризм салаларындағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Ойтал ауылдық округінде жұмыс істеп тұрған «Меркі қант зауыты», «Меркі ірімшік зауыты», «Астық Меркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен септігін тигізуде. «Меркі ірімшік зауыты» биылғы 4 айда 217 теңгеден 1 707 тонна сүт қабылдап, 397 тонна сүт өнімін өндірді. «Меркі қант зауыты» қант қамысын өңдеуге дайындық жұмыстарын жүргізуде.Ауылшаруашылығы саласында 46 миллион теңгеге инвестиция тартылды. Меркі стансасы, М.Шоқай көшесінің бойында 25 миллион теңгеге көлік жуу орны ашылды. Сондай-ақ Желтоқсан көшесінің бойынан 15 миллион теңгеге 2 қабатты дүкен соғылып, 3 адам жұмыспен қамтылды. Кәсіпкер Е.Қалысбаев 670 миллион теңгеге спорт-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізді. Алдағы уақытта 15 адам жұмыспен қамтылатын болады. 2024 жылдың 4 айының нәтижесі бойынша кәсіпкерлік саласында 710 миллион теңгеге инвестиция тартылды және 20 жұмыс орны ашылды, – деді Арман Рахимбеков.
Округте 28 шаруа қожалық тіркелген. Шаруашылықтардың басым көпшілігі егіншаруашылығымен айналысады. Көктемгі дала жұмыстары кезінде бидай 1 649, арпа 607, қызылша 575, жаңа жоңышқа 21,5, жүгері 548 гектарға себіліпті.
– Сонымен қатар 128 тонна жаздық арпа тұқымы зертханада тексеріліп, себілді. Жоспар 100 пайызға орындалды. 282 тонна минералды тыңайтқыш алу жоспарланып, бүгінгі күнге дейін нақты алынғаны 700 тонна. Көктемгі-күзгі дала жұмыстарына бөлінген 123 тонна дизель отынының 56 тоннасы игерілді. Ауылшаруашылық техникаларын жаңарту бойынша жоспар әзірге 54,5 пайызға орындалды. Жылдық жоспар 11 техника болса, қазірге дейін 6 техника алынды. Биыл 700 гектар егістік алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Бүгінгі күнге «Мыхан-Орда» серіктестігі және «Нұр-Сұлтан» шаруа қожалығы жаңбырлатып суару технологияларын орнатып, жоспар толығымен орындалды.
Сондай-ақ округте 2 182 мүйізді ірі қара, 14 188 қой-ешкі, 951 жылқы, 3 225 құс тіркелген. 4 айда 27 тонна сүт пен 32 тонна ет өндірілді.Округімізде омарташылықпен айналысатын 45 жеке кәсіпкер бар. Тіркелген омарташылардағы балара ұяларының саны өткен жылы 6 587 болса, биыл 7 495-ке жетті. Сонымен қатар 18 омарташы мемлекет есебінен 42 миллион 770 мың теңге көлемінде субсидия алды, – деді округ әкімі.
Келесі кезекте құрылыс, ауызсу жүйесі, газдандыру, жол мәселесіне тоқталған баяндамашы округ бойынша 69 көшенің 58-і асфальтталғанын, қалған 11 көшені асфальттауға аудандық бюджеттен 70 миллион 690 мың теңге қаражат қарастырылғанын жеткізді.
Ауылдық округтегі Меркі стансасы, Ойтал, Мыханды секілді 3 елді мекен табиғи газбен қамтылған. 2 605 үйдің 2 558 ауласы (98,2 пайыз) көгілдір отынмен қамтылған. 2 605 ауланың 1 628-і орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған.Мұнан соң Арман Байетбайұлы абаттандыру және көгалдандыру, білім саласы, әскери қызмет туралы атқарылған жұмыстар, әлеуметтік салаға тоқталды.
Айжан ӨЗБЕКОВА